• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Мектеп 19 Қыркүйек, 2023

Көңіл көркейткен мектептер

162 рет
көрсетілді

Ауылдағы балалар жаңа оқу жылын біртіндеп заман талабына сай салынған нысанда қарсы алып жатыр. Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Әсіресе елді мекендердегі оқушылардың білімін шыңдауды көздеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында баса айтылған білім саласындағы тағы бір мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», деген еді ел Президенті. Осы ретте облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, елді мекендердегі білім ошақтарын аралады.

Әуелі Талдықорғанның қаласындағы Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейіндегі оқушы­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайына үңілді. Сонымен қатар оқушылардың оқулықпен толық қамта­масыз етілуін қадағалап, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныс­ты. Одан кейін №6 балабақшаның күрделі жөн­деу жұмыстарына назар аударды. Балдырғандарға арнал­ған үлкен нысан аптаның соңында есігін айқара ашады. Ал Қаратал ауданындағы Кәлпе орта мектебі 1 қыркүйектен бастап жұмысқа кірісіп кетті.

– Жалпы, жыл басынан бері күрделі жөндеу жұмыстары 4 мектепте жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Кәлпе орта мектебінде тек көгалдандыру жұмыстары қалды. Ж.Сыдықов атындағы орта мектебі 70 пайызға, №1 Үшарал орта мектебі 86 пайызға, Ақжар орта мектебі 93 пайызға жұмысы бітіп тұр. Ақсу ауданында Ж.Сыдықов атындағы орта мектепте жөндеу жұмыстары келісімшарт бойынша қыркүйектің соңында аяқталуы шарт. Үлгере ме, үлгермей ме білім басқармасы жауап береді. Соған орай оқу үдерісі Ақсу политехникалық колледжінде ұйымдастырылды. Ал Үшарал қаласындағы №1 орта мектеп қарашаның басында берілуі керек. Сондықтан оқу үдерісі №2 орта мектепте жүзеге асады. Өзге де білім ошақтары қадағалауымызда, – дейді департамент басшысы Әлішер Башаров.

Одан кейін Талдықорғанның іргесіндегі Ынтымақ елді мекенінде салынып жатқан 1 200 орындық мектепке барып, жұмыс барысымен танысып қайттық. Ынтымақ ауылындағы заман талабына сай бой көтерген мектептің көркі қазірдің өзінде көңілге қуаныш ұялатады. Еңселі, зәулім. Сыртқы жұмыстары аяқталып қалды, екінші тоқсанда беріледі. Абаттандыру, әрлеу секілді ұсақ-түйек шаруа ғана қалыпты. «Гуни Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған алтын ұяның жұмысы былтыр мамырда басталған. 2 млрд теңгеге жуық қаржыға бой көтеріп жатқан нысан алдағы қазан айында ауыл жұртшылығына есігін айқара ашпақ. «Жұмыс жанданған шақ. Уақытынан, жоспардан кешеуілдеп жатқан жоқпыз. Жуырда ел игілігіне берілетін нысанның ішкі-сыртқы жұмыстары ғана қалды», деген құрылыс шебері Ерболат Сәрсенбаев құрылыс нысанымен таныстырды.

Аумағы 4,4 гектарды алып жатқан, 6440,05 шаршы метрлік нысан 6 блокке бөлінген. Үш қабаттан тұрады. Әр блогінде арнайы сыныптар, үйірмелерге арналған бөлмелер мен дәретхана сынды әлеуметтік орындар бар. Әрлеу жұмысы ғана қалса да, іші-сырты адамға ерекше көңіл күй сыйлайтын, балалықты аңсаттыратын зәулім нысанда қазіргі таңда 150-ге жуық құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Оның 20 шақтысы нәзік жандылар екен. Олар әрлеу, сылау жұмыстарына тартылған. Мердігер серіктестіктің жауапты мамандары мен шеберлері, құрылыс басшылары демесе, қалған жұмысшының бәрі жергілікті тұрғындар. «1 200 орындық мектептің құрылыс жұмысы аяқталды десек те болады. Қалғаны әрлеу, қабырға, еден кафельдерін төсеу секілді шаруалар. Одан бөлек, нысан сыртындағы ұсақ-түйек жұмыстар бар. Белгіленген мерзімде толығымен аяқтап, тапсыратынымыз анық», дейді жауапты мамандар.

