Қала күні қарсаңында алматылық екі мыңнан аса жоғары сынып оқушылары бір мезетте тоғызқұмалақ ойнап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Айтулы мерекені шаһар әкімдігінің қолдауымен Тоғызқұмалақ қауымдастығы ұйымдастырды.
Ой ұтқырлығын ұштап, табандылыққа тәрбиелейтін тоғызқұмалақ ойыны қала мектептерінде оқушылардың үздік үйірмесіне айналған. Ойынды жетік меңгерген жеткіншектер республикалық сайыстарда жүлде алып жүр. Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мыңдаған шәкіртті бір алаңда жинаған айрықша жоба қатысушыларына сәттілік тілеп, ойынды салтанатты түрде ашып берді. Кілемше үстіне жайғасқан тоғызқұмалақшылар бірнеше сағат бойы тапжылмай отырып өздерінің сүйікті ойнын ойнады.
«Тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысқаныма екі жыл болды. Үйірмеде достарыммен, демалыс күндері әкеммен тоғызқұмалақ ойнаймын. Ал мыңдаған адам жиналып ойнаған тіптен қызық екен. Бүгінгі жобаға қатысқаныма қуаныштымын», дейді 10 сынып оқушысы Дана Сәлім.
Жас рекордшыларға сәт сапар тілеген Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов Алматы қаласы тоғызқұмалақ зияткерлік ойынының орталығы болып таңдалғанын, ұлттық ойынды әлемдік деңгейде дамыту бағытында ауқымды бастамалар қолға алынғанын жеткізді. Атап өтсек, 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұралар тізіміне енген болатын.
АЛМАТЫ