Таяуда Ақтауда шахматтан «World Schools Team Championship» деп аталатын мектеп командалары арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыс па, әлде осындай бәсекелер бұған дейін де өткен бе? Дәл осы сауалды Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетоваға жолдаған едік.
– Мектеп оқушылары арасындағы әлемдік дода осындай деңгейде және осындай ауқымда тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ақтаудағы жарысқа 53 мемлекеттен келген 70 команда қатысты. Жас жеткіншектер үшін бұл үлкен мерекеге айналды. Әр команда сапында 5 ойыншы және 1 капитан өнер көрсетті. Барлығы – 420 жеткіншек. Жарыстың басты командасы Түркия құрамасы еді. Мәселен, Анадолы елінің өкілі Джан Ишиктің xалықаралық шебер деген атағы бар. Үндістаннан атағы алысқа жайылған бірнеше шахматшы келді. Басқа мемлекеттердің сапында да мықты ойыншылар болды. Ел құрамасы жайында айтсақ, басты үмітіміз 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Зарина Нұрғалиева еді. Ол жанкүйерлер сенімін ақтады. Сөз орайы келгенде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы жобаны барынша қолдап, үлкен жәрдем көрсеткенін айта кеткен жөн.
Бүгінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов елімізде осы спорт түрінің дамуына орасан зор еңбек сіңіріп келеді. Алысқа бармай-ақ 2022 жылдың желтоқсан айында Алматыда рапид және блицтен әлем чемпионатының жалауы желбірегенін айтсақ та жеткілікті. Оған көптеген атағы алысқа жайылған шахматшылар қатысты. Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында Астанада Дин Лижэнь мен Ян Непомнящий арасындағы чемпиондық матчтың өткізілуі де ел спорты тарихындағы елеулі оқиға екені даусыз. Ал келесі жылы 8-18 жас аралығындағы балалардың Азия чемпионатын өткіземіз.
– Каспий жағалауында жалауы желбіреген жарыстың нәтижесі қалай болды? Қай елдің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді?
– 12 жасқа дейінгі балалардың біріншілігінде Үндістан құрамасы бас жүлдені жеңіп алды. Украинаның Львов академиялық лицейі екінші орын алса, Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің өрендері үшінші сатыға табан тіреді. 18 жастағылар сайысында Түркияның Istanbul ENKA High School түлектері топ жарды. Еліміздің республикалық физика-математика мектебінің шахматшылары күміс және Үнді елінен келген жеткіншектер қола медальды мойындарына ілді.
– Жерлестеріміздің көрсеткіші көңілден шықты деп айтуға бола ма?
– Әрине, нәтижеге көңіліміз толды. Бұл жарыс біздің елде дарынды шахматшылардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын тағы бір мәрте аңғартты. Шыны керек, біріншіліктің соңына дейін кімнің озатыны белгісіз болды. Жергілікті жанкүйерлер өз өрендері үшін қатты қобалжыды. Десек те біздің ұл-қыздар өздерінің мықтылығын дәлелдеп, жүлделі орындарды олжалады. Жоғарыда аталған еліміздің командаларымен қатар, Алматыдағы Махатма Ганди атындағы №92 мектебі, Шымкенттегі Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 мектебі, Павлодардың №8 мектеп-лицейі және Нұрсұлтан Назарбаевтың Зияткерлік мектебі оқушыларының да шеберлігіне тәнті болдық.
– Еліміздің жекелеген жас шахматшылар арасынан қай спортшылардың шеберлігін жеке-дара атап өтер едіңіз?
– Дарынды шахматшылар өте көп. Дәп қазір ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Десек те бұл жолы Зарина Нұрғалиева, Эдгар Мамедов, Иманғали Ақылбай және Иген Әмір сынды ойыншылардың асқан шеберлігі көңілге қуаныш ұялатты.
– Мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты республикамызда осы спорт түрінің дамуына тың серпін береді деп ойлайсыз ба?
– Оған еш күмәнім жоқ. Биылғы әлем біріншілігі елімізде өткізілгендіктен, жергілікті БАҚ өкілдері арқылы ол кеңінен насихатталды. Дүбірлі дода барысында ата-аналар өз ұл-қыздарын барынша қолдады. Шетелге де ақпараттар тарады. Соңғы жылдары елімізде ойлылар ойынына деген қызығушылық күрт артып, көптеген ата-аналар өз балаларын шахмат үйірмелеріне беріп жатыр. Ал Ақтаудағы әлем біріншілігінен кейін олардың қатары күрт артатыны сөзсіз. Оның үстіне 14 маусымда Үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстандағы шахмат ойынын дамыту бағдарламасы бекітілді. Қыркүйек айынан бастап, оны мектептерге де енгізу жұмыстары басталды.
– Байыптап қарсақ, қазіргі кезде елімізде әйелдер шахматы өте жақсы дамып келеді. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Ал ерлердің қарқыны баяу. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Біздің қыздар дүбірлі додаларда өте жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне барша жұрт куә. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева сынды шахматшылар биік белестің талайын бағындырды. Олардың ізін басқан ойыншылардың да қарқыны қуантарлық. Бір ғана мысал, осы жылдың өзінде біздің төрт қызымыз түрлі жас ерекшелігі бойынша әлем чемпионы атанды. Атап айтсақ, Әмина Қайырбекова 17 жастағыларға дейінгілер арасында топ жарса, Алана Берікқызы 12 жастағылардың додасында дара шықты. Рапидтен Зарина Нұрғалиева мен Айару Алтынбек алтыннан алқа тақты. Осының өзін айтсақ та жеткілікті.
Соңғы кезде жігіттер де қыздардан қалыспауға тырысып жүр. Мәселен, ел құрама командасының көшбасшысы Ринат Жұмабаевтың Азия чемпионы деген атағы бар. Кезінде ол ресейлік Сергей Карякин мен ұлыбританиялық Майкл Адамс сынды есімдері төрткүл дүниеге танымал саңлақтарға сан соқтырғаны жанкүйерлер жадында. Қазбек Нөгербектің 18 жасқа дейінгілер арасында рапид пен блицтен әлем чемпионы деген атағы бар. Аңсат Алдиярға да айрықша сенім артып отырмыз. Жақында ол гроссмейстер атағын алды. Балғын ойыншылар қатарынан Димаш Тілендиевтің табысы қуантады. Ол – оқушылар арасында әлем чемпионы. Сонымен қатар бүкіләлемдік 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер олимпиадасында ел құрамасының төртінші орынға ие болуын да өте тамаша нәтиже деп бағалаған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»