Өткен апта Африка құрлығына ауыр тиді. Әуелі Мароккода жер сілкініп, үш мыңға жуық адам қаза тапты. Мыңдаған адам жарақаттанды. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол себепті мерт болғандар саны алдағы уақытта көбеюі мүмкін.
Марокконың Ұлттық геофизика институтының хабарлауынша жер сілкінісінің ошағы Марракештегі Аль-Хауз өңірінде 8 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісінің аумағы 400 шақырымға дейін сезілген. Зілзаланың магнитудасы 6,8 баллды құраған.
Шартараптан көмек қолын созған елдердің көптігіне қарамастан, Марокко билігі Ұлыбритания, Катар, Испания және Біріккен Араб Әмірліктерінің іздеу-құтқару топтарына ғана жұмыс істеуге рұқсат берді. Осыған байланысты халық ел басшылығын айыптап отыр.
«Doha News» агенттігінің хабарлауынша, Катар зілзаладан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек, іздеу-құтқару топтары мен құтқару көліктерін жіберген. Ал Испанияның қорғаныс министрлігі жексенбіде 56 құтқарушы мен 4 иісшіл иті бар Испанияның әскери іздестіру-құтқару бөлімі Мароккоға келді деп хабарлады. Сондай-ақ 30 құтқарушы мен 4 іздеу иті бар тағы бір әскери ұшақ жөнелтілді. Ұлыбритания 60-қа жуық іздеу-құтқару маманын, 4 іздеу итін, құтқару жабдықтарын және медициналық бағалау тобын жіберді.
Әдетте мұндай жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы (OCHA) агенттіктері арқылы көмек қолын созады. Атап айтқанда, Апатты бағалау және үйлестіру (UNDAC) және Халықаралық іздеу және құтқару консультативтік тобы (INSARAG) халықаралық көмекті үйлестіреді.
Негізі БҰҰ өкілдіктері оқиғадан 12 сағат өткен соң хабарлама қабылдап, зардап шеккен елдің үкіметі, БҰҰ өкілдігі немесе елдегі гуманитарлық қызмет үйлестіруші органның сұрау салған жағдайда апат аймағына жіберіледі. Мұндай жағдайда халықаралық мекеменің құтқару қызметі төрт аптаға жуық уақыт бойы тынбай жұмысқа кіріседі. Алайда Марокко үкіметі олардан әлі көмек сұраған жоқ.
«Марокко билігі қандай қолдау қажет ететінін анықтауы керек. Біз осы мәселелер бойынша билікпен тығыз байланыстамыз. Мұндай ауыр апат кезінде БҰҰ Марокко халқы мен үкіметін қолдауға дайын», дейді OCHA-ның өкілі Йенс Лаерке.
Марокконың көмек қолын созғандарды таңдап алуын кей сарапшы да, қарапайым тұрғындар да сынға алған. Бірақ ресми билік өкілдері мұның артында ешқандай саясат жоқ екенін алға тартады. Мәселен, Марокко стратегиялық барлау институтының президенті Әбделмалек Алауи.
«Халықаралық көмекті қалай бағыттау керек деген мәселе апаттың бірінші күнінен бастап талқыланып келеді. Көмек тым көп көрсетілсе, онда ұйымдастыру мәселесінде қиыншылық туады. Мұны апатты жағдайда реттеу оңай емес. Марокко көрсетілетін халықаралық көмектің бәрін қолдайды. Бірақ оны тиімді ұйымдастыру керек», дейді.
Германия сыртқы істер министрлігінің өкілі Марокко билігінің ресми Берлин ұсынысынан бас тартуынан ешқандай саяси шешім көрмейтінін жеткізді. «Германия мен Марокко арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жақсы», деді баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, елдегі шенеуніктер Германияның көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан.
Осы орайда Франция мен Марокко арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар нашарлағанын еске салған жөн. Францияның сыртқы істер министрі телеарнаға берген сұхбатында зардап шеккен өңірге көмектесуге дайын екенін жеткізді. Франция апат аймақтарында белсенді жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдарға 5 миллион еуро (5,4 миллион доллар) көлемінде көмек беретінін жариялады.
Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы федерациясы (IFRC) апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 100 миллион еуро жинау туралы шұғыл үндеу жариялады. «Біз адамдардың ең өзекті қажеттіліктерін қанағаттандыруымыз керек, соның ішінде денсаулық, су, санитария, гигиена және баспана», деді Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы федерациясының жаһандық операциялары директоры Кэролайн Холт.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Марракеш-Сафи аймағында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Король VI Мұхаммедке көңіл айтты.
«Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ бауырлас Марокко халқына көңіл айтамын», деп жазылған жеделхатта.
Салыстырмалы түрде 6,8 баллдық жер сілкінісі орташа деңгейге жатады. Бірақ осыншалықты ауыр апатқа әкеп соғуының өзіндік себептері бар. «Nature» журналының мәліметіне сүйенсек, Солтүстік Африка орташа сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Африка мен Еуразия тектоникалық тақталарының үздіксіз соқтығысуы салдарынан жер асты дүмпулері үздіксіз болады.
Лондондағы «Arup» инженерлік консалтингінің сейсмикалық дизайн директорының орынбасары Зигги Лубковскидің айтуынша, мәселенің мәні екі тақтаның құрлықтық екенінде жатыр. Яғни жұма күнгі жер сілкінісі Атлас тауларының түбінде туындап, жоғары қарай тараған. «Бұл – өте күрделі, ескі қақтығыс», деді З.Лубковский.
Марокко орташа белсенді аймаққа жататындықтан, ауқымды жер сілкінісі сирек кездеседі, бірнеше жүз жылда бір рет туындайды. Өкінішке қарай, мұнда сейсмологиялық жазбалар сирек тіркеледі. Әрі тарихи деректер де жоқтың қасы. Сарапшылардың айтуынша, бұл да зілзаланы алдын ала болжауға үлкен кедергі келтіреді.
Келесі мәселе мынада. Өңірдегі тектоникалық тақталардың қиылысқан жері әртүрлі. Түркия секілді кейбір аймақта біртұтас нақты шекара белгілі. Ал Африканың солтүстігінде мұндай емес, әркелкі. Сол себепті мұнда зілзаланың қаупі үлкен емес, бірақ бір сілкінсе оңдырмай түсіреді.
Ұлыбританиядағы Лондон университеттік колледжінің апатты зерттеушісі Илан Келман лезде көп адамның қаза табуына ел билігін кінәлайды. Оның айтуынша, үкімет мұндай апатқа дайын емес. «Адамдарды жер сілкінісі өлтірмейді, инфрақұрылым құлағанда соның астында қалады. Зілзаланың салдары қатты әсер етті, өйткені оған ешкім дайын емес еді», дейді И.Келман.
Бұған дәлел ретінде зерттеуші 1960 жылы 29 ақпанда Мароккодағы Агадирде болған 5,9 балдық жер сілкінісін алға тартады. Сол кезде қала халқының үштен бір бөлігі қаза тауып, тағы үштен бірі жарақат алды. Бәрі ғимараттардың құлауынан зардап шекті.