Польшаның Быдгощ қаласында шахматтың рапид түрінен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты аяқталды.
Қазақстан құрамасы бұл жарыста табысты өнер көрсетті. Құрамында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбекова бар жерлестеріміздің ең әуелі топтық турнирде топ жарғанын айта кетейік. Бес кездесудің төртеуінде жеңіске жеткен олар тек бір бәсекені тең аяқтады. Ширек финалда Германияны сүріндірсе, жартылай финалда Франциямен біраз тіресті. Қос ойынның нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталмай, матч тай-брейкке ұласты. Шешуші тұста біздің қыздар тамаша ойнап, қарсыластарынан басым түсті.
Финалда жерлестеріміз Грузия құрамасымен шеберлік байқасты. Әлем чемпионы деген атағы бар азулы командаға тісіміз батпады. Қос кездесудің қорытындысы бойынша 1.5:2,5 және 0,5:3,5 есебімен есе жібердік. Нәтижесінде, грузиндер алтыннан алқа тақса, қазақтар күміс алды. Ал қола медаль Францияның шахматшыларына бұйырды.