• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 19 Қыркүйек, 2023

Марафон мәресіне жетті

201 рет
көрсетілді

Кеше «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысқан командалар соңғы 50 шақырымды еңсеріп, еліміздің рухани астанасы Түркістан шаһарына табан тіреді. Жарысты соңына дейін жалғастырған 4 команданың ішінде Жетісу облысының жігіттері топ жарып, мәре сызығын бірінші болып қиды. Ал Маңғыстау облысының 21 жасар шабандозы рекорд орнатты.

Ең соңғы межеде жүйріктеріне қам­шы басып, алға озып шыққан Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанып, бас жүлде – 18 млн теңге көлемінде қар­жылай сыйлықпен марапатталады. Ал екінші орын иеленген Ақтөбе облысының командасы – 16 млн теңге, үшінші орын иегері Алматы қаласының командасы – 9 млн теңгені қанжығасына байлады. Төрешілердің шешімімен, мәреге төртінші болып жеткен Абай облысының командасына 5 млн теңге берілетін болды.

Он төртінші күннің қорытындысы бо­йын­ша, Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд, Ақтөбе облысы – 95 сағ­ат 06 минут 37 секунд, Алматы қаласы – 104 са­ғат 23 минут 57 секунд, Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секундта мәреге жетті.

Сонымен қатар бұл жолғы жорықта Маңғыстау облысының 21 жастағы шабандозы Мағ­жан Абдолұлы «Ша­ғы­райторы» деген атын Гиннестің рекорд­тар кітабына енгізуі мүмкін. Ол 1 300 шақы­рымның соңғы 50 шақырымын бағын­дыруға таңғы сағат 07:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1 300 шақырымды бастан-аяқ бір ғана атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» коман­дасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.

«Мәреге Жетісу шабандозы екінші болып келсе, артынша Астана шабандозы жетіп, «Рекорд» командасы діт­теген мақсатын орындады. 1 300 шақы­рымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін – 2,5 млн теңге, 2-орынға – 2 млн теңге, 3-орынға – 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды. «Рекорд» ко­мандасының нәтижесіне тоқталсақ, Маң­ғыстау облысының жылқысы 1 300 ша­қырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұл­пары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уа­қыты 104 сағат 28 минут 11 секундты құ­райды», дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1 300 шақырымды жеке дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілердің шешімімен 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық берілді.

Бұл ғана емес, екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1 300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауда­нының тумасы, Қазақстанның құр­метті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын бел­гілеп, 1 млн теңге көлемінде қар­­жылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маң­ғыстаудың «Көкмойнақ» ко­ман­дасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі ма­рафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.

Жалпы, 5-19 қыркүйек аралығында ма­рафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1 300 шақырымнан аса қа­­шық­тықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Еліміздің 19 өңірінен ма­ра­фонға 1 командадан қатысты. Мара­фонға қаты­сушыларға Ұлы Дала рухын се­зінуге және киелі жерлеріміз – Жо­шы хан, Алаша хан кесе­нелері, түркі руха­ния­тының бесігі Түркістан қаласы сияқ­ты та­рихи орындарға зиярат жасауға мүм­кін­дік туды.

Марапаттау рәсімі «Түркістан-арена» стадионында өтті. «Ұлы дала жорығы» рес­публикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индус­трия­сы мен спортты қолдау қоры.