Нью-Йорктегі Артур Эш атындағы аренада теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігінің әйелдер және аралас жұптар арасындағы бәсекесінің жеңімпаздары анықталды.
Финляндиялық Харри Хелиёваарамен жұп құрған 28 жастағы жерлесіміз Анна Данилина ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бастапқы бәсекелерде Николь Меликар (АҚШ) Мэттью Эбден (Аустралия) мен Алисия Паркс Денис Кудланы (АҚШ) қапы қалдырған олар ширек финалда Сюй Ифань (Қытай) Йоран Флигенді (Бельгия) шаң қаптырды. Жартылай финалда Эна Сибахара (Жапония) Мате Павич (Хорватия) жұбын жеңсе, финалда америкалық Джессика Пегула мен Остин Крайчекке қарсы ойнады. 1 сағат 15 минутқа созылған бәсеке 6:3, 6:4 есебімен Анна мен Харридің пайдасына шешілді.
Өткенге зер салсақ, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде санаулы ғана отандасымыз бас жүлдені олжалағанын аңғару қиын емес. Жұптық бәсекеде Ярослава Шведова 2010 жылы Уимблдон мен АҚШ-тың ашық біріншілігінде (2022 жыл) топ жарды. Былтыр Елена Рыбакина жекелеген сайыста Уимблдонның жеңімпазы атанды. Міне, енді олардың қатарына Анна Данилина қосылып отыр. Ол – миксте мерейі үстем болған еліміздің тұңғыш теннисшісі. Сол себепті де Аннаның бұл жетістігін тарихи жеңіс деп бағалаған жөн. Құтты болсын, Қазақ елі!
Әйелдердің жекелеген сынында бас жүлдені америкалық Кори Гауфф пен беларусьтік Арина Соболенко өзара сарапқа салды. 1 сағат 6 минутқа созылған бәсеке 2:6, 6:3, 6:2 есебімен АҚШ теннисшісінің жеңісімен ақталды. 19 жастағы Гауффтың бұл – «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердегі алғашқы жеңісі.
Ал Италияның Бари қаласында өтіп жатқан WTA 125 турнирінің ширек финалында Жібек Құламбаева мен франциялық Кароль Монне жұбы Марина Бассольс (Испания) Лаура Пигоссиді (Бразилия) ұтып, жартылай финалда Монне Валентини Грамматикопулу (Грекия) Эликсан Лечемиямен (Франция) шеберлік байқасты.