Шынында, негізгі жұмыстары біткен, құ­ры­лысшы­лардың өз шаруасына ыждағаттылықпен кіріскені көзге бірден байқалады. Аталған мектепте заманға сай барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазірдің өзінде нысан сыртындағы футбол алаңының төсеніштері толығымен төселген. Одан бөлек, 390 орындық мә­жі­ліс залы, асхана, арнайы сыныптар, би және гимнас­тикалық залдардың шамалы жұмысы ғана қалған.

Осы ретте айта кетейік, Кербұлақ ауданында ірі инвестор 200 орындық колледж салуды жоспарлап отыр. «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС бұл бастаманы кадр тапшылығын болдырмау үшін қолға алмақ. Серіктестік қазіргі уақытта тауарлар қоймасының құрылысын бастады, онда қазір құрылыс-монтаждау, жаңғырту және инфрақұрылымдық жұмыстардың бірінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жобаның маңыздылығын ескере отырып, кадр тапшылығын болдырмау мақсатында геолог, тау-кен инженері, химик-зертханашы, тау-кен слесары, энергетик-байытушы, арнайы техника машинисі, маркшейдер, ауыр жүк машиналарының жүргізушісі секілді тау-кен мамандарын даярлау, қажетін айтты.

– Бұл қадам аудан тұрғындары арасында жұмыссыз­дық мәселесін шешуге, отбасы табысын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес Кербұлақ ауданы әкімдігі облыстық білім, жұмыспен қамту басқарма­ларымен бірлесіп аталған мамандықтарды оқытатын қысқамерзімді курстар ұйымдастыруды қарастырсын, – деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС салған инвестиция көлемі – 976 млрд теңге. Жоба іске асырылғанда 2027 жылы 1 300 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Кербұ­лақ ауданының өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі жағы­нан облыстағы үлесі – 10,1 пайыз. Бірінші жарты­жылдықтың қорытындысы бойынша аудан 20,6 пайыз өсіммен 15,4 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ауданда 19 өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Биыл мұнда 40 жаңа жұмыс орнын құратын, жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын 3 жобаны іске асыру жоспарланған.

Сарқан ауданы Тополевка ауылында да көптен күткен нысан – жаңа мектеп пайдалануға берілді. 25 орындық шағын орталығы бар 80 орындық мектеп ескі мектептің орнына салынған. Ескі ғимараттың асханасы болмаған еді, спортзалы қажетті талаптарға сай келмейтін. Жаңа мектеп салу арқылы бұл мәселелер шешілді. Білім ошағында химия, физика, информатика, IT-кабинет, барлығы 18 оқу кабинеті, сондай-ақ 30 орындық асхана, үлкен спортзалы бар. Кедергісіз орта қалыптастыру үшін ғимараттың кіреберісінде көтергіш қойылған, ғимарат ішінде лифт орнатылған. Ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымы мен оқушыларды қуанышты жаңалықпен құттықтаған аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев биыл ауданда екі жаңа мектеп салынғанын атап өтті.

– Тополевка ауылындағы Теректі мектебі ашылды, келесі аптада Бірлік ауылында мектеп есігін айқара ашады. Сондай-ақ бюджеттен 7 мектепті жөндеуге 236 млн теңге бөлінді, қазіргі кезде құрылыс жұмысының барлығы аяқталды. Биыл ауданның 2 650-ден аса бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қарғалы ауылындағы М.Тынышбаев атындағы мектеп оқушыларын тасымалдау үшін жаңа автобус бөлінді. Тағы бір автобус Бақалыдағы К.Қазыбаев атындағы мектеп оқушыларына берілді. Тополевкада жақын арада 300 орындық республикалық балалар лагері салынады, онда 70-тен аса жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысына қажетті жер учаскесі бөлінді, – деді аудан әкімі.

Көпшілікпен бірге қуанышқа ортақ болған педагогика саласының ардагері Галина Никонова да ризашылығын білдірді. «67 жыл бұрын осы мектепке алғаш келіп, осында оқып, осында жұмыс істедім. Қазір 91-демін. Мектебіміздің қалай өзгергенін  көзіммен көріп, риза болып отырмын. Енді балаларымыз жаңа ғимаратта, заманға сай жабдықталған кабинеттерде оқитын болады. Балаларға сәттілік тілеймін», деді педагог.

Мұнан соң жаңа ғимараттың лентасы қиылып, көпшілік мектептің ішін аралап көрді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Құрылыс-ТБС» ЖШС жүзеге асырды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Жобаның жалпы құны – шамамен 1,4 млрд теңге. Әзірге жаңа мектепте 62 бала оқиды, 15 бала мектепке дейінгі шағын орталыққа барады.

 

Жетісу облысы