• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Поэзия 12 Қыркүйек, 2023

Кентавр

316 рет
көрсетілді

Ұлттық ақын – жеке басынан төбеге озып, ұлттық ойлау жүйесіне жеткен, ұлтты сүю арқылы сол ұлттың өзіне айналған ақын. Шекспир, Пушкин, Гете, Лорка, Фрост – ұлттық ақындар. Әрбірін түсіну үшін олар туған халықтың салт-санасымен, фольклоры һәм дәстүр-ғұрпымен етене таныс болуыңыз қажет. Онсыз ұлтымен біте қайнасқан шайырлардың кұлпы ашылмайды.

«Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп,

Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып.

Мен саған жыр оқиын, қасыма кел,

Қайтеміз түсінбейтін елге налып.

Алатау, сен де биік, мен де биік,

Қосылсақ – қосылғандай шерге күйік.

Сені Күн, мені күншіл менсінбейді,

Тұрған соң табанымыз жерге тиіп».

Қос шумақта қазақы қалыптың қанық бояуы бар. Салған жерден күретамы­рыңа жетіп, қаныңды қоздата жөнеледі.

Маралтай Райымбекұлының «Кен­тавр» жинағы – ұлттық поэзиямыздың бір биігі. Ондағы жүректі жарып туған жырлар кісіні бейжай қалдырмақ емес. Сірә, өлеңнің екі-ақ түрі болады. Туған өлең, жазылған өлең. Туған өлең – Құдай­дан келген қуат, табиғат сыйы. Жа­зылған өлең – жүз түрлі мұнаралы фор­ма қаптап, том-томдап әсем сөз­дер­мен безбендесеңіз де жүрекке жет­пейді. «Кентавр» – туған өлеңдер жиын­тығы. Сондықтан да көлемі аз, құнары саз.

«Жұлдыз едің,

мөлт еттің жанарымнан,

Аппақ Айдың дақ көрдім анарынан.

Еңіреп кеп құлады қара түнім,

Қара гүлдің құшақтап сағағынан.

Жалт ете қап, жоқ болдың

қас-қағымда,

Кілт айналды дүние басқа ағымға...

Періштелер дүрлігіп той жасап жүр,

Алатаудың Ай қадап асқарына».

«Сөз жоқ, ақын поэзиға өзіне дейін­гі ақындардан бөтен сарын, бөлек леп әкелді, ескі ұғымдардың қой­науына сүңгісе де оны өз жанынан жа­ңар­тып тудырды. «Адамның ұйқысын шай­­дай ашатын, жаураған жүрегін жылытатын, үмітінің үзігін жалғап, тынжыр мұңын сейілтіп, арман асуларына құлшындыратын, шынайы шындығымен рухани шөліңді қандыратын рухты өлең-жыр­лары оқырман ойын тербеп, толғандыратын, талантына табындыратын Маралтайдың болмысы бөлекше ақын екені белгілі», дейді сыншы Қуанышбай Құрманғали.

Түнгі қала. Айнала көлік дүрсілі, қарағай шуы, көңілсіздік райына көміл­ген. Қалтарыста қайыршы сазы, көмей оркестрі. Белгісіздік пен бөтен­дік күйі, әлі ашылмаған орындар мен атау беріліп үлгірмеген мекендерге шашылған сана түйір­шіктері. Жұба­нусыз қалған арудың, құ­лаған сенім, жалғыздықтағы кәрілік пен қираған үміт мұңын арқалап ілбіп бас­қан ақын келеді. Оңашалық аралы ғана оған мекен. Кеудесі – өксік, көзі – тұман.

«Көшенің шамы жанып тұр әлі,

Мен келем жайсыз теңселіп.

Қаланың шуы жалықтырады,

Халық тұрады сәлден соң.

Қалтамнан алып жартылап қалған,

Жартылығымнан жұтамын.

Өн бойым өксік, қалтырап таңнан,

Көңілдің сынған бұтағы.

Жанымды қайтсін, пенделікпенен

Бәрі де менен жерінген.

Орнымды іздеп сенделіп келем,

Орындық емес өмірден».

Осы бір шумақтардың бір оқыған­нан-ақ кеудеде қатталып қалатыны несі? Өзің кешкен бағзы бір сезімдей өзегіңе шоқ домалатыры қалай? Ақын – бір емес бәрі. Ол – бір өзін бәріне айналдырған тұлға. Аполлон Григорьев «Пушкин – наш все» дегенде, тұтас болмысымен ұлтқа сіңген, ұлт арқылы адамзат матрицасының бөлшегіне енген айықпас дарынды айтты. Әйгілі «Фаусттан»: «Өз жаныңнан шықпаса егер бұлағың, өмір бойы шөлдегенің шөл­деген», деген жолды оқимыз. Бұла­ғын ашқан талант шөлге  – әке, орманға – шеше.

Көнетоз бөлме, ескі сөре. Әлсін-әлсін тыныштық дабысы естіледі. Уақыттың кейпі мәңгі бір нақыштай, бір таңбалыдай. Сөреде «Кентавр» кітабы тұр. Оның көлеңкесінде рухы қашалған өскін, тумысы түрленген ұрпақ, айқасқа жырдан қуаттанған топ-топ жастар елесі мұнартады...