Сербияның астанасы – Белградта күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталды. Бұл жарыста түрлі-түсті медальдардан бөлек, 18 олимпиадалық салмақ дәрежесі бойынша 90 жолдама сарапқа салынады. Яғни 2024 жылы Парижде алауы тұтанатын ғаламдық додаға қатысуды мақсат тұтқан балуандар дәл осы байрақты бәсекеде алғашқы бестіктен көрінуге тиіс.
Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы күні боз кілемге шыққан төрт жерлесіміздің үшеуі тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. 61 кило салмақтағы Өсімжан Дастанбек америкалық Виталий Оруджевтен 0:10 есебімен ұтылды. АҚШ спортшысының әкесі де кезінде мықты балуан болған. Тегі әзербайжандық Вугар Оруджев тоқсаныншы жылдары КСРО, Беларусь және Ресей құрамалары сапында өнер көрсетіп, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері және әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Ал Виталийдің өзі Панамерика біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Десек те Өсімжан үшін жарыс әлі аяқталған жоқ. Оруджев финалға шыққанының арқасында ол жұбаныш белдесулерде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
70 кило салмақтағы Санжар Досжановтың жастар арасындағы Еуропа чемпионы, Яшар Доғу мемориалының жеңімпазы, әзербайжандық Магомед-Башир Ханиевке әлі жетпеді. Бұл бәсеке 2:9 есебімен аяқталды. 125 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Юсуп Батырмұрзаев Американың алыбы, жастар арасындағы әлем чемпионы Мейсон Пэрристің темір құрсауынан құтыла алмай, тас-талқан болып жеңілді – 0:10.
Жарыстың алғашқы күні қазақ жанкүйерлерін Азамат Дәулетбеков қана қуантты. 86 кило салмақта айқасқан ол бастапқы бәсекеде литвалық Домантас Павлюченконы 9:0 есебімен ойсырата ұтса, келесі кезеңде жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлық чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Иван Ярыгин кубогінің иегері, ресейлік Арслан Багаевті қос жаурынымен жерге қадады. Ширек финалда Францияның туы астында өнер көрсетіп жүрген жастардың Еуропа чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, чешенстандық Рақым Магамадовқа соқыр ұпай да ұстатай, айқын басымдықпен жеңді – 10:0. Жартылай финалда Дәулетбеков АҚШ-тың атақты балуаны, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Дэвид Тэйлорға жол берді. Енді қазақ балуаны қола медаль үшін таласады.
Кеше аталған салмақ дәрежелері бойынша алтын және қола медаль үшін белдесулер өтті. Бас жүлде үшін мына балуандар күш сынасты: 61 кило – Виталий Оруджев (АҚШ) пен Абасгаджи Магомедов (Ресей), 70 кило – Әмир Яздани (Иран) мен Зейн Резерфорд (АҚШ),
86 кило – Хасан Яздани (Иран) мен Дэвид Тейлор (АҚШ) және +125 кило – Әмир Заре (Иран) мен Гено Петриашвили (Грузия).