Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанова еңбек жолын облыстық «Жезқазған туы» газетінде корректор қызметінен бастаған. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі қызметінің қыр-сырын меңгеріп, лайықты құрметке ие болды. Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры қызметіне қабылданады. Жоғары оқу орнында сонау 1975 жылдан бергі уақытта ұстаз-ғалымның жарық көрген оннан аса ғылыми еңбегі болашақ мамандардың игілігіне қызмет етіп келеді.
Сәуле Есембекқызының «Журналистика және шешендік өнер», «БАҚ тілі мен стилі», «Кітап ісіндегі логистика», «Спортивная журналистика» атты еңбектерінің бірқатары жоғары оқу орнында міндетті және таңдау пәндері қатарына енгізілуі – үлкен жетістік. Бүгінде мерейлі жасқа келген ұстаз осынау жетістігімен ата-анасы берген тәрбиесі мен тағылымын ақтадым деп шүкір етеді.
«Ата-анамның «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» жасауды жадыңда ұста, адаспайсың. Ортаң үлкен, сыйласарың көп болады» деген тәрбиесі ес білгеннен жадымда. Отбасында жалғыз ағам Балтабай және үш сіңлім Зәуре, Қымбат, Анар бесеуміз өте тату өстік. Ағам екеуміз тете өстік. Өткен жылдардағы індет кеселі ағатайымды арамыздан алып кетті. Шана, шаңғы, велосипед, дойбы, күрес, доппен жарысуда алдына жан салмайтын еді. Мен волейбол, баскетболды ерекше ұнаттым. Мектепте спорттың осы екі түрінен топ капитаны болдым. 2020 жылға дейін факультеттің спорт жанкүйерлері құрамында болып, факультетаралық жарыстарға қатыстым. Күні бүгінге дейін айына екі рет фитнеске барамын. Анам Кенеш, жеңгем Рыскен әнші болды. Менің де ән айтып, асаба болып жүретінім бар», деді кейіпкеріміз бала кезін еске алып.
Сәуле Рамазан есімді азаматтың етегінен ұстап, тұрмыс құрды. Жұбайы – бүгінде ішкі істер қызметінің ардагері. Ұлы – Руслан құқықтану ғылымдарының кандидаты, Жоғарғы сот академиясының доценті. Ал Сағынышы «Астана балет» академиясында тәрбие бөлімін басқарады. Кіші қызы Салтанат – кәсіпкер. Бүгінде қариялар осы балаларынан рақат көріп, тоғыз немере мен бір жиен шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Олардың үлкен немересі – Түркияда, екі немересі – зияткерлік мектепте, төртеуі ағылшын мектебінде оқиды. Тоғызыншы сыныпта оқитын Самира немересі фантастикалық әңгіме жазудан жүлделі орын алып, арнаулы жинаққа енді. Әслима бокспен, Расул баскетболмен, Мансұр, Бейбарыс футболмен шұғылданады. Айғаным сурет салады. Барлығы да ана тілінде оқиды, жазады.
«Өмірге келгеннен кейін, адамның жан-дүние әлемінің байлығы отбасымен болады екен. Отбасының жылуы – әке мен шеше мейірімі. Өз шаңырағыңды көтеру – үлкен бақыт. Одан кейін өміріңнің, тәрбие мен тәліміңнің жалғасы – ұрпағың. Үлкен-кіші отбасы өмірдің үзілмейтін жібі екен. Ақын Кәкімбек Салықов ағамыз айтқандай, «біреу ерте, біреу кеш, бір құлайды». Өмір көші ұрпағыңмен жалғаса береді. Қазағымыздың Жеті ата туралы терең ғибраты – кемеңгерлік. Кемел жастың биігінен өсу жолымды оймен шолсам, қиындығы мен қызығы мол өмірлік үлкен мектеп екен», дейді С.Тапанова.
Сәуле қырық жылдай ұстаз, басшы қызметінде жүріп, ауылдық кеңестің жетекшісі қызметін абыроймен атқарған, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атанған Есембектей әкенің, Кенештей ананың жолын қуып, мектептен кейін ұстаздық жолды таңдады. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін жақсы тәмамдап, еңбек жолын журналистік салада бастады.
«1975 жылы жаңадан ашылған облыстық «Жезқазған туы» газетінде корректор болып еңбек жолымды бастадым. Мектептен жұмыс таппадым демеймін. Оқушы кезімде-ақ жазу-сызуға қабілетімнің барын байқадым. Облыстық газет ашылды дегенде елең ете қалдым. Өз қарым-қабілетімді журналистік ортада байқағым келді. Сол кезден-ақ педагогика мен журналистика саласы егіз ұғымдай болды. Бұл екі мамандық адам психологиясымен, халық өмірімен тікелей байланысты. Менің базалық педагогикалық білімім журналистік саладағы тәжірибемен толыға түсті. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерінде педагогикалық білім мен журналистік жұмыстың бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсіндім. 2010 жылы Астанаға қоныс аударып, журналистиканы таңдадым. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры қызметінде маман журналистер даярлау ісіне түбегейлі бет бұрдым», деді кейіпкеріміз.
Сәуле Есембекқызының 2010 жылдан күні бүгінге дейін осы университетте еңбек етіп жүргенін ел біледі. «Еңбегің жансын!» деген алғыс иесінің бірі. «ЖОО-ның үздік оқытушысы», «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жезқазған университетінің құрметті профессоры» сияқты марапаттары – жемісті еңбегінің нәтижесі. Ендеше, осынау еселі еңбектің қызығы ұрпақ қуанышына жалғаса берсін деген тілек қосамыз.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері