Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында жер қойнауын пайдалануға қатысты заң жобасы қабылданды. Сонымен қатар экспортты ілгерілетуге, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құруға қатысты құжаттарды да қарады.
Атап айтқанда, депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжатқа сәйкес, жер қойнауын пайдаланушыларға дайындық кезеңінде ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат берілмек
Рұқсат етілген жұмыс түрлерінің тізіміне ұңғымаларды қайта ашу, объектілерді опробациядан және сынақтан өткізу де кіреді. Оларды іске асыру экологиялық сараптамадан өткеннен кейін бекітілген кен орнын игеру жобасының негізінде рұқсат етіледі.
«Жалпы, заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, сонымен қатар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің реттеуші шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшу, барлық сараптаманың мерзімін 8-12 айға дейін қысқарту, рәсімдер бойынша әкімшілік шығындарын 2 есеге (120 күннен 50 күнге дейін) қысқарту, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру ескерілген», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Дүйсенбай Тұрғанов.
Тағы бір түзету жер қойнауын пайдаланушыға келісімшарттық міндеттемені орындамағаны үшін айыппұл төлемей, барлау кезеңінде сейсмикалық барлау нәтижелері бойынша келешегі жоқ ұңғыманы бұрғылаудан бас тарту құқығын береді. Ол үшін сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей тиісті өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар құрлықтағы барлау жұмыстарын жүргізу кезеңінде барлау жобаларын әзірлеу және бекіту кезіндегі хабарлама жасау тәртібін енгізуді ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшу қарастырылған. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салуға рұқсат берудің жеке тәртібі және оны беру мерзімін он бес жұмыс күніне дейін қысқарту және басқа да түзетулер енгізіледі.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат жөнінде Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев баяндама жасады.
«Заң жобасы сақтандыруға және қайта сақтандыруға арналған лицензиясыз әрекет ететін, шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау және дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік беретін экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған. Құжат жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жоба тұжырымдамасын мақұлдады. Ресей, Мажарстан, Аустралия және Үндістандағы экспорттық-кредиттік агенттік тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ол ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті», деді Қ.Төребаев.
Министрлік өкілінің айтуынша, ЭКА құру барысында аналогті үлгіде сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, уағдаласқан салымдар, субсидиялау, яғни өзге компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын функцияларды қарастыру ұсынылады.
Осы орайда экспорттық-кредиттік агенттік жұмысынан қандай нәтиже күтілетініне тоқталды. Біріншіден, 2025 жылға орай 41 млрд долларға дейін шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің өсуі туралы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізіледі.
Екіншіден, экспорттаушыларды қолдауда маңызды функцияларды иеленетін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдері тәжірибесі бойынша елімізде алғаш рет заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құрылады. Үшіншіден, операциялық қызметке араласпастан, Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауында болу механизмдері құрылады.
«Заң жобасы арқылы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда ЭКА құқықтық мәртебесін көздеу ұсынылады. Яғни шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілетуде ұлттық институт мәртебесін иеленетін, Үкіметтің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға ұғымы түсіндіріледі», деді Қ.Төребаев.
Бұдан кейін депутаттар «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы Еуразиялық экономикалық одақ аясында халықаралық қаржы ұйымы ретінде әрекет етеді және экспорттаушылардың сақтандыру тәуекелдерінің бір бөлігін өз мойнына алады.
«Бұл келісімді жасасу оған мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шараларын, оның ішінде сақтандыруды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыру. Аталған құжат жаңадан құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды. Компанияның функцияларын және жарғылық капиталға қатысу үлестерін төлеу тәртібін бекітетін жарғы келісімнің ажырамас бөлігі болады», деді Қ.Төребаев.
Оның айтуынша, келісімді қабылдау ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, бірлескен бизнес-жобалардың үшінші елдердің нарықтарына шығуына белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
«Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы экспорттық-импорттық операцияларды қолдайтын ұйымдарды қайта сақтандыру қорғанысымен қамтамасыз ету арқылы сын-қатерлерін төмендетеді. Өз кезегінде ел экономикасы ЕАЭО елдерімен сауда айналымын едәуір ұлғайту, олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу үшін серпін алады. Келісімде қолданыстағы заңнаманың барлық талабы ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан заңдарына еш өзгеріс енгізбейді», деді Қ.Төребаев.
Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар ратификацияланатын құжатты жұмысқа алды. Олардың қатарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы мемлекеттердің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісім бар. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.