Ұлытау ауданында өткен «Kieli tabigat» экологиялық акциясы кезінде бір ғана Әулиетау баурайында ұйымдастырылған сенбілікке 100-ден астам жас қатысты.
Экологиялық мәдениетті арттыруды мақсат тұтқан іс-шара кезінде Жастар ресурстық орталығы Әулиетау, (Ақмешіт әулие), Едіге, Алтыншоқы таулары, Теректі әулие петроглифтері, Домбауыл, Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Хан ордасы, Бұланты шайқасы өткен киелі жерлерді қоқыстан тазартып, осы жерлердің бәрінде сенбілік ұйымдастырды.
– Сенбілік барысында жергілікті тұрғындардың, сондай-ақ киелі мекендерге арнайы келетін туристердің айналаны бүлдірмей таза ұстауға дағдыланып келе жатқанын көріп қуандық. Өйткені, тау етегіне қыдырыстап келетін көпшіліктің соңында бұрын көп қоқыс қалатын. Кешегі сенбілікте біз мұны байқамадық. Желмен ұшып келген азды-көпті қағаз қалдықтары кездескені болмаса, айтарлықтай қоқысты көрмедік. Халық қоқыс шашпауды үйреніп келеді, – дейді Ұлытау ауданы Жастар ресурстық орталығының инспекторы Ақерке Кәрімова.
Ұлытау облысы