Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапхананың сирек қорында Ахмет Байтұрсынұлының «Шаруалық өзгерісі» атты 107 беттен тұратын қолжазбасы сақталған. Мұра төте жазумен жазылған. Жазбада алаш қайраткерінің шаруашылық, экономика, мәдениет тақырыптарын зерттеп жазған көлемді еңбегі топтасқан.
«Ақаңның аталған қолжазбасы кітапханаға қалай түскені белгісіз. 1940 жылы «Арнайы сақтау қорына» тіркеліп, 1989 жылы «Сирек қорға» ауыстырылған екен. Содан бері сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар тарапынан қолжазбаға назар аударылып, соңғы жылдары зерттеу жұмыстары жүргізілуде», дейді Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова.
Қолжазба сары қағаздан жасалған дәптерге жазылған. Жазуы үлкен. Әр бетіне 14-15 жол жазу сыйған. Жәдігердің алғашқы парағының шекесіне төте жазумен «Ахмет Байтұрсынұлы» деп автордың есімі жазылса, одан кейін «Шаруалық өзгерісі» деп еңбектің аты көрсетілген. Әрбір тарау аяқталған тұста автор «А.Б» деп төте жазумен қолтаңбасын қойып отырған. Бұл жәдігер әзірге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен жазған жалғыз еңбегі саналып отыр.
Қолжазбасының жеті тарауы бүтін сақталған. Ақаңның бұл зерттеу жұмысы алғаш «Қазақ» газетінің 1915 жылғы (№145, 146, 147, 148, 158, 161, 163) және 1916 жылғы (№167) сандарында жарық көріпті. Ал қолжазбаға кірмеген тағы бір тарауды зерттеушілер «Қазақ» газетінің кезекті бір нөмірінен тауыпты. Осыған қарағанда, қолжазба сегіз тараудан тұрған көрінеді.
Бірақ «Қазақ» газетінде жарияланған жеті тарауда автордың аты жоқ. «Десек те, бұл жазбаның иесі А.Байтұрсынұлы екені анық. Ақаң бұл еңбекті 1930 жылдары жазған болуы мүмкін» дейді зерттеушілер.
Жәдігермен танысқан А.Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі Әділет Ахметұлы: «Ақаң бұл еңбегінде «Мәдениет қырқалары», «Мәдениет төбелері», «Мәдениет жұғысы», «Мәдениеттің тараған жолы», «Мәдениет бесігі» сынды тақырыптарды қаузағаны байқалады. Соған қарағанда бұл еңбек өткен ғасырдың басында тәркіленіп, күні бүгінге дейін табылмай келе жатқан А.Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы» атты жазбасының бір бөлімі болуы да мүмкін» дейді.