Полиция басқармасының пультіне Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мектепке «мина қойылды» деген қоңырау түсіп, оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланған. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Қарабұлақ ауылындағы білім ордасына жарылғыш зат туралы жасырын хабарлама келіп түскен. Айта кетсек, мектеп ғимараты тұрғын үйлерге және Ескелді ауданы әкімдігіне жақын орналасқан.
«Сағат 11:14-те Қарабұлақ ауылындағы Н.Алдабергенов атындағы мектептің мұғалімдеріне «мектепке жарылғыш зат қойылғаны» туралы хабарлама түсті. Барлық оқушы, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер білім ордасынан қауіпсіз қашыққа көшірілді. Мектеп аумағы қоршауға алынды», деп мәлімдеді Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған мектептің маңайында полиция департаментінің саперлер жасағы, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері, учаскелік полицейлер, дәрігерлер жұмыс істеп жатыр.