Егер жарық дүниенің есігін жаңа ашқан нәрестенің салмағы 4 килодан асса, онда ірі бала деп есептеледі. Аман-есен 5 килодан асқан сәби дүниеге келіп жатса, «алып бала» тудың деп қуанамыз. Ал енді Алматы қаласындағы №5 қалалық перзентханада алғаш рет салмағы 6 килодан асқан балпанақтай бала дүниеге келді.
Бір қызығы, әдеттегідей, айы-күні жақындаған аяғы ауыр келіншек перзентханаға толғақпен түскенде, ультрадыбыстық зерттеу іштегі шақалақтың салмағы 4 800 грамм екендігін көрсеткен.
Жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Кененбаеваның айтуынша, бұл ультрадыбыстық зерттеу кезінде баланың салмағы бастың бипариетальды және құйрық-париетальді өлшеміне байланысты есептеледі.
Акушер-мамандар нәресте анасының құрсағында дұрыс жатпағандықтан, кесарь тілігімен алуға шешім қабылдайды. Алайда сәбидің дәл осындай салмақпен дүниеге келгеніне тек кесарлық бөлімнің дәрігерлері ғана емес, тіпті анасы да таңғалған.
«Осы күнге дейін перзентханамызда мұндай алып тумаған, салмағы 6300 грамм сәби – бізде дүниеге келген ең үлкен бала. Босану операциялық әдіспен жүзеге асырылды. Операция сәтті өтті. Босандыру ойдағыдай аяқталды. Ана да, ұлы да сап-сау, аман-есен. Бұл отбасындағы үшінші бала», дейді Сәуле Кененбаева.
Қазір балпанақтай бала тапқан ана мен сәбиі перзентхананың медицина қызметкерлерінің тәулік бойы бақылауында және жуық арада перзентханадан шығуға дайындалып жатыр.
АЛМАТЫ