Қайсар ӘЛІМ – Шанхайдан.
Осының алдында ғана еліміздің Туын ЭКСПО аумағының кіреберісіндегі жалаулар желкенінен немесе Хуанпу өзенінің бойымен қатарласа жүзіп, әр мемлекеттің қастерлі нышанын отшашу астында сәнімен алып өткен кішкене қайықтардың қыр желкесінен көріп, сырт жерден өз елміздің мүйісін тапқандай шаттанғанбыз. Енді, міне, көрмеде Ұлттық күн аталып өтуіне байланысты мемлекеттік Ту салтанатты түрде ресми көтеріліп, Әнұран орындалды. Бұл шараға Қазақстан, Қытай делегациялары, бірқатар мемлекеттің дипломатиялық өкілдері, ЭКСПО ұлттық павильондарының жетекшілері, қала жұртшылығы қатысты. Өз сөзінде А.Күрішбаев Қазақстанның мұндай ірі көрмелерге 2000 жылдан бастап қатысып жүргенін, бұл үшінші бәсеке, сынақ екенін мәлімдеді. Күніне 5 мыңға жуық адам келіп, тамашалайды. Олар 1,5 мың шаршы метрге қазақстандық құрылысшылардың күшімен тұрғызылған павильонда, озық технологиялар көмегімен жалпы Қазақстан, оның ірі қалалары туралы толық мәліметтерге қанығады. Мәдениеті, салт-дәстүрі, экологиясы алақандағыдай ашылады. Еліміздің 30-дан астам шығармашылық ұжымы жарты жыл бойына келушілерге концерттік бағдарламаларын ұсынады. Одан әрі делегация басшысы қытайлықтардың осы көрмедегі Қазақстан павильонына туғызып отырған қамқорлығына ризалық білдірді. 2017 жылы ЭКСПО көрмесін Астанада өткізуге біздің ел тарапынан да алдын ала өтініш түсіріліпті. Әрине бұл ұсынысты Қытайдың қолдайтынына үміт зор. ЕҚЫҰ-ға сәтті төрағалық етіп отырған Қазақстанда 2011 жылы VІІ Қысқы Азия ойындары өткізілмекші. Бұл жағы да ескеріліп, сенімділік туғызары хақ. Министрдің айтуынша, Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен экономикалық қарым-қатынасы нығайып келеді. Биыл біраз мөлшерде астық экспортталды. Үстіміздегі жылы тауар айналымы мөлшері 10 миллиард долларға жетпек. Қазірдің өзінде бұл меженің жартысы алынды. Өз кезегінде ҚХР Коммерциялар жөніндегі министрінің көмекшісі Чоу Хонг бұл көрмеден қарышты даму үстіндегі Қазақстан туралы жан-жақты мәліметтер алуға болатынын, екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі ілгерілеп, биыл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, мәдени салада 14 миллиард долларға жуық өзара келісімдерге қол қойылғанын мәлімдеп, Шанхай үлгісіндегі шаһар жетістіктерін сипаттады. Қос мемлекет делегациясы Қазақстанның, Қытайдың, Ресейдің, Өзбекстанның, т.б. елдердің ұлттық павильондарын аралап көрді. Қонақтарды Қазақстан павильонының бас комиссары А.Қазыбаев пен директоры Р.Ділмағамбетова ертіп жүрді. “ЭКСПО-2010” аймағының бірнеше нүктесінде және кешкісін ЭКСПО орталығында Қазақстандық өнер шеберлерінің концерті болды. Ұлттық күннің ұлағаты осылайша зор әсерге бөледі. Жалпы, еліміз көрмешілерінің жарқын жетістігі жөнінде түйін жарияланымды газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
•
08 Маусым, 2010
ҰЛТТЫҚ КҮННІҢ ҰЛАҒАТЫ
649 рет
көрсетілді