Енді күзгі әскерге шақыру үшін әскери міндетті жастарға SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Шымкент қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев ҰҚК Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші командасын салтанатты түрде жіберу рәсімінде хабарлады.
Осы күзде Шымкенттен 900-ден астам азамат әскери қызметке шақырылады. Ал алғашқы лекте 26 жас сарбаз әскерге жіберілді. Бірінші команданы салтанатты түрде шығарып салу қалалық қорғаныс істері департаментінің саптық алаңында өтті. Әскерге шақырылушыларды осы маңызды оқиғамен құттықтауға қалалық ардагерлер ұйымының өкілдері, жалпы білім беретін мекемедегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері, әскери полиция бөлімінің өкілдері, гарнизонның әскери оркестрі және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеген, Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев барлық уақытта мемлекет алдында елдің қауіпсіздігін, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз етудің міндеті тұратынын атап өтті.
«Отаны мен халқын қорғау ер азаматтың қасиетті парызы, бұлжымас борышы болып саналады. Біздің басты міндетіміз – ата-бабамыз қалдырып кеткен ұлан-ғайыр жерді көздің қарашығындай сақтау, байлығымызға көз алартқан дұшпандық әрекеттерге жол бермеу. Сол себепті жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ата-аналар мен білім мекемелері үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе әлемде болып жатқан қазіргі күрделі ахуалда мықты әскердің болуы күн тәрбіне шықты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында жақсы айтып өтті. Елімізге мықты әскери қарулармен бірге білікті әскери кадрлар қажет. Сондықтан жастардың әскери міндетін өтеуге құлшыныстары орасан зор болғанын қалаймын. Бұл олардың саналы, жауапкершілігі зор азамат болып жетілуіне кепілдік берсе, екіншіден өскелең ұрпақтың бойындағы жалындаған патриоттық сезімнің көрсеткіші де осымен өлшенетіні рас. Осы орайда әскер сапына алынған жас жауынгерлерге денсаулық, табысты қызмет, әскери мамандықты абыроймен игеріп шығуды тілеймін», деді Серікбай Оңбаев.
Өз кезегінде департамент бастығы Әбдіғабит Құрбанұлы, Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдарында әскерге ең үздік және дайындалған жастарды іріктеу үшін барлық жұмыстар жасалатынын, міндетті түрде әскерге шақырылушыларды мамандандырылған мекемелерде – психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде тіркеулерінің жоқтығына тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
– Қазір әскерге шақырылушылармен өте үлкен, қажырлы жұмыс басталды. Оларды «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес әскерге шақырудан кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ үміткерлер арасынан іріктеп алады, – деп толықтырып өтті полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Салтанатты бөлімнен кейін «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері өздерінің ағаларына музыкалық сәлемдеме жолдап, патриоттық әндер шырқап берді, сондай-ақ арнайы сыйлықтар жасады.
ШЫМКЕНТ