Маусым айының орта шенінде Арқалық өңіріндегі төрт мыңнан аса жайылымдық жер мен егістік алқабын киік жайлап алды. Жангелдин ауданында ақбөкеннен 8 мыңдай ауылшаруашылық мақсатындағы алқапқа зиян келді.
Түз жануарлары алқапта 5-10 мыңдап өріп жүргенін көзіміз көрді. Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді, 10 шақты шаруа қожалығы бірігіп, арнайы чат ашып, өзіміз күзеттік. Егістікке киік кірсе, қай жерде жүргенін, қайда бет алып бара жатқанын фото-видеоға түсіріп, чатқа салып отырдық. Күндіз-түні киік қуумен болдық. Әкімдікке де, «Охотзоопромға» да хабарластық. Енді ол кісілер күнде шапқылай бермейді. Киік жайпап кеткен жерді фитосанитария өкілдері де келіп, өздеріне тіркеп алды. Киік егінді балғын кезінде жейді. Бірақ көбіне жегенінен, таптап кеткені көп. Жұмсақ болған соң аунап, басып тастайды. Біздің 800 гектар егініміздің 200 гектары шығынға ұшырады. Мойнымызда банктен алған қарызымыз бар, оны қалай өтейтінімізді білмейміз. Бұрын осындайды бақылап, қарап жүретін қарауыл болатын. Қазір бәрі жекеменшік болғандықтан, ол жұмыстарды өзіміз атқарамыз. Тәжірибемізде мұндай оқиға кездеспеген. Киіктің төлдеп келетін бағыты Торғайдан басталып, өзінің ауанымен Қорғалжың аумағына өтіп кететін. Бір жағы жаңа теміржол салғаннан кейін өте алмай жатыр ма деп ойлаймыз.
Енді күннің ыстығынан, шегірткенің жегенінен, киіктің таптағанынан қалған егінімізді жинап алуға толассыз жауған жауын кедергі болып тұр. Егініміз шіріп, ысырап бола ма деп қауіптенеміз. Үкіметтен көмек болмаса, сіңіріне ілінген шаруа қожалықтарына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бәріміздің де Үкімет тарапынан берілетін несиенің демеуімен жұмыс жүргізіп жатқанымыз шындық.
Бүгінде Торғай даласында 90 мыңнан аса киік бар деген мәлімет бар. Ақбөкендердің дені Ақшығанақ, Ақкөл, Саға ауылдарына тиесілі жерлерді мекендейді. Ел басында отырған азаматтар да біздің жағдайымызды көрі-біліп отырған шығар. Сондықтан бұл мәселенің бір шешімі болар деген үмітіміз бар.
Ерден СЕЙІТЖАНОВ,
«Сейтжанов ЖК» шаруа қожалығының басшысы
Арқалық қаласы