• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 18 Қыркүйек, 2023

Ауыл шаруашылығы: Ғылым және тәжірибе

407 рет
көрсетілді

Мемлекеттің жаңа экономикалық саясаты ішкі нарықты ауыл ша­руашылығы тауарларымен жет­кілікті түрде қамтамасыз етіп, им­портқа тәуелділікті азайтуды көз­дейді. Бұл ретте азық-түлік сая­сатында жетекші рөлге ие аг­рарлық саланы дамыту маңызды. Оның үстіне елімізді Еуразиядағы жетекші аграрлық орталықтардың біріне айналдыру бастамасы агроғылымға да жаңа міндеттер жүктеп отыр.

Мәселен, алдағы үш жылда өңделген өнім­нің үлесін 70 пайызға жеткізу үшін аг­ро­­фир­маларды ынталандыру, жы­лы­­жай, тұқым, жеке қосалқы ша­руашылықтардың жұмысын жандандыру керек. Дегенмен академик Тілек­тес Есполов атап өткендей, агроке­шен­дегі жағымды жаңалықтарға, жақсы нә­тижелерге қарамастан, ауыл шаруашылығын ішкі нарыққа бейім­деудің, шикізаттық емес секторды да­мытудың түйткілді мәселелері жетерлік.

– Елімізде тауарлардың жекелеген түр­лері мен материал­дық-техникалық ресурс­та­ры импортқа тәуелді. Көкөніс, же­міс, ет және сүт өнімдерін ше­телден ала­мыз. Ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің 60-70 пайызы шикізат түрінде экс­портқа бағыт­талады. Ал елімізде өндірілетін өнім­ді өңдеу үлесі өте төмен. Өзімізде өндіріл­ген азық-түліктің негізгі түр­лері жергі­лікті тұтынушыға қол­жетімсіз. Иннова­ция­лық үр­діс­терді өндіріске енгізу жағы да өте баяу. Көп жағдайда аграрлық сала ин­вес­торлар үшін тартымсыз болатыны да сон­­дықтан. Ғылыми-техникалық әзірле­ме­­лердің шамамен 8 пайызы ғана өнді­ріс­ке еніп отыр. Ауыл тұрғындарының озық агро­тех­нологияларға қолы жете бер­мейді. Осын­дай жайттардың салдарынан кейінгі отыз жылда дәнді-дақылдардың өнім­ділігі гектарына 10,6 центнерге дейін құлдырады, кейбір өңірлерде көрсеткіш бұдан да төмендеген. Қазіргі уақытта ірі қара мал саны 1991 жылғы деңгейден айтарлықтай азайды. Әрине, аталған проблемалар бірнеше фактордан туындаға­ны анық. Соның ішінде әсіре­се агроғылымды ұйымдастыру мәселелері алдыңғы қатарда тұр. Оны шешу ең алдымен тиімді басқаруға байланысты, – дейді Тілектес Есполов.

Жеріміздің асты мен үсті қа­зынаға толы болса да, аймақ­­тық ерекшеліктер қаперге алын­бай келеді. Академик Ғани Қалиев осындай пікірді алға тартты. «Әлеуметтік-экономикалық жағ­­­дайына сәйкес, еліміз 9 ша­руашылық аумаққа бөлін­ген. Осы аумақтарда ауыл шаруа­шылығын тиісті деңгейде дамыта алмай отырмыз. Бүгінде саланың материалдық-техникалық базасы жұпыны. Ауыл шаруашылығы техникаларының 85 пайызы тозған. Жайы­лымдардың 70 пайызында су жоқ. Осыған орай кезінде ғалымдардың баламалы энергия көздерін пайдалануға қатысты ұсыныстарына орай сынақ жұмыстары жүргізілген еді. Бұл шаруа да аяқсыз қалды. Қазіргі кезде шағын фермерлік шаруашылықтар негізінде кооперациялар құрып, білікті мамандармен қамтамасыз етуге мән беру қажет», деді Ғани Қалиев.

Өсімдік селекциясы, гене­тика ғылым­дарының бастауында тұрған академик Рахым Ора­залиев Қазақстан 1965-1992 жылдары Иран, Пәкіс­тан, Үндістан, Тәжікстан ел­деріне 6-7 млн тоннаға дейін ас­тық экспорттаған ел екенін еске салды. Жаңа технология­­­лар ғасыры еліміздің осынау ­әле­уетін қалпына келтіріп, өң­деу өнеркәсібін дамытуға ық­пал етуі керек. Өйткені ендігі жер­де мұнаймен алысқа бара алмаймыз. Оның қоры да таусылуға таяу.

