Осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Ақтау мен Құрық теңіз порттары арқылы тасымалданған жүк айналымының өсімі 12%-ға артты. Ал жалпы Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша өсім 80 пайызға жеткен.
Теңіз порттарындағы мұнайды ауыстырып тиеу бойынша ең жоғары өсім – 53%, сондай-ақ пароммен тасымалдау – 12%. Осы қыркүйек айында Abu Dhabi Ports Group қатысуымен қазақстандық Semurg Invest компаниясы салған Құрық портындағы жаңа терминалдан астықтың бірінші партиясын жөнелту көзделіп отыр.
Есімізде болса, Президенттің арнайы тапсырмасына орай еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында осы жылдың ақпан айынан бастап Ақтау теңіз сауда порты және оның құрамындағы «Баутино» жүк ауданы, Құрық портының аумақтары «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына енгізілді. Енді порттардың инфрақұрылымын дамыту істерімен бірге экономикалық аймақта 2025 жылдың соңына дейін контейнерлік хаб құру жоспарланған. Порттардың экономикалық аймаққа қосылуы өңірге әлеуметтік-экономикалық тұрғыда елеулі әсер етеді. Сондай-ақ Маңғыстау облысына инвестициялар тарту үшін қолайлы алаңға айналдырып қана қоймай, ірі халықаралық көлік дәліздерінің бірі болуына үлес қосады. Мұнымен бірге порттарға әлемнің үздік логистикалық компанияларымен жұмыс істеуге жол ашады.
Ақтау теңіз порты – құрғақ жүктер, мұнай және шикі мұнай өнімдерін шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке, сондай-ақ Әзербайжан, Иран, Түрікменстан, Ресей елдеріне жүк тасымалдайтын айлақ. Мұнда жылдық қуаты 12 млн тонналық 6 мұнай айлағы жұмыс істейді. Ақтау портының тасымалдау үлесі Каспий теңізіндегі жалпы тасымал көлемінің 40%-ын құрайды. Осы уақытта Қазақстан Ақтау порты арқылы халықаралық көлік дәліздерінің түйініне айналып отыр.
Ал Құрық портында 4 айлақ жұмыс істейді. Оның екеуі теміржол арқылы келген жүктерді паромға тиеуге арналса, қалған екеуінен көліктер түсіріледі. Қазіргі уақытта порттың қызметін дамытып, жүк тасымалын одан әрі арттыру үшін тағы бір айлақ салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл арқылы салмағы ауыр жүктер мен контейнерлер тасымалданады.
Оған қоса келер жылдан бастап Құрық портында қазақстандық паромдарды қабылдау жоспары бар. Бұл өз кезегінде Ресей және Иранның екі портымен жаңа маршруттардың ашылуына септеседі. Кейінгі жылдағы геосаяси жағдайға байланысты Құрық портында жүк тасымалы артқан. Биыл жыл басынан бері мұнда 550 мың тоннадан аса жүк тасымалданыпты. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2 есе көп болып тұр.