«Kieli tabigat» экологиялық акциясы Жамбыл облысында да жалғасты. Өңірдегі киелі жерлерді тазалап, қалпына келтіру, құндылықтарға құрметпен қарауды жастардың бойына сіңіру мақсатында өткізілген сенбілікті облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе атқарды.
Акция барысында белсенді жастар өңірдегі барлық тарихи орынды тазалау жұмысына жұмыла атсалысты. «Тарихы мыңжылдықтармен астасып жатқан өңірімізде қасиетті орындар аз емес. Акция аясында жамбылдық жастар Айша бибі, Тараз қаласындағы Қарахан, Байзақтағы Байзақ датқа, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Дулат баба, Жуалыдағы Батырбек датқа, Мойынқұмдағы Керей мен Жәнібек кесенесін, сондай-ақ Меркі, Тамды, Баркуаб, Баласағұн (Ақтөбе) қалашықтары, өзге де киелі орындардың маңын қоқыстан тазарту жұмысына белсенді қатысты», дейді облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген акцияны өңірлерде жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Орталық келтірген дерекке сенсек, сенбілікке 450-ге жуық жас жұмыла қатысыпты.
«Киелі жерлерді күтіп ұстау – бізге аманат. Өңіріміздегі тарихи қалашықтарды көруге келетін туристер аз емес. Олар тарихи орындардың айналасын таза ұстап, қоқыс лақтырып кетпесе екен дейміз. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау да мәдениет. Жұрт осыны есінен шығармаса екен», дейді Айша бибі кесенесінің маңын қоқыстан тазартқан жастар.