Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінде Қазақстанның теннисшісі Юлия Путинцева жақсы ойын өрнегін көрсетуде.
Жүлде қоры 259 303 АҚШ долларын құраған жарыстың тұсаукесер кездесуінде Путинцева ресейлік Диана Шнайдерді 6:2, 6:3 есебімен еш қиналмай ұтты. Екінші кезеңде ол Ресейдің тағы бір өкілі Диана Савиныхпен сайысқа түсті. Бұл жолы да жерлесіміз қарсыласын оңай еңсерді. 1 сағат 19 минутқа созылған бәсеке 6:1, 6:2 есебімен аяқталды. Ширек финалда еліміздің екінші ракеткасы жапониялық Химео Сакацумэ мен қытайлық Синьюй Ван арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады.
Аталған турнирде WTA рейтингінде 78 орында тұрған Юлия Путинцевадан бөлек, қытайлық Чжу Лин (әлемнің №35 ракеткасы), аргентиналық Надия Подороска (№82) және жапониялық Нао Хибино (№91) сынды танымал теннисшілер өнер көрсетуде.