Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып, Тұрсынжан Шапайдың әйгілі «Мақтанға мадақ» мақаласы еске түседі. Сыншының сыпайылап сыбаған сөздеріне еріксіз сылқ-сылқ күлесің. Бұл бір марқайған, мәз болған, тоқ күлкі емес – ашынған, күйінген күлкі.
Сонда: «Алып – анадан туады» дейді. Сөз болғаныңа! Алып аяқ астынан туады! Қарайсыз: бір күні теледидар экранын толтырып біреу отыр... Әнші, әдебиетші, я саясатшы, тарихшы, әйтпесе, бірдеңетанушы – әйтеуір біреу. Әйтпесе, анау да өзі, мынау да өзі – дәуіріміздің үйреншікті дилетанты. Қысқасы, ешкім емес. Жай отырған жоқ, өзін мақтатып отыр. Жүргізуші де мақтайды, өзі де мақтанның отына майды құя түсіп, құя түсіп маздайды... Ертеңінде қарайсыз – газеттер сол біреу туралы жапа-тармағай жарыса жазады. Радионы тыңдайсыз – сол біреу. Жалпақ жұрттың аузында – және сол. Сөйлеп жатыр, сөйлеп отыр, сөйлеп тұр... сөйлеп жүр...» дейді Тұрсынжан Шапай. Арада қаншама жылдар