• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Қыркүйек, 2023

Атанға артқан зеңбірек...

333 рет
көрсетілді

Қазақ тарихында әлі күнге дейін толық зерттеліп, тұжырымдалмаған бір сала бар. Ол – халқымыздың жауынгерлік өнері. Соның ішінде, үлкен ақын Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында: «Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер, Зеңбірек атанға артқан найзагерлер, Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай, Алатау берік қорған жұмақ жерлер» дегеніндей, қазақ жауынгерлері атан түйенің үстіне зеңбірек немесе отты қару орналастырып, жаумен шайқасқаны жайлы біле бермейміз.

Жалпы көшпелілердің со­ғыс тарихында отты қару (мыл­тық, зеңбірек, т.б.) пайдаланға­ны жайлы дерек көп. Оған дәлел 1961 жылы Алматы қаласында Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көр­ген қырғыздың «Манас» эпо­сының «Көкетайдың асы» атты екінші кітабының 61-бетінде:

«Сарт еткенде шүріппе,

Қара түтін бұрқырап,

Оқ зымырап, зырқырап,

Кейінің үні шырқырап,

Кейінің үні қырқырап,

Кейінің үні шұрқырап,

Кейінің үні күркіреп,

Кейінің үні дүркіреп,

Ұшса да оқтар аңырай,

Жамбыға тұрды

дарымай...» –

деп жырланса, келесі бір мәлі­мет аталған туындының 76-бе- тінде:

«Жайсаңбайдың маңғұлы,

Түйе үстінен оқ атты,

Күркірете боратты,

Түйе мылтық күркіреп,

Жауған оққа беттемей,

Несқараның әскері,

Жосып берді дүркіреп...» –

делінген екен. Бұл шумақтар көшпелілердің ертеде от қару қол­данғанын көрсетсе, тіпті Ма­нас батырдың өзі­нің жеке «Ақ­келте» атты қол зеңбірегі бол­ғаны туралы да айтылады:

«Есіне түсті Ақкелте,

Өзегі болат, аузы обыр,

Түтіні тұман дүмі зіл,

Көздесең тажал,

оғы ажал,

Асынып жүрген Ақкелте,

Ашуы келсе қырыпсал,

Шындығында зеңбірек,

Бабын білсең тым бөлек,

Арыстан қолға алады оны,

Көк білтесін тұтатып,

Бетіне төсей қалды оны,

«Дәл өкпенің тұсы» – деп –

Өлер жерің осы» – деп,

Шірене басып салды оны,

Түтін қалды бұрқырап,

Алты арқанның бойындай,

Көтеріле бір тулап...» –

деп сипатталады.

Оның сыртында ғұлама атамыз Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» атты жазбасында: «Қара­өткелде аға сұлтан Қоңырқұлжа дуан басы болған. Кенесарыға қарсы тұрып соғыс салған. Қараөткелді (Ақмола бе­кінісін айтады) қамағанда Кене­сары күлдірмамай деген мыл­тығымен Тай­тө­бенің басында тұрып, орыстың қарауылшы бал­сәйкесін (полицейін) атып мұрт­тай ұшырған» дейді (А.Смайыл. «Астана ғасырлары» Астана, 2010, 149-б.). Бұл оқиға тіпті бертінде 1838 жылы болғанын тарихтан білеміз.

Сол сияқты, тағы бір дерек 1719-1730 жылдары Астрахан және Қазан губернияларын бас­қарған губернатор Артемий Пет­рович Волынский (1989-1740) далалық қазақтардың қолында садақтан мылтық көп екені туралы дерек жазып қалдырған.

Аталған тақырып бойынша ізденіп жүрген жас журнал­шы Нұрбек Бекбау, қазақ жа­уынгерлері әр жылдары әр түр­лі отты қару қолданғаны жа­йында айтып, бірінші шиті мыл­­тық (кең таралған, пілтемен оқ­та­­латын қару), екінші қара мылтық (екі адам иығына асып жүреді, біреуі атады), үшіншісі қозыкөш мыл­тық (ұнғысының іші оқ алысқа ұша­тындай иір тал­данып жыраланған), төртін­ші күлдірмамай (жоғарыдағы ­Ке­не­сары мылтығы), бесінші ақ­бе­рен (мергендердің мыл­ты­­­ғы), алтыншы темір оқты шамғал мыл­тық («Шамғалды қойды қа­тар­ға, Жиылған көпке атарға» дей­тін жыр жолдары бар) дей оты­рып, қазақтар түйеге артып жүре­тін жезайыл атты зеңбірек ­қол­данғаны туралы айтады.

Ал жоғарыдағы «зеңбірек» атауына тоқталсақ, тіл мамандары бұл парсы сөзі дейді. Өйткені тарихта алғаш түйелі зеңбірек қо­сынын өмірге әкелеген парсылар. 1770 жылы олармен соғысқан орыс генералы Сергей Тучков: «Зең­бірек орнатқан түйелі керуен­ құм мен шөлге қарамай, қажет тұсқа жетеді. Тоқтаған соң оны үстіндегі адам бұйдасынан тартып, шөктіреді. Содан кейін әлгі кісі бұйданы тастап зеңбірек­ті аузынан оқтап, білте тұтатып ата­ды» деп жазғаны бар. Парсы­лар осы қаруды «Замбурак» деп атаған. Қазақ оны өз тіліне бейімдеп «зең­бірек» деген сы­ңайлы.

Ойланарлық оқиға парсылар зеңбі­рекпен берік қамалдарды ататын болған. Зырқырай ұш­қан оқ тас қамалға тиіп оны құлат­паса да ойып түсіретін еді. Осы ойықты немесе тыртықты «дық» дейді. Бұл тасқа түскен ойық-дық сол күйі қалады. Атам қазақтың «көңілде дық қалды» дегені пар­сылардың дығымен салаласып жатқан сияқты.

Атан түйеге артқан зеңбірек қазақта да болған. Қазір оның нұсқасы Ресейдің Омбы қала­сын­дағы тарихи-өлкетану музейін­де орыс, қытай, жапон, неміс, италиял­дық, швед, қазақ, ұйғыр, өзбек ұсталары жасаған 800-ден астам жәді­гердің қатарында тұр.

Қазақтар зеңбірек орна­тыл­­­ған түйе­нің өркеші немесе бүйі­рін оқ бүрік­кен­де жалын ша­лып кетпес үшін қалың киіз­­­бен орап, әр атқан сайын киіз­­ді сулап отырғаны жайлы мәлі­мет бар. Орыс деректерінде қазақ­тар зеңбіректі жоң­ғар­лар мен бұқара-қоқандықтардан алып отырған дейді. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені 1714 жылы ойрат­тар­дың қолына түскен швед офи­цері Ренат Густав оларға Құл­жа қаласында өндіріс ашып зеңбі­рек жасап берген. Осы тұста Ренат­пен кездескен Ресей елші­сі Л.Угрю­мов құпия баянхатын­да: «Швед офицері Ренат 1729 жы­лы ойраттарға 4 фунттық 15 зең­бірек, кіші калибрлі 5 зең­бі­рек, 10 фунттық қысқа ұңғылы 20 жа­ңа зеңбірек жасап беріп, олар­ға қалай қолдануды үйретті» депті.

Ойраттар бұл зеңбіректі ал­ғаш рет 1731 жылы қытайлармен бол­ған Тұрфан шайқасында қол­данған. «Соғыста қон­тай­шы жа­ғы қытайдың қара-құрым жаяу әскерін осы зеңбіректермен атып, тас-талқанын шығарды. Төбелер үстіне шөгерілген түйелердің арасында атпен шауып жүрген Густав артиллериялық атыс­қа тікелей басшылық етті» деп жазады ресейлік барлаушылар.

Ойраттар зеңбіректі қазақ­тарға да қарсы қолданған. Қожа­берген жырау: «Жоңғарлар қор­ғасын оқ боратқанда, Найза ұстап, садақ асып қарсы шық­тық...» десе, жазушы І.Есенберлин шы­ғар­маларында қазақ сарбазда­ры аса ұш­қыр аттарды пайдаланып, жау зеңбі­рекшісі білтеге от қойып үлгергенше жетіп барып басын шауып тастағаны туралы жазба бар.

Ал қазақ жауынгерлері өткен ғасыр­дың басында соғыста тү­йелі зеңбірек қолданғаны жайлы жазушы марқұм Әнес Сарай «Egemen Qazaqstan» газе­тінің 2018 жылы 20 наурыз күні жа­рық көрген «Алаштың табаны – Торғай, жұлыны – Жымпиты, өзегі – Семей» атты мақаласын­да: «Өткен ғасыр басында балшабектер қолына өткен Кеңес өкі­меті Түркістанды азат етеміз деп 4-Түркістан майданын ашты. Оған барлық қару-жарақты үйіп беріп, Фрунзеге басқартты. Ала­пат күш дүниені басып-жаншып Оңтүстікке қарай жылжы­ды. Осы қызылдарға қарсы Батыс Алашорда әскері кәдімгідей со­ғысты. Оған Толстов отряды кө­мектесті. Алаш әскерлеріне «қы­зылдарды Темір, Ойыл, Електен өткізбеңдер» деген тапсырма болды. Бірінші соғыс Жымпиты­ның терістігінде Аққаты өзенінің жағасында болды. Бұл 1919 жыл. Толстовтың отрядында түйеге зең­бірек орнатып алған Алаштың әскерлері жүрді» деп жазады.

Оның бер жағында қазақ ки­немато­графистерінің тұңғыш туындысы 1938 жылы түсіріл­ген «Амангелді» фильмінде түйе үстіне орналасқан зең­бірек пайдаланып, жаумен со­ғысқан сарбаздар бейнесі ежел­гі көшпенділердің далалық со­ғыс өнерінің жаңа заманға лайық­талған бір көрінісі іспеттес. Ал мына өздеріңіз кө­ріп отырған екі фото дәл осы оқиғалар кезінде түсірілгені анық.