• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 12 Қыркүйек, 2023

Батальон командирлері кәсіби деңгейлерін жетілдірді

251 рет
көрсетілді

Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінің Дағдарысқа қарсы оқу орталығының базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының 2023 жылға арналған негізгі іс-шараларының бекітілген жоспарына сәйкес желілік батальондар командирлерімен Практикалық дайындық бойынша бес күндік жиын басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіби деңгейді жетілдіруге еліміздің барлық өңірінен елуден астам офицер қатысты.

Жиынның басты мақсаты - батальондық буын офицерлерінің кәсіби-лауазымдық және әдістемелік даярлығының деңгейін арттыру және күнделікті қызметке басшылықты және жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруды регламенттейтін Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның құқықтық актілерінің талаптарын бірыңғай түсінуге қол жеткізу.

Дәрістерді өткізу бағдарламасындағы сабақ кестелеріне сәйкес бес күн ішінде батальондық буын офицерлерінде әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің негізгі басымдықтарын, функционалдық міндеттерін, жалпы әскери жарғыларды, оның ішінде атыс, дене шынықтыру, әскери-инженерлік даярлық, РХБЗ және техникалық даярлық бойынша практикалық дағдыларды айқындайтын басшылық құжаттар мен директиваларды білу бойынша сынақтар қабылданады. Қару-жарақ пен әскери техниканың, арнайы құралдардың, байланыстың тактикалық-техникалық сипаттамаларын білу, сондай-ақ қатысушылармен қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, Мемлекеттік-құқықтық, әдістемелік даярлық және әскери топография бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі.

Айта кету керек, сабақтың негізгі бөлігі 3477 әскери бөлімінің Дағдарысқа қарсы оқу орталығында өтеді. Алғашқы күні офицерлер таңертеңнен бастап дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық, сондай-ақ басшылық құжаттар мен жалпы әскери жарғы бойынша сынақтар тапсырды. Содан кейін командирлермен «Роталық тактикалық оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу әдістемесі. Жауынгерлік атыспен тактикалық оқу-жаттығуларды дайындау ерекшеліктері» және «Лазерлік ату және ату имитаторлары бар екіжақты жекпе-жектің тренажерлері мен ату тирін пайдалана отырып, кешенді сабақтарды дайындау және өткізу әдістемесі» көрсетпелі сабақ өткізілді.

Ал, екінші күні – Дағдарысқа қарсы оқу орталығының полигонында сардарлар Ұлттық ұланда қаруланған әртүрлі позициялар мен қару-жарақ түрлерін: тапаншаларды, автоматтарды, мергендік мылтықтарды, гранатометтерді және қозғалмайтын, пайда болатын және қозғалатын нысандарға ірі калибрлі пулеметтерді ату бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ жауынгерлік граната да лақтырды. Сонымен қатар, командирлер АК-1 автоматы мен ПМ-1 тапаншасынан спорттық атудан бақ сынады. Сабақтың мақсаты – командирлер кейіннен бағынышты жеке құраммен осындай сабақтар өткізуі үшін білім мен дағдыларды жинау. Одан кейін әрі батальон буынының командирлері үшін «Батальонның далалық шығуын ұйымдастыру және өткізу әдістемесі» және «Жеке құрам мен техникаға арналған траншеяларды, от жағуға арналған құрылыстарды және баспаналарды (қолда бар материалдар мен табельдік құралдардан жасалған далалық құрылыстарды) салу, жабдықтау және бүркемелеу» тақырыптарында көрнекі сабақтар ұсынылды. Сонымен қатар, офицерлер дала лагерін құру ережелерімен жақынырақ танысып, бекіністің заманауи үлгілерін көрді. Бұдан әрі төтенше жағдай енгізу жағдайында әскери жасақтар мен Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қызметтік қолданылуы айқын көрсетілді.

Жиын жетекшісі, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжановтың айтуынша, жиындардың міндеттері лауазымды тұлғалардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша бірыңғай тәсілді әзірлеу, озық тәжірибемен алмасу, командирлердің атыс, дене шынықтыру және әдістемелік даярлығын тексеру болды.

«Бұл практикалық сабақтар батальон буынын дайындау тұрғысынан маңызды кезең болып табылады. Осындай сабақтардың арқасында офицерлер өздерінің функционалдық міндеттерін шебер және сенімді орындау үшін кәсіби дайындықты жетілдіреді. Біздің Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс – 2023» жаттығуында: «Біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет» деген болатын. Сондықтан бізге жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап шығу үшін үшін әрбір офицеріміз өз ісін кәсіби деңгейде меңгеруі қажет. Сол себепті Жоғарғы Бас қолбасшының, Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының талабына орай жаңа форматта Ұлттық ұланның жеке құрамы мен командирлерінің жауынгерлік даярлығын шыңдаудамыз», деп атап өтті генерал-майор Б.Әбжанов.

«Батальон командирлеріне жоғары сападағы білім беріліп, заманауи техникаларды қолдану тәртібі түсіндіріліп жатыр. Бұдан бөлек білікті әскери қызметшілер жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Бүгін атыс алаңында әртүрлі қару түрлерінен оқ ату бойынша сынақ тапсырып жатырмыз. Олардың арасында біздің батальондарға жаңадан берілетін НСВП қаруынан оқ аттық. Жаңа тактикалар бойынша қолданылатын өзге де қару түрлерінен оқ атып машықтанып жатырмыз. Осы оқу-әдістемелік жиын барысында үйренген, білгендерімізді өз батальондарымызға оралған соң жеке құрамға үйретеміз», деді 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 1 батальон командирі капитан Сейітжан Қалбай.

«Өзіміздің кәсіби деңгейімізді көтеру мақсатында Ұлттық ұлан базасында бар қару-жарақ түрлерінен оқ ату шеберліктерімізді шыңдап жатырмыз. Осы арқылы әскеріміздің сапалы әрі мықты болуына атсалысамыз. Жиын барысында біз үшін ешқандай қиындық туындаған жоқ. Барлық қару түрлерін батальон командирлері шебер игеріп, қабілеттерін арттырды», деді 5571 әскери бөлімінің 4 жедел мақсаттағы батальонының командирі майор Төлеби Берікбаев.

Айта кетейік, командирлер ертең жауынгерлік техникадан ату бойынша практикалық сабаққа қатысады. Ал 15 қыркүйекте жиын қорытындыланып, Үздік офицерлер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.