Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік бойынша «KazHackStan Turan» конференциясы өз мәресіне жетті. Ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер көтерілген алаңда 4 мыңға жуық сарапшы қатысты. Үш күнге созылған ауқымды іс-шараны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.
«KazHackStan» – тәжірибе алмасатын, ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы түйткілді мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынатын алаң. Биыл конференцияның панельдік сессияларына шетелден 30-дан астам спикер шақырылды. Олар киберқауіптерден қорғаудың заманауи жолдары мен әдістерімен бөлісті. Алғашқы күні «Қазақстанда және өңірде кибертұрақтылықты қамтамасыз ету» тақырыбындағы пленарлық сессияда Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов адами капиталды дамыту және мемлекеттік саясатты жетілдіру, талаптарды бұзушыларға қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде ой қозғады.
«Биыл еліміздің киберқауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы іске қосылды. Біз 2025 жылға қарай айтарлықтай нәтиже күтеміз: жаһандық киберқауіпсіздік индексі: топ-20 елге кіру. 2025 жылға қарай біздің мақсатымыз – «Электрондық үкіметті» 100 пайыз қорғау. «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы елімізді цифрлық әлемде қауіпсіз етуге кепілдік береді», деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ конференция аясында «OSINT және Киберқауіпсіздік: цифрлық әлемдегі барлау және қорғау» тақырыбында өткен workshop-та Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Виталий Перов сөз сөйледі. Оқытуға мемлекеттік органдар мен жеке сектордан 300-ден астам қызметкер қатысты. Олар ашық барлау көзі (OSINT) және киберқауіпсіздік әдістерімен танысты. Виталий Перов өзінің киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибесін бөлісіп, желідегі компаниялар мен ұйымдар жиі бетпе-бет келетін қауіп-қатерлерді тізбектеді. Спикер кибершабуылдардың алдын алу үшін қандай қорғаныс шараларын қолдануға болатынын және оған қандай құралдар мен технологиялар көмектесе алатынын түсіндірді. Бұған қоса АКТ-ны қолдану арқылы қылмыстарды ашу бойынша «CyberPol»-мен бірлесе жүргізіліп жатқан жұмыстарын айтты.
Конференцияға қатысушылар да өздерінің жинаған білім-біліктерін, тәжірибелерін және идеяларын ашық, белсенді түрде бөлісті. Киберқауіпсіздікке қатысты оқыту мен дамытудың әртүрлі аспектісіне арналған сессиялар осы саладағы ең өзекті сын-қатерлер мен бастамаларды айқындады.