• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жануарлар 13 Қыркүйек, 2023

Киіктің киесі, шаруаның шығыны

347 рет
көрсетілді

Былтыр киіктердің санын реттеу мәселесі көтерілген. Биыл да айтылып жатыр. Тіпті қазір киіктердің популяциясын басқару жөнінде Үкіметтің қабылданған қаулысына сәйкес киік саны 20% реттелмек. Бұл жұмыс 15 қыркүйектен басталады.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметінше, көктемгі әуе санағына сәйкес елі­міздегі киік саны 1 915 000-­ға жеткен. Қазір киіктің ең көбі Орал популяциясына тие­сілі, бұл ай­мақта 1 130 000 киік бар. Ал биылғы төлімен қо­са есеп­­тегендегі киік саны 2 миллион­нан асты. Не­нің де бол­са өс­кені жақсы, алайда киік са­­ны­ның шамадан тыс өсуі өңір­дегі шаруаларға қиындық туғы­зып тұрған көрінеді. Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында жер­гілікті тұрғындар өңірдің агро­өнеркәсіптік кешенін дамытуға киік санының көбеюі кедергі келтіріп отырғанын алға тартады.

Қазір елімізде нақты шығын­ есеп­теліп жатыр. Мәселен, комис­сия әдіс­те­меге сәйкес залалды өтеудің қар­жылай көлемін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдады. Аталған жа­­йы­лым­­дарға келтірілген залал құны – 8 млрд теңге.

«Биыл ауыл шаруашылығына арналған біраз жер бүлінді. Осы­ған байланысты жемшөп ала алмай, шаруа­лар малдарын сатуға мәжбүр. Ауыл шаруашылығы алқаптары бойын­ша шамамен 121,9 мың гектар егістік алқа­бы бү­лінген (Қостанай, Қа­ра­­ғанды, Ақмола, Ақтөбе, Ба­тыс Қазақ­стан облыстары). Кел­тіріл­ген шы­ғынның болжамды көлемі 12 млрд теңгеден асады», дейді Ауыл шаруашылығы министр­лігінің баспасөз қызметі.

Ал «Ауыл» партиясы фрак­ция­сы­ның депутаты Аян Зей­нуллиннің ай­­туынша, кәдеге жа­­ратпаса да, қабыр­ғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киіктің мүйізін кесіп ал­ғандар сотталған, оның ішінде білместік жаса­ған жасөспірімдер де бар.

«Киіктің киесінен қорқып, жа­нуарға жанашырлықпен қа­рай­­тын қазақ үшін обал-сауап­тың орны ерекше. Алайда бү­гінгі жағдай мүлде басқаша. Себебі киік са­нының күрт көбеюі шаруашылыққа жайлы емес. Мысалы, елі­міздің солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқабы бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің ша­руалары 14 млрд теңге шығынға ұшы­райды. Несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болып жатыр. Мұн­­дай жағ­дайда Үкіметтің жай­­ба­сарлығы жарамайды. Киік­тен зардап шегіп отырған 6 об­­лыс­тың шаруалары шарасыз күй­де. Тап­­талған егістіктің өтеуі жоқ», дейді депутат.

Оның айтуынша, киіктің 90 пайызы – еліміздің батысында. Ондағы киіктер саны 750-770 мыңнан аспауға тиіс. Жайы­лымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай те­рімен еккен егістікті киіктер бір таптап өткенде-ақ миллион­даған қаржысы желге ұшады.

«Бұл жерде киіктің емес, адам­­ның обалына қалатын сияқ­тымыз. Еліміздің ең бірінші байлығы – халқы. Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киік­тен адамды қорғаймыз ба? Тез арада киік популяция­сын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, те­рісін дұрыс пай­даланып, кә­деге жаратқан дұ­рыс шығар? Егер Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, ша­руалардың шығынын толық өтеп беру тетігін енгізуі керек», дейді А.Зей­нуллин.

Расында, кейінгі жылдары Орал киіктері популяциясының қарқынды өскені байқалады. Қазір Орал киік по­пуля­циясының негізгі мекен ету аумағы Ба­­тыс Қазақстан облысының Каз­­та­лов, Жәнібек, Бөкей Орда­сы, Жаңақала, Тас­қала, Ақ­жайық аудандарын қамтиды. Ма­ман­дардың айтуынша, кеңес заманында Орал киіктерінің саны 50 мыңнан 150 мың болса, ең көп саны 90-жыл­дар­дың ортасында 300 мыңға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш 4 есе көбейіп отыр.

Батыс Қазақстан облысы Тас­қала ауданының тұрғыны, «Бо­лашақ» шаруа қожалығының иесі Нұртай Жұмашевтың айтуынша, киіктің келтіріп отыр­ған залалы шашетектен.

«Киік популяциясын реттеу қажет, өйткені оның тым көбеюі түрлі ауру таратуы мүмкін, оны малдың жұқтыру ықтималдылығы да зор. Сонымен қатар ауыл ша­руашылығы дақылдарына, жайы­лымдар мен шабындық жерлерге зиян келтіріп отыр», дейді шаруа.

Өңірдегі ғалымдардың био­логиялық негіздемесі бойын­ша киіктердің опти­мал­дық саны 500 мың бастан аспауға тиіс екен. Осыған қатысты қазір об­лыс әкімдігі киіктен зар­дап ше­­­гіп отырған әрбір аудан­да­ғы шығынның көлемін есептеу үшін комиссия құрды. Ко­мис­сия әр шаруашылық көле­мін­де акт жасап, облыс­тық ауыл шаруашылығы ба­с­­­қар­ма­сына ұсынып отыр. Олар­­дың берген ақпаратына сен­сек, облыс көлемінде 1 350 агро­­құ­ры­лымның 913 мың гектар ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерін (3 мың гектар егіс­тік, 46,1 мың гектар ша­бын­­дық және 863,9 мың гектар жа­йы­лым­дық жерлер) залал кел­тірілгені анықтаған.

Былтыр экс-министр Се­рік­қали Бре­кешовтің 80 мың киік­ті жою керек деген бастамасы жұрт­­шылықтың наразылығын ту­ғы­зып, қоғамда қызу талқыға түскен. Ол аздай, салаға жауапты шенділер Мемлекет басшысы­нан қатаң сөгіс естіп, ескерту алғаны есімізде. Әлде шенділер киік арқы­лы бірдеңе «жиып» қаламыз дей ме, кім білсін? Мәселен, Президент сондағы сөзін­де бұл мәселені кәсіби маман­дармен ақыл­дасып, басқалай шешу қа­жет екенін тап­сырған еді.

Экобелсенді Сәкен Дәл­дах­меттің айтуынша, киіктің санын реттеуден бұрын оларға қатысты басқа түйт­кіл­дерді ше­шіп алу қажет.

«Шыны керек, өз басым киік санын реттеу туралы ұсыныс жасап отырған азаматтардың сол істің маманы екеніне күмәнім бар. Киікті көздеуден бұрын, ең алдымен олардың миграциялық жол­дарын қалпына келтіру мәсе­лесі көтерілуі қажет. Сол сияқты бұл тіршілік иесі мекен ететін жердің біраз бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында бе­ріліп кеткен. Би­ылғы болжам бойынша 2 млн бас киік деген – көп емес», дейді ол.