Шахматтың рапид түрінен Польшаның Быдгощ қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы финалға жолдама алды.
Топтық турнирде жерлестеріміз Мысыр, Үндістан, Франция және Украинаны ұтып, Грузиямен тең түсті. Ширек финалда Германиядан мерейіміз үстем болды. Жартылай финалда жолымыз Франциямен қайта қиысты. Бұл жолы біз оларды тай-брейкте 4:0 есебімен тас-талқан еттік. Аталған кездесуде Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбекова қарсыластарынан басым түсті. Енді финалдық сайыста қазақ қыздары Грузиямен ойнады. Қап тауынан келген шахматшылар осының алдында ғана АҚШ-тың өкілдерінен басым түскен еді.
Жалпыкомандалық әлем чемпионаты 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан құрамасы бұған дейін бірде-бір рет ширек финалдық межеден аса алмаған-тын.