Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық дирижерлер конкурсы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдымен байқау қатысушылары композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым етіп, Алматыдағы ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Ұйымдастырушылар қатысушыларды өнер иесінің мұражайына да апаруды байқау бағдарламасында қарастырған екен. Осы орайда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Ақан Жылқышыбайұлымен тілдесудің сәті түсті.
«22 қыркүйек күні байқау жеңімпаздары гала-концертте өнерін көрсетуі керек. Халық кіл мықтыға жүлде бергенімізге көз жеткізіп, жеңімпаздардың өнерін тамашалау үшін арнайы кеш өткізгелі отырмыз. Егер де жеңімпаздар концерт репитициясына үлгеретін болса, жастарды Н.Тілендиевтің жатқан жеріне де апарып қайтуды жоспарлап-жобалап, тонды пішіп қойдық. Егер жағдай соған лайық болса, тонды киюге дайынбыз. Ол жақтағы ұжым да бізді күтіп алуға дайын отыр. Қазақстанның өңір-өңірінен келген өнер иелерін Алматыда қыдыртып, көрікті жерлеріне де апарсақ деген ниетіміз бар. Оған келісіп қойған арнайы көлігіміз де дайын тұр», дейді байқауды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ақан Жылқышыбайұлы.
Байқау мақсаты – еліміздегі талантты дирижерлердің басын қосып, жас дарындардың бір-бірінің өнерімен жақынырақ танысуына әрі тәжірибе алмасуына мүмкіндік сыйлау. Сондай-ақ ұйымдастыру комитеті жас таланттар арасынан жаңа есімдерді анықтап қоймай, қазақ дирижерлік өнерін дамытып, Н.Тілендиевтің шығармашылық бай мұрасын халыққа насихаттауды да басты назарға алып отыр.
Аталған байқау қазақ музыка өнеріндегі есімі қайталанбас тұлға – Н.Тілендиевтің құрметіне орай 2004 жылдан бері 2 жылда 1 рет ұйымдастырылып келеді. Алайда әртүрлі себептермен үзіліп қалған аталған шығармашылық байқау биыл қайтадан өз жалғасын тауып отыр.
Конкурс 20-22 қыркүйек аралығында өткізіліп, үш күнге созылады. Филармония басшылығы байқауды тамашалауға ниет білдірген жандарға әрдайым рухани орда есігінің халыққа ашық екенін хабарлады. Конкурс күн сайын сағат 10.00 мен 19.00 аралығында өтеді. Әр қатысушының өнеріне кем дегенде, 15-20 минут уақыт берілген. Жас таланттардың өнерін бағалап, эстетикалық кештің куәсі болғыңыз келсе, 22 қыркүйек күні сағат 19.00-де іс-шараның жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған қорытынды гала-концертке шақырамыз!
Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы дирижерлер мен жоғары оқу орындарының талантты студенттері таңдалып алынып, 19 үміткер сайысқа жолдама алған. Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Жалғасбек Бегендіковтің айтуынша, байқауға бақ сынаушылар бүгінге дейін Мұқан Төлебаев, Боздақ Рзаханов, Рысбай Ғабдиев атындағы түрлі республикалық байқаулардың жеңімпазы болып үлгерген. Олардың арасында талантты жас дирижер Әбілқайыр Бейсеков пен Медет Есбергенов те бар. Бір-бірінен өткен мықтылардың арасынан дүлдүлді анықтау қазылар үшін де қиынға соғатын сыңайлы.
Қатысушылар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайтын болады. Байқау екі кезеңнен тұрады дейді әділ қазылар.
– Кез келген конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткер екі шығарма орындайды. Бірі – Қазақстан композиторларының (тек Н.Тілендиев емес, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев, Б.Жұманиязов, т.б.) кез келген шығармасы болса, екіншісі – халық күйлерінен болуы керек. Тағы бір көңіл аударарлық дүние – аспапта сүйемелдеу. Оркестрді домбырамен не болмаса қобызбен сүйемелдеу дирижердің шеберлігін көрсетеді. Оркестрді бағындыра отыра, солистің икеміне қарай бейімделу – өте маңызды талап. Екінші кезеңде Н.Тілендиевтің төл шығармалары орындалады. Сонымен қатар ән сүйемелдеу де – негізгі талаптың бірі. Солистерді қатысушылар өздері таңдамайды. Филармонияның арнайы солистері, елге танылып келе жатқан жас әншілер келіп, сүйемелдейтін болады, – дейді Жалғасбек Бегендіков.
Қазылар алқасының мүшесі Айтқали Жайымовтың айтуынша, аталған конкурстан бас жүлде алған дирижер келер жылы өтетін байқауға қатыса алмайды, бірақ басқа байқауларға қатысуына болады. Мұндағы мақсат басқа да жастардың өнерін бағалап, мүмкіндік беру екенін айтты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен таланттарды ынталандыру мақсатында биылғы байқаудың жүлде қоры 5 миллион теңгеге жетіп отыр. Бас жүлде – 1,5 млн теңге, I орын – 1 млн теңге, II орын – 700 мың теңге, III орын – 500 мың теңге, ынталандыру сыйлығы (екеу) – 250 мың теңге. Байқауға «Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» атты арнайы жүлде қосылып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.
Шара қорытындысын қазылар алқасы 22 қыркүйек күні жариялайды. Қазылар мүшелігінде Н.Тілендиевтің көзін көріп, тәрбиесін алған шәкірттері мен белгілі дирижерлер бар. Атап айтқанда, өнерпаздар «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері, қазылар алқасының төрағасы Дінзуһра Нұрғисақызы, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов, Е.Рахмадиев атындағы симфониялық оркестірінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Петр Грибанов, М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері, көркемдік жетекшісі Әли Алпысбаев, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Жалғасбек Бегендіков сынды кәсіби мамандардың сынынан өтпек.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына жүз жыл толуына орай халықаралық және республикалық деңгейде аталған байқауды жоғары деңгейде, кеңінен ұйымдастыру қазірден бастап жоспарға алынған. Алдағы уақытта байқаудың номинациялары «Аспапта ойнау», «Эстрадалық вокал» сынды бағыттармен толығуы мүмкін.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
тілші