• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Қыркүйек, 2023

Тарихи бауырластықтың тағы бір белесі

206 рет
көрсетілді

Елордада Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркия Сырт­қы істер министрі Хакан Фидамен келіссөз жүргізді. Жиын ба­рысында екі елге қатысты келелі мә­селелер талқыланды. Кездесу­ден кейін бұқаралық ақпа­рат құрал­дарына арнап баспасөз жиыны өтті.

«Бүгін екі бауырлас ел – Казақстан мен Түркия қарым-қатынастарындағы тарихи күн деп айтуға болады. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мырзамен түркі әлемінің атажұрты – қазақ жерінде алғашқы рет жүздесіп, мағыналы әрі нәтижелі келіссөз өткіз­генімізге дән ризамын. Алтай мен Анадолы арасы алшақ болса да, тағдыр­лас халықтарымыздың тілегі мен ықы­ласы ортақ, арманы бір.

Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы маңызды әрі ең сенімді серіктес­терінің бірі. Ажырамас достығы­мыздың тағы бір айқын дәлелі – биік деңгейде  орнатылған сындарлы диалог. Атап айтқанда, екі ел көшбасшылары, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоған арасындағы бауырлас әрі өзара қолдау рухындағы кең пейіл­ді ықпалдастығы. 2022 жылы өткен Қазақ­стан Президентінің Түркияға және Түркия Президентінің Қазақстанға өзара мемлекеттік сапарлары екіжақты қарым-қатынастарға үлкен серпін бергені сөзсіз», деді М.Тілеуберді.

Сала басшысы өткен жылы қабыл­данған кеңейтілген Стратегиялық әріп­тестік туралы Бірлескен мәлімдемені ерекше атап өтті. Оның айтуынша, атал­ған құжат екіжақты қатынас қана емес, бауырлас халықтарымыздың бо­ла­­­шаққа бағытталған стратегиялық көз­қарасын бір арнаға салды.

«Биыл Түркия Республикасының 100 жылдығымен және Түркия диплома­тиясының 500 жылдығымен шын жүрек­тен құттықтаймын. Бұл – мем­ле­кетті­лік дәстүрінің терең тамыр­лары­ның айғағы. Қазір Анка­раның әлемдегі беделі мен рөлі жылдан-жылға артып келеді. Түркия жаһандық дағдарысты және аймақтағы шиеленіскен мәселелерді шешу ісінде ерекше белсенділік танытып отыр. Біз Түрік елінің экономика, технология, білім беру, сыртқы саясат және басқа салалардағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы ортақ мың жылдық тарих пен рухани мұраға негізделген ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», деді М.Тілеуберді.

Сыртқы істер министрі келіссөз­ бары­­­сында ықпалдастықтың тың бағыттары айқындалғанын атап өтті. Қазіргі өзекті өңірлік және халықаралық мәселе­лер бойынша пікір алмасып, диалогті одан әрі жалғастыруға уағдаласқанын жеткізді.

«Көптеген жаһандық үрдістер төңіре­гіндегі екі елдің ұстанымы өте жақын екенін баса айтқым келеді. Қазақ-түрік серік­тестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Көп жақты форматтағы ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелер де талқыланды.  Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бірлескен жобалардың өрісін кеңейтуге баса назар аударылды», деді М.Тілеуберді.

Сала басшысы 3 қарашада Түркі мем­лекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммитіне Президент Режеп Тайип Эрдоғанның келетінін жеткізді. Бұл – серіктестіктің стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы.

«Екіжақты байланыстардың өзегі – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Түркия Республикасы – Қазақстанның төртінші  орындағы сауда әріптесі.  Өткен жылы тауар айналымының көлемі 6,3 млрд долларға жетсе, осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 3,6 млрд долларды құрады. Алдағы меже – осы алған екпінді жоғалтпай, тауар айналымын арттыру.

Орта және шағын кәсіпкерлер құрған кәсіпорындар бойынша да елеулі нәти­жеге қол жеткіздік. Түркияның капиталы­мен елімізде 4300-ден астам компа­ния жемісті жұмыс атқарады. Осы уа­қытқа дейін Түркия Қазақстан эко­но­ми­касына 4,7 млрд  доллар көле­мінде тікелей инвестиция құйып, ең ірі  инвесторлардың ондығына кірді. Бү­гінгі таңда 31 инвестициялық жо­ба жү­зеге асырылуда, оған қоса 50 жаңа жоба пысықталып жатыр», деді М.Тілеуберді.

Министрдің сөзіне сүйенсек, биыл бұл үрдіс жалғасқан. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елімізге келген түрік капиталы 112 млн  долларды құрады. Екі мемлекет болашақта  инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделі. Қазақстанда жасыл экономика, IT-тех­нология, ғарыш, өндіріс сияқты сала­лардың әлеуеті зор. Сондықтан Қазақ­стан тарапы елге келуге ынталы түрік компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

«Біз көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді әрі қарай арттыруға баса назар аудардық. Атап айтқан­да, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің («Орталық дәліз») әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайту қажет деген байламға келдік. Бұған қоса, транзиттік бағдарлардың әртараптандырылуы ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия теміржолын түрік тарапы пайдалану мүмкіндігін ортаға салдық.

Тағы бір өзекті мәселе – ол әскери және қорғаныс өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бұл бағыттың маңы­зы өте зор. Тарихы, тілі және құн­ды­лықтары бір елдеріміздің мәде­ни-гуманитарлық байланыстарды күшей­тіп, нақты іс-шаралар өткізу маңыз­ды­лығын атап өттік. Түркияның жетекші уни­вер­ситеттерінің филиалдарын елімізде ашу мәселесі пысықталып жатыр. Қос дипломды бағдарламаларды іске асыру бо­йынша Түркия жоғары оқу орындарымен тиімді өзара іс-қимыл жасалады», деді М.Тілеуберді.