• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 19 Қыркүйек, 2023

Мектептегі мазмұнды кеш

265 рет
көрсетілді

Алматыдағы білім ошақтарында қыркүйектің орта шенінен бастап ана тілін ардақтауға шақыратын айшықты жобалар салтанат құрады. «Тіл мерекесі» қарсаңында үзбей өтетін дәстүрлі шаралар шоғыры биыл да жалғасын тапты. Қаланың Алатау ауданындағы №26 орта мектепте өткен «Менің тілім – ұлы дала рухы» атты рухани-танымдық кештің куәсі болып қайттық.

Сахнада сән құрған өрімдей өрендер Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали шығармаларын жатқа оқыды. Алаш арыстарының арманын арқау еткен басқа да өлең жырлар өне бойыңызды шымырлатпай көрсін. Кішкентай жүректердің лүпілі, туған тілге, Отанға деген сүйіспеншіліктің салмағын арқалап тұр дерсіз. Мектеп оқушылары мен студент жастардың бір сахнада тоғысуын танымдық кештің басты ерекшелігі деп айтар едік.

Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының үздік студент­тері ізбасар іні-қарындастарына ана тілдің қадір-қасиеті, ұлт­тық дәстүрлердің ұлағаты ту­ралы ойларын айтып, өз өнер­лерін ортаға салды. Өнер ака­демиясының студенттері Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасынан театрландырылған көрініс қойса, Қазақ ұлттық универ­си­тетінің журналистика фа­куль­тетінде оқитын аталған мектептің түлегі Бірлік Ибра­һим бастаған өнерлі жастар ұстаздар мен оқушыларға ұмы­тылмас мереке сыйлады.

– «Тәрбие басы – тіл» дейді Махмұд Қашқари. Жаңа оқу жылына ере келген тіл мерекесі көпұлтты мемлекетіміздің береке-бірлігін нығайтатын, жастарды мемлекетшілдікке, ізгілікке тәрбиелейтін маңызды күн. Мектебімізде тілімізді дәріптеу мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқу­шы­лар арасында әдемі трендке айналды. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұстаздары бұл жобаны үйлесімді жолға қойды. Оқушылар қа­зақ ақын-жазушыларының шы­ғармаларын жарыса оқып, түйген ойларын бір-бірімен бөлісіп, мәжіліс залында өзара пікір алмасады. Осылайша, олар жыл соңына дейін том-том шығармаларды тауысып, өз тіл байлықтарын дамытып, өрістерін кеңейтеді. Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым. Бүгінгі іс-шара шәкірттерімізді тіл таза­лығын сақтауға, мәдениетті сөйлеуге, тіл жанашыры болуға үндейді. Оқушыларға жақсы үлгі көрсетсін деген ниетпен жоғары оқу орындарының өнер­лі жастарын арнайы шақырдық, – дейді мектеп директоры Галя Сейтахметова.

Іс-шара барысында бастауыш сынып оқушыларынан құралған «Алау» тобы «Ана тілі» әнімен кеш шымылдығын ашса, мектептің өнерлі өрені Шалқар Сүлейменов «Жаса қазақ тілі» әнімен жиналған­дарды тәнті етті.

 

АЛМАТЫ