Танымал vRINGe сайты орта салмақта күш сынасып жүрген кәсіпқой боксшылардың рейтингін жариялады. Мықтылар көшін қазақтың қайсар ұлы, WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бастап тұр.
Жәнібектің жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Танымал жаттықтырушы Мұрат Сиқымбаевтан тәлім-тәрбие алған Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылының тумасы әуелі әуесқойлар арасында биік белестерді бағындырды. Оның мықты спортшы болып қалыптасуына кезіндегі танымал былғары қолғап шебері Қанат Сиқымбаев пен еліміздің студенттер құрамасының бас бапкері Дастан Сәдуақасовтың да сіңірген еңбектері зор. Ж.Әлімханұлы 2013 жылы Амманда Азия және Алматыда әлем чемпионы атанса, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында бас жүлдені олжалады. 2016 жылы Рио-де Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында ширек финалға дейін жетті.
Кәсіпқойлар арасында Жәнібек Әлімханұлы 2016 жылдың күзінен бері жұдырықтасып жүр. Сол кезден бері 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз қарсыласын сұлатып салды. 2022 жылы ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды екінші раундта ұрып жығып, WBO нұсқасының уақытша чемпионы атағын иеленді. Биылғы жылдың ақпан айында АҚШ-тың атақты боксшысы Деметриус Андраде Ж.Әлімханұлымен айқасудан бас тартып, соның салдарынан алтын белбеуден айырылды. Осылайша, қазақ жігіті тұғырға қонды. Одан кейін ол өз атағын екі рет сәтті қорғады. Былтырғы жылдың 12 қарашасында Ұлыбританияның тағы бір өкілі Дензел Бентлиді ұпай санымен ұтса, биыл 13 мамырда канадалық Стивен Батлерді екінші раундта нокаутқа жіберді. Міне, қысқаша баяндасақ, 30 жастағы жерлесіміздің жүріп өткен жолы осындай.
Екінші орынды IBF нұсқасының чемпионы Винченцо Гуалтьери иеленуде. Оның да жасы – 30-да. Германияның өкілі 22 кездесудің 21-інде жеңіс тойын тойлады. Жеті жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Тағы бір бәсеке тең аяқталды. Биыл жазда ол Олимпиада чемпионы Эскиво Фалькаоны ұпай санымен ұтып, алтын белбеуді беліне тақты. 14 қарашада дәл осы Гуалтьери біздің Жәнібекпен күш сынасады. Қос саңлақтың екі бірдей чемпиондық атақ үшін тартысы АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында өтеді.
Сондай-ақ ТОП-10 боксшының қатарына Карлос Адамек (Доминикан Республикасы), Крис Юбенк, Лиам Смит, Феликс Кэш (барлығы да – Ұлыбританиядан), Исраил Мадримов (Өзбекстан), Остин Уильямс (АҚШ) және Майкл Зерафа (Аустралия) еніп отыр. Ал үздік ондықты Мейірім Нұрсұлтанов түйіндеуде. Өзінің туған ағасы, 2013 жылғы әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшаловқа еліктеп, былғары қолғапты қолына киген ол 2016 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүр. Сол аралықта 30 жастағы Семей өңірінің тумасы 18 рет рингке көтеріліп, барлық бәсекесінде басымдық танытты. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді.