Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымы басталғалы бері Астананың «Барысы» қатарынан бес бәсекеде жеңіліс тауып, өз жанкүйерлерін жерге қаратқан еді.
Алтыншы кездесуді жерлестеріміз Владивостоктың «Адмиралына» қарсы өткізді. «Барыс Аренадағы» бәсекеде есепті 6 минутта Жозеф Лабейт ашты – 1:0. Арада10 минут өткеннен соң қонақтар таразы басын теңестірді – 1:1. Үзілістен кейін Павел Шэн Қиыр Шығыстан келген команданы алға шығарды – 1:2. Көзді ашып-жұмғанша Джереми Бракко нысананы дәл көздеді – 2:2. Үшінші кезең басталған бетте «Адмирал» қайта алға шықты – 2:3. Бірақ «Барыстың» ойыншылары еш сасқан жоқ. 43 және 54-минуттарда Роман Старченко қатарынан екі мәрте мергендік танытып, елордалық клубқа жеңіс сыйлады – 4:3. Бұл – «Барыстың» чемпионаттағы алғашқы жеңісі.
Қазіргі кезде «Барыс» бес ұпайды еншілеп, түрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 18-орынды қанағат тұтуда. Бүгін жерлестеріміз өз алаңында Нижнекамскінің «Нефтехимигін» қабылдайды.