Таяуда Мәскеу биржасындағы сауда кезінде доллар бағамы 100 рубльден асып, еуро 109,87 рубльге дейін көтерілген еді. Ресей валютасы Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемеге қатысты соңғы шешімінен соң тек долларға ғана емес, еуро, юаньге қатысты да күш жинап алды. Рубльді нығайтуға арналған арнайы операция төмендегі тәртіппен жүргенін бағамдап үлгердік. Алдыңғы аптаның басында Ресей президентінің көмекшісі Максим Орешкин валюта нарығында тәртіп қалпына келетінін айтты. Ол Орталық банкті ашық сынамаса да қаржы саясатын тым жұмсартып алғанын, жағдайды түзету үшін барлық қажетті құралдардың бар екенін атап өтті.
Өткен сәрсенбіде Батыстың жетекші ақпарат құралдары, сосын ресейлік «Ведомости» газеті президентпен кездесу өтіп жатқанын жариялады. Арада бірнеше сағат өткенде рубль «жүз баспалдақтан асып кеткен» сатыдан төмен түсті. Сол күні түс ауа үкімет пен экспорттаушылар валюталық түсімдерді сатуды ұлғайтуға ерікті түрде келіскені, нәтижесінде рубльдің күш алып қалғаны айтылды.
Рубльдің жыл соңына дейінгі шекті бағасының қандай болатыны сарапшылар үшін әзірге жұмбақ.
Оның сәл алдында Ресей Орталық банкі төрағасының орынбасары Алексей Заботкин рубльдің қазіргі жағдайы экспорттың деңгейіне тәуелді екенін меңзеген. Оның айтуынша, 2023 жылдың бірінші жартысынан бастап экспорттық түсімдер төмендей бастаған. Сонымен қатар Ресейде импортқа деген сұраныстың артқаны байқалған, бұл өз кезегінде шетел валютасы, оның ішінде АҚШ долларына деген сұраныстың да деңгейіне әсер етеді. Нарық заңы бойынша валюта бағамының тұрақты динамикасы экономиканың экспорттық мүмкіндіктеріне сай болуы керек.
Қазіргі жағдай керісінше...
Сарапшылардың пікірінше, рубль бағамының құнсыздануы Ресейдегі қаржы дағдарысының индикаторына айналып кетуі әбден мүмкін. Осыдан біраз бұрын кейбір тәуелсіз сарапшылар «РФ бюджетінің тапшылығы туралы соңғы деректер ықпалы рубльдің тағдырына кері әсер етуі мүмкін» деген сыңайдағы пікірлер білдірген еді. Кейінгі айда бюджеттік дефициттің көлемі жоспарланғаннан 222 миллиард рубльге асып кетті. Қаржы министрлігі биылғы жеті айда тапшылық 2,595 трлн рубльден аспайды деп жоспар құрған болатын.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, рубльге тек доллардан ғана емес, еуро, юаньнан да қауіп төніп тұр. Мәскеу биржасындағы сауда қорытындысында АҚШ, ЕО, Қытай сияқты алпауыт елдердің валютасының бағамдары өскенін байқадық. Теңгеміз де Ресей валютасына қыр көрсетуге жарап қалды.
Өткен аптада KASE биржасында көршінің валютасы 4,62 теңгеге дейін құнсызданды. Қазақстан Ұлттық банкі Ресей рублінің ресми бағамын 4,45 теңге деп бекіткен еді. Сәрсенбідегі бағам – 1 рубль – 4,82 теңге.
Теңгенің РФ валютасына қатысты «тербелуі», Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың сөзімен айтқанда тек «реакция» ғана. Теңге мен рубльдің долларға қатысты қатынасы бар. Бірақ бұрынғыдай жоғары немесе сызықтық корреляциялар байқалмайды.
ҰБ өкілі ұлттық валютаның құнсыздануының бір себебін рубльдің бастапқы құлдырауынан кейін теңгенің одан әрі әлсіреуін күтіп, экспорттаушылардың шетел валютасын сатуға құлықсыздығы деп түсіндірді. Сонымен қатар оның айтуынша, турбуленттілік үлкен салық төлемдері төленетін уақытта долларға сұраныстың артуы салдарынан күшейген.
«БКС Мир инвестиций» фирмасының инвестициялық стратегі Александр Бахтин рубльдің өте әлсіз екенін, бірақ мемлекет мүмкіндіктің бәрін іске қосып жатса да нәтижесі аз болып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұған ұсыныс пен сұраныс арасындағы дисбаланс себеп болып отыр. Қазіргі уақытта доллар мен еуро саудасында техникалық және тіпті, іргелі факторлар өте шектеулі рөл атқарады: Себебі нарықтың бұл сегментінде валюта трейдерлері де, инвесторлар да аз.
