• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2023

Жамбыл облысында үшем дүниеге келді

710 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында 32 жастағы әйел үшем дүниеге әкелді. Жаңа туған нәрестелердің үшеуі де қыз. Бұған дейін егіз ұл босанған келіншек осылайша көпбалалы ана атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараздағы перзентханадан Найзабековтар отбасы ша­ңы­рақтарына үлкен қуанышпен оралды. Бір емес үш бірдей қыздың әкесі атанған Нұрбол Найзабеков – мемлекеттік қызметкер. Меркі ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінде бас инспектор болып қызмет атқарады. Ал анасы − Гүлжан Әбдібаева №17 И.Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Үшем қыздар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 33-аптасында дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 490 грамм болса, екіншісі − 2 300, үшіншісінікі 2 700 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы қыздарының есімдерін Аяна, Айша, Айла деп қойыпты. Гүлжан Әбдібаеваның айтуынша, әулеттерінде күйеуі мен өз жағынан да егіздер бар.

«29 тамызда дәрігерлер жүктілігімнің 33-аптасында жоспарлы түрде кесарь тілігімен босандырды. Қатты қиналмадым. Операция сәтті өтті. Қыздарым шала туғандықтан демалуы қиындап, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ертесіне балаларым неонатология бөліміне ауыстырылды. 3-4 күннен кейін денелері сарғыштанған соң, сәуле терапиясын қабылдадық. Дәрігерлерге рақмет, жақсы қарады. Қыздарымның жағдайы жақсарған соң екі аптадан кейін ғана үйге шықтық», деді үшемнің анасы.