– Кезінде Ауыл шаруашы­лығы акаде­миясы 40-тан астам шаруашылыққа ғылы­ми қол­дау көрсете отырып, өнімділік­ті есе­леп арттыруға ықпал ет­кені белгілі. Ізгі дәстүрді жал­ғастырып, шаруашылықтар мен агроғылымның арасын жал­ғай­тын кез келді. Саны бар, сапасы жоқ ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру уақыт күттірмейтін іс. Шаруа қожа­лықтары бір ұжым болып біріксе, техника алуға да, инвестиция тартуға да мүмкіндігі молаяды. Ал жердің бабын ұжымдасып тапсақ, бір гектардан 30 центнерге дейін өнім алуға болады. Ол үшін инженерлік-техникалық қорымызды бүтіндеп, Корея, Жапония, Германия сияқты ел­дердің техникаларын пайдалану қажет. Бұған қоса басқару әдістерін жүйелеу өнімділікті арттырып қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге өндірілген өнімді экспорттауға да жол ашар еді, – дейді Рахым Оразалиев.

Статистикаға сүйенсек, елі­міз биылғы жеті айда Өзбек­стан, Иран, Тәжікстаннан 9 млн долларға жуық сомаға 43,5 мың тонна қарбыз мен қа­уын сатып алған. Ал елімізден ше­тел­ге жөнелтілген бақша дақыл­да­рының жалпы сомасы 1 млн дол­ларға да жетпейді. Егістік жері жоқ Түркіменстанның өзі бұл нарықта белсенді ойын­шы­ға айналғалы қашан. Эконо­ми­ка институтының дирек­то­ры, ­академик Әзімхан Саты­балдиннің айтуынша, 2015 жылы ұн өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұрған Қазақстан қазір алғашқы ондыққа да кірмей қалды. Бүгінде Ресей шетелге 80-100 млн тонна, Украина 40 млн тонна астық экспорттайды. Импорттаушы елдер үшін Қазақстанның ұнынан гөрі астығын алған тиімді болып қалды.

– Ауыл шаруашылығын дамыту, аграр­лық әлеуетті көтеру мемлекет үшін ма­ңыз­ды болып қала береді. Ол үшін аймақ­тық ерекшеліктерді назарға ала отырып, шаруа­шылықтарды кооперацияларға біріктіру, бі­лікті мамандар даярлау ісі­не жете көңіл бөлетін кез жет­ті. Өкінішке қарай кейбір ­инс­титуттарда білікті мамандар да қал­маған. Тіптен, екі маманмен ғана отырған инс­титуттар бар. Ал биылғы оқу жылында жоғары оқу орындарында док­торантураға 1900-ге жуық орын берілген, алайда соның бір­шамасы игерілмеген. Бұл ретте аграрлық ғылым бойынша магистратураға бар-жоғы 50 шақты орын бөлінгені де қаперге алатын жайт, – дейді Әзімхан Сатыбалдин.

Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу инс­титуты директорының орынбасары, академик Ғалиолла Мейірманның айтуынша, республика жұртшылығын азық-түлік­пен тегіс әрі төмен бағада қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Ол үшін мемлекеттік бағ­дар­ламаларды төменнен бастап іске асыру керек. «Аймақтар­дың климаттық, ресурстық ерек­шеліктерін назарға ала отырып, бағдарламалар өңір­лердің әле­­уе­тіне сай икемделуге тиіс. Білік­ті маман­дар мәсе­лесіне жете кө­ңіл бөлумен қа­тар жергілікті жер­лерде мем­лекеттік бағ­дар­ламалар туралы ақпараттандыру жұ­мыс­тарын жүйелі жүргізу қажет. Шағын шаруашылықтарды коо­перативтерге біріктіруге, ғы­лымды өндіріспен ұш­тас­тыруға, саладағы ашықтыққа мән берген жөн. Ғалымдар қа­шанда шаруа­шылықтарға қол­дау көрсетуге, өнім сапасын арт­тыруға мүдделі», дейді ол.

Жаңа экономикалық саясат ғылымның әлеуетін көтеруді қажет етеді. Қазіргі кезде «жү­йесіздік», «тұрақсыздық» деген ұғымдар көптеген бағдар­ламаның нәтижелі болуына ке­дергі келтіріп отыр. Германия, Нидерланд, Түркия елдерінің тәжірибесіне қанық биология ғылымдарының докторы, академик Аюп Ысқақов «Аталған мемлекеттерде басшылық ауыс­қанмен, бағдарламалар тұрақты жұмыс істей береді. Сондықтан елімізде іске асып жатқан бағ­дарламаларды өзгертуге мораторий жариялау қажет» деген ойын жеткізді.