Импорттаушылар мен тұрғындар тарапынан валютаға деген сұраныс өсті. Маусымдық әсер деген әбден жауыр болған кезекші сылтау да жығылғанға жұдырық болып отырғанға ұқсайды. Сарапшының сөзінше, рубльдің болашағына сенетін ойыншылар азайып барады.
РФ ұлттық валютасының жоғары қарқынмен құнсыздануы қаржыгерлерді де тығырыққа тіреп тұрғаны байқалып қалды.
Ресейдің аузы дуалы қаржы сарапшысы Алексей Кричевский өткен аптада журналистермен кездескен кезде рубльдің тағдыры мемлекет басшыларының саяси шешіміне байланысты екендігін, Қаржы министрлігі мен Орталық банк девальвацияны тоқтатып, рубльді бір доллар үшін 80-85 аймағына қайтаратын кез келді деген бұйрық алуы керектігін айтыпты. Бұл шешімді орындауға барлық жағдай бар екенін айтқан сарапшы Ресейге әзірге рубльдің тым күш алып кетуі тиімді емес екенін де қаперге салып өткен. Себебі мұнай мен газ үшін төлемді шетел валютасымен алған Ресей оны рубльге айырбастайды. Рубль неғұрлым күшті болса, бюджетке соғұрлым аз ақша түседі. Ал ондағы мұнай мен газ табысының үлесі 30%-дан асады. Рубльдің тым жоғары және тым төмен бағамы экономикаға зиян, «алтын орта» қажет. Ресей бюджеті доллардың орташа жылдық бағамы 72 рубль шамасында болады деген болжаммен жасалған.
Осы тұста рубльге қатысты Орталық банктің ұстанымындағы қызық-қызық жағдайлар жиі байқала бастады. Рубль күзгі жапырақтай қалтырап тұрған кезде РФ ұлттық валютасының бағамын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдамады. 1 АҚШ доллары 97 рубль болған кезде бюджеттік ереже бойынша шетел валютасын сатып алуды тоқтатты. Сарапшылар бұл шешім рубль бағамына айтарлықтай әсер етпегенін айтып жатыр.
Енді рубль бағамы бойынша мұнай және газ кірістерінің икемділігін бағалау шамамен 85-100 миллиард рубль болуы керек екендігі ACRA егеменді рейтингтер және макроэкономикалық талдау тобының директоры Дмитрий Куликовтың да аузынан шықты. Себебі тұрақты әлсіреген рубль экономиканың шикізат үлгісінде ыңғайлы болды. Құнсыз теңге де шикізаттық экономикаға тиімді екенін біздің сарапшылар да жиі қозғайтын. Шоктық емес, эволюциялық девальвациялар кезінде бюджетке экспорттық салалардан салық түрінде қосымша кірістер түсті, экспорттаушылар үшін де тиімді болды. Көптеген компаниялардың қаржылық тиімділігі операциялық және ішінара күрделі шығындар негізінен рубльде, ал кірістер шетел валютасында болды. Демек, рубльдің жиі-жиі әлсіреп қалуы жыл сайын қосымша баланстық пайда әкелді.
Ресейлік «Велес Капитал» инвесткомпаниясының банктерді және ақша нарығын талдау бөлімінің басшысы Юрий Кравченко билік нарықтың валютаға деген сұранысын толық қанағаттандырса да, рубльдің бағасы құлдырай беретінін, тіпті жаңа минимумдарға дейін құлдырау қаупі сақталып отырғанын атап өтіпті. Себебі теріскейдегі көршінің сырттан таситын импорты өсті, соғысқа қажетті қару-жарақты сырт елдерден тасымалдап жатыр. 2023 жылғы шілдеде бірінші рет Қытайдан сатып алатын импорты Ресейдің оған өткізетін импортынан асып түсті. Ресейдің «ауыр» тағдырын арқаламау, бос шығынға батпау үшін ел халқы рубльді сатып алуын доғарғаны жөн екендігін сарапшылардың бәрі қайта-қайта ескертіп жатыр.
Ел ішінде «рубльден ат құйрығын үзісіп, валютамызды әлемдік қаржы тетіктеріне байлау үдерісін кеш бастаған жоқпыз ба?» деген алаң көңіл бар. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, рубльдің әлсіреуіне мұнай сатудан түсетін доллар түсімінің төмендеуі және валюта бағамын жасанды қолдаудан бас тарту әсер еткен. Сондай-ақ сарапшы РФ валютасы дәл биыл мұндай деңгейде әлсірейді деп күтпегенін, РФ басшыларының мұндай жағдайға жол беру себебін ең батыл сарапшының да болжай алмайтынын мойындады. «Себебі Ресей осы күнге дейін рубльдің екі аяғын тең ұстады. Қазіргі жағдай басқа. Келер жылы емес, енді 3 айдан кейін не боларын ешкім білмейді. Тіпті, рубльдің қазіргі жағдайының саяси астарының қандай екенін де ешкім білмейді», деп атап өтті А.Чеботарев.
Чеботаревтің шамалауынша, рубльді Ресейден барлық санкцияларды алып тастайтын соғыстың аяқталуы ғана құтқара алады. Себебі көрші елдің министрлігі АҚШ валютасын сатып алудан бас тартып, рубльді ішкі нарықтың күшімен қолдауға тырысып жатыр.
Әзірге нәтиже аз
Оның қазіргі жағдайы алдағы бірер жылда да инфляция деңгейінің жоғары болатындығынан хабар беріп тұрғандай...
Қаржы сарапшысы осы ретте биылғы қаржы нарығы Ұлттық банк пен Үкіметтің теңге-рубль конвертациясынан бас тартатыны туралы жаңалықпен басталғанын еске түсірді. Бірақ Ресейден келетін импорт төмендемей, ақшалай көрсеткіште бұрынғы деңгейде қалды, ал экспорт өсті.
«Сауда-саттықтың бір бөлігі теңгеге ауыстырылды. Мұны Мәскеу биржасында теңгемен және KASE теңгемен сауда-саттық көлемінің өсуінен байқауға болады. Біз әзірше рубльден жартылай құтылдық. Рубльден қанша пайыз тәуелсізбіз деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Бірақ рубль мен теңге бір-бірінен алыстап барады», деді Чеботарев.
Андрей Чеботарев рубльдің құнын 4 теңгеден төмен түсіруге мүмкіндік бар деп есептейді. Бірақ мұндай жағдайда көрші ел импорттың көмегімен-ақ теңгемізді «жұтып қойып» Ресей импортының толқынымен бетпе-бет қалуымыз мүмкін, одан бетер басып қалуы мәселесі туындауы мүмкін. «Себебі бір жылда біз Ресейден импортты азайтқан жоқпыз. Ресей Федерациясы бізге жарты жыл бойы қант бермеді, біз ол елден көлік сатып алуды тоқтаттық. Бірақ ақша түріндегі импорт төмендеген жоқ. Рубль 4 теңгеден төмендесе, арзан тауарлармен ішкі нарықты жаулап алуы мүмкін. Қазақстанға импорттың шамамен үштен бірінің құны RUB/KZT жұбының кросс-бағамының өзгеруіне байланысты. 2022 жылы елге келетін импорттағы Ресейдің үлесі 35.1 пайызы болса, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында ол 27 пайызға дейін төмендеді. Рубльдің теңгеге шаққандағы одан әрі құлдырауы отандық өндірістің құлдырауына әкелуі мүмкін», дейді А. Чеботарев.
Ал келесі сарапшы Ілияс Исаев теңге бағамының сыртқы факторлары әртүрлі екенін айтады. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Ресеймен тауар айналымы Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 18,8%-ын құрап, 10,5 млрд АҚШ доллары деңгейінде болды. Импорттың үлесі 2021 жылғы 42,5 пайыздық деңгейден айтарлықтай төмендеді, бірақ әлі де маңызды болып қала береді. «Жақын арада ақша-несие саясатын жұмсарту басталуы мүмкін, бұл сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығына әсер етеді. Өз кезегінде теңге активтерінің кірістілігінің біршама төмендеуі де USDKZT бағамына қысым жасауы мүмкін» дейді І. Исаев.
Осы ретте І.Исаев қазақ теңгесінің инвестициялық тартымдылығы артуы үшін рубльдің жағдайына назар салу қажеттігін де ескертті. Рубль біз үшін қатардағы елдердің ұлттық валюталарының бірі ретінде қарастырылуы керек. ЕАЭО сауда айналымындағы рубльдің үлесіне статистика да күмәнді. Бізге РФ-дан келетін импорттың жалына жармаса бергенді тоқтатып, алыс-жақын шетелдермен біріккен зауыт, кәсіпорындар ашып, отандық тауардың күретамырын дамыған мемлекеттердің «қанымен» жаңғыртатын кез келді. Бұл – біз үшін ЕАЭО-дағы үлесімізді көбейтуге апаратын жол. ЕАЭО-дағы біздің үлес теңгенің тынысын ашатын, рубльден алыстататын фактор.
АЛМАТЫ