5-12 қыркүйек күндері Польшаның Быдгощ қаласында ұйымдастырылған шахматтан әйелдер арасындағы ІХ командалық әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеп, күміс медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасының шахматшылары елге оралды.
Астана қаласының халықаралық әуежайынан ойыншылар мен бапкерлерді туыстары, достары, БАҚ өкілдері, Спортты дамыту дирекциясы мен Астана қаласы Спорт және дене шынықтыру басқармасының қызметкерлері зор ықыласпен күтіп алды.
«Ұлттық құраманы жастардан жасақтап апарғанымыз біздің басымдығымыз болды дей аламыз. Өйткені жас спортшыларымыз жылдам шахмат ойнауға бейім. Ереже бойынша әр жүріске 10 секундтан беріледі. Бұл, әсіресе, Франция құрамасымен болған ойында қатты көмектесті. Иә, командадағы барлық ойыншы – жасөспірімдер, жастар арасындағы әлем чемпионы. Алайда ешқайсысы ересектер арасындағы мұндай ірі сында ешқашан көзге түспеген. Сондықтан мамандардың көбі Польшадағы чемпионаттың «тосын сыйы» деп біздің шахматшыларды айтты. Соның ішінде Алуа Нұрманова ерекше көзге түсті.
Алда тағы да маңызды бәсекелер бар. Азия ойындарында команда сапын тәжірибелі Жансая Әбдімәлік пен Динара Садуақасова толықтырады. Негізгі қарсыласымыз Қытай мен Үндістанның да дайындығы жоғары деңгейде екені белгілі», деді Павел Коцур БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева Польшадағы додадан кейін бірден Германияға кезекті жарысқа қатысу үшін ұшып кеткен. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына алдағы аптада сол мемлекеттен аттанады.
Айта кетейік, биыл Қазақстан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында алғаш рет жүлдеге ие болды. Польшадағы сайыстың барлық жүлдегері (Грузия, Қазақстан, Франция) А тобында өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Осы уақытқа дейін әйелдердің дүниежүзі додасында жеті мемлекеттің ойыншылары тұғыр сатысына көтерілген.