– Ол үшін басқару жүйесін тұрақтан­дырып, жетілдіру ма­ңызды. Ал ғылымда да, өндіріс­те де кездейсоқ мамандарға орын жоқ. Елімізде қазір адам ресурсы бойынша кері селекция жүріп жатыр. Сондай-ақ гранттық-конкурстық жүйе ауыл шаруашылығы үшін тиімсіз. Өйткені бір тұқым шығару үшін ғалымдар ондаған жылдар еңбектенеді, ал жобаны мерзіміне сәйкес үш жылда орындап шығу қажет. Осы орайда ғылым тарату жүйесіндегі кемшіліктердің алдын алып, ғылыми нәти­желердің өндіріске жетпей қалу себеп­терін анықтау қажет. Ғалымдардың мақ­са­ты шаруашылықтарға қолдау көрсету бол­ғандықтан, әрбір облыс аймақтық ерек­ше­ліктеріне қарай ғылымға тапсырыс беріп отыруға тиіс. Қазіргі жағдайда елімізде тұқым сапасын көтеріп, өнімділікті арттыруға климат­тық әрі экономикалық мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасына, сортына көңіл бөле отырып, ғылымға жас­тарды тарту, оларды жаңа технологияларға баулу салаға тың серпін береді, – дейді Аюп Ысқақов.

Бүгінде импортқа тәуелді саланың бірі – тұқым шаруа­шылығы. Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерт­теу инс­титутының дирек­торы, академик Темір­жан Айтбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тұқымның 90 пайызы шетелден әкелінеді.

– Институт ғалымдары бә­секеге қабі­летті сорттарды кө­бейту және енгізу, инно­­ва­циялық технологиялар арқы­лы респуб­­ликаның картоп, көкөніс және бақша ша­руа­шылығының тұрақты дамуын ғы­лыми тұрғыдан қамтамасыз ете отырып, жаңа сорттарды сұрыптаумен айна­лысып ке­леді. Сондай-ақ климаттық жағ­­дайларды, топырақ сапасын ескере оты­рып, зиянкес­терге, ауруға төзімді сорт­тарды шығару ісі қолға алынған. Бұл өз кезегінде химиялық залал­сыздандыру­ды қажет етпейтін, экологиялық таза өнім­дер өнді­руге мүмкіндік береді. Химия­лық заласыздандырудың зияны көп. Мұн­дай тәсіл топырақ­тағы пайдалы ағза­ларды өлтіріп, оның құнарлығына, био­ло­гиялық белсенділігіне кері әсерін тигі­зеді. Химиялық пестицидтер шет елдер­ден әке­лінетіндіктен, олардың құны да жоғары. Бұл шаруашылықтар үшін эко­номи­ка­лық тұрғыда тиімсіз. Сондық­тан ауру­ға тө­зімділікпен қатар еліміздің кли­­мат­тық ерекшеліктеріне, яғни ыстыққа, құрғақ­шылыққа төзімді, бейімділігі жоғары, сапалы сорттар шығару институт мамандарының алдында тұрған міндет, – дейді академик.

Ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, академик Болатхан Махатовтың пікірінше, қазіргі кезде жергілікті басқару жүйесіне жаңа мүмкіндіктер берілген. Бұл ауыл-аймақтар­дың дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізеді. Осы құзі­рет арқылы жергілікті жерде туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге, мемлекет, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени саланың ықпалдаса жұмыс істеуіне жол ашылады.

– Ел Президенті агроке­шен­ді дамыту үшін өнімді шикі­зат түрінде сатуға шектеу қоя отырып, өңдеу көрсеткішін 70 пайызға жеткізу қажеттігін айтқаны белгілі. Бірақ ірі кор­порациялардың көбі терең өңдеуге аса құлықты емес. Оларға өнімді шикізат түрінде өткізген тиімді. Сол себепті осы салада жұмыс істейтін кә­сіпорындарды ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қа­растырып, мал, өсімдік ша­руашылығы өнімдерін өндіру мез­гілге тәуелді болмауын қам­тамасыз ету керек. Отандық және шетелдік компаниялармен бірлескен кооперациялар құру арқылы өнім сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу елімізде өн­дірілген өнімдерге деген сұранысты арттыра түсетіні сөз­сіз. Қазіргі кезде аймақтарда өндірісті дамыту, терең өңдеуге мән беру маңызды. «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заңды толықтыра отырып, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, геоло­гиялық ізденіс жұмыстарын кеңейту, кен орындарын ашу, креативті индустрия мен IT технологияларды дамыту да – бас­ты қажеттілік. Еліміздің географиялық жағ­дайын ескере отырып, көрші елдермен сау­даны жетілдіру де – уақыт талабы. 2040 жыл­ға қарай суға деген сұраныс 12-15 миллион текше метрге жетеді деген болжам бар. Сондықтан су реcурстарын тиімді пайдалану мен энергия тап­шылығы мәселесін оңтайлы шешу үшін де ұзақ мерзімді сараптама жүргізіп, ғалым­дар тарапынан нақ­ты ұсыныс­тар жасалғаны абзал, – дейді Б.Махатов.

 

АЛМАТЫ