Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан түйгеніміз көп. Ушығып тұрған әлемдегі геосаяси жағдай экономикамызға да салқынын тигізіп тұрғаны анық. Осы алмағайып кезеңде тұрақты дамудың жолын табу қиынның қиыны.
Жолдаудан мемлекетіміздің кейбір осал тұстарын қалай бекітеміз, халықтың көкейіндегі түйткілдерді қайтсек тарқатамыз деген сауалдарға жауап алғандай болдық. Бастысы бұл белгісіз мерзімге жасалған жоспар ғана емес, дені алдағы үш жылда жүзеге асуы тиіс нақты міндеттер.
Президент талай жыл тамыр жайып, әр салада бір-бір қожайынға айналған монополистердің жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Әсіресе, өңірлердегі монополист компаниялардың әрекетіне бақылау жасар уақыт жетті. Содан соң шетелдерге, көрші мемлекеттерге энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылудың өзектілігін баса айтты. Бұл ретте, жалпыхалықтық референдуммен шешім қабылданар Атом электр стансасын салу мәселесінің орны маңызды.
Еліміз негізінен трансшекаралық өзендердің суына тәуелді. Биылғыдай қуаңшылық пен су тапшылығын алдын алу ұлттың қауіпсіздігімен пара-пар өткір мәселе. Осы орайда 20 су қоймасын салып, 15 бөгенді реконструкциядан өткізуді тапсыруы стратегиялық тұрғыдан тарихи шешім. Өйткені ауыз су уақыт өткен сайын дүние жүзінде ең өзекті проблемаға айналды. Әрі осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Су ресурстары жөніндегі министрліктің құрылғаны көзіқарақты жұрттың көкейінде жүрген жай еді.
Жолдауда инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл шаруашылығын қолдау, цифрландыруды дамыту, кәсіпкерлікті қудалауды доғару сынды аса өзекті мәселелер кеңінен қамтылды.
Ендігі міндет Жолдауды кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Біз өз кезегімізде Мәжіліс депутаттары ретінде осы сессияда міндеттерді іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеміз.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Мәжіліс депутаты