Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымын сәтсіз бастап, қатарынан бес бәсекеде ұтылған Астананың «Барысы» соңғы екі ойында өз көрермендерін қуантты.
Осыдан бірер күн бұрын ғана Владивостоктың «Адмиралын» әупірімдеп жүріп жеңсе, бұл жолы Нижнекамскінің «Нефтехимигін» ойсырата ұтты. Аталған матч басталған бетте Джозеф Ла Бейт есеп ашса, 4-минутта Нельсон Ножье екінші голды соқты. Одан кейін жарты сағаттан аса уақыт бойы қос команда бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Тек 37 минуттан кейін ойын қайта қызды. Екінші кезеңнің соңында Райли Байбер есепті 3:0-ге жеткізді. Үзілістен кейін Понтус Оберг пен Ла Бейт дубльдің авторы атанса, Всеволод Логвин мен Дінмұхамед Кайыржан бір-бір реттен мергендік танытты. Қорытынды есеп – 8:0.
Осы жарқын жеңісінің арқасында «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 16-орынға көтерілді. Олардың қоржынында 7 ұпай бар. Енді жерлестеріміз 21 қыркүйекте Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» ойнайды.