Өңірлердегі сакралды нысандарда өтетін «Kieli tabigat» республикалық акциясы аясында Сыр жастары да бас қосты. Киелі орындар айналасын тазалау арқылы экологиялық мәдениетті арттыруды көздеген акцияны қоғамдық даму, мәдениет және спорт басқармасы, жергілікті аудандық әкімдіктер, жастар ресурстық орталықтарының бірлесе ұйымдастырды.
Сығанақ тарихи кешенінің айналасына жүздеген жас таңнан жиналды. Бастамадан Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы музей қызметкерлері, көне қалашық іргесінен орын тепкен Сунақата ауылының жастары да сырт қалған жоқ. Облыстық мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Жанар Жақыпова бұл қозғалыстың көне тарих көмбесіндей Сыр өңірі үшін маңызы ерекше екендігін атап өтті. Киелі орындарға қамқорлық танытқан жастар бастамасы алда да жалғасын табатынына сенім білдірді.
Жалпы, Жаңақорған ауданында републикалық маңызы бар 6 тарихи орын бар. Солардың басында әр дәуір зерттеушілер VI-XVIII ғасырлар аралығында гүл жайнаған қала болған деген байлам жасаған осы Сығанақ тұр. Қай кезең деректерінде де тыныш өмірдің, береке мен байлықтың бесігі ретінде суреттелген қала орнына кейінгі жылдары археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құнды жәдігерлер табылып отыр. Осыған орай тарихи шаһар басындағы тіршілікті көргісі келетін туристер қатары артып отыр. Жастар осы кешен айналасындағы шөптерді шауып, күл-қоқысты тазалады.
Облыс жастары экологиялық сана мен мәдениет деңгейін арттырып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үндеген бастама аясында Қорқыт ата кешені жанындағы Ақсақ қыз ескерткішіне, Жанқожа баба мен Қалжан ахун кесенелері айналасында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қызылорда облысы