Сенбі күні футболдан ел чемпионатының 22 туры аясында үш кездесуді тамашаладық. Бұл ойындар Астана, Атырау және Ақтөбеде өтті.
Жарыс кестесінде үшінші орында келе жатқан «Астана» «Тобылды» қабылдады. Кездесудің 5-минутында Дембо Дарбо қақпашымен бетпе-бет қалып, оны оңай алдап өтті де допты торға тоғытты. Содан кейін ойын біраз саябырсып қалды. Қос команда ұзаққа дейін бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. 77-минутта Алекс Аманович екінші голды соқты. Қостанайлықтардың тек бір ғана нәтижелі соққымен жауап қайыруға күш-жігерлері жетті. Бәсекенің соңында Серж Дебле 11 метрлік нүктеден нысананы дөп көздеді – 2:1.
«Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы кезесуде Асхат Тағыберген 17 метрдей қашықтықтан айып добын мінсіз орындаған еді. Оның қаңырата тепкен добы қақпаның бағанасына тиіп, тура тордан табылды. Бірақ шымкенттіктер бұл басымдықты сақтап қала алмады. 61-минутта Андрия Филипович және 81-минутта Франка Ньянгбо гол соғып, алаң иелеріне жеңіс әперді – 2:1. Матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Тағыберген 11 метрлік нүктеден мүлт кетті. Ал «Атырау» мен «Қызылжар» арасындағы матчта есеп ашылған жоқ – 0:0.