• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 10 Қыркүйек, 2023

Еңбек Ерін ұмытпаса игі

390 рет
көрсетілді

Биыл қала мәртебесін иеленгеніне 50 жыл толатын Сәтбаев қаласында қазір түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі «Еңбек адамын ұлықтау» деп аталды. «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС биыл Шахтер күні мерекесін осындай тақырыппен өткізуді жөн санаса керек.

Қала төріндегі Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған салтанатты іс-шара Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жалғасын тапты. Бұл жерде бірқатар еңбек озатына түрлі деңгейдегі «Кенші даңқы» төсбелгісі табысталды, басқа да сый-сияпат жасалды, ән-күйден шашу шашылды. Бәрі дұрыс-ау. Бірақ...

«Еңбек адамын ұлықтау» деп аталған осы салтанаттан Жезқазған кеншілерінің арасынан шыққан Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Мәкішевтің сырт қалып қойғанын қалай түсінуге болады? «Ешқандай да іс-шараға шақырған жоқ. Сондай жиын өтіп жатқанын естіген де емеспін», дейді өзі.

Сонда қалай болғаны? Ұлы ғалым Қ.Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі кезінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Н.Нұриевтің қасында кеудесінде жұлдызы жарқырап Еңбек Ері атанған кенші тұрса жарасымды болмас па еді? Оның өзі де «Жұлдызды жігітіміз ұмыт қалмасын» деп тапсырма бере қоймағанға ұқсайды. Әйтпесе, Еңбек Ері ескерусіз қалмас еді ғой...

Сол іс-шараға қатысқан Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов те «осы өлкедегі жалғыз Еңбек Ерінің көзге шалынбайтыны несі?» деп, ешкімнен сұрай қоймаған сыңайлы. Сәтбаев қаласының әкімі Ш.Әубәкірдің де бұған мән бере қоймағаны байқалады.

Елімізде Еңбек Ері атанған азаматтар соншалықты көп емес. Бұл орайда, Сәтбаев қаласының аты озып тұр десе болады. Өйткені облыстағы жалғыз алтын жұлдызды азамат осы қалада тұрады. Өкінішке қарай, маңдай тері, ақ адал еңбегі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан лайықты бағасын алған еңбек адамының басқасы басқа, нақ әріптес кеншілері марапатталып жатқан жиынның төрінен табылмауы түсініксіз.

 

Ұлытау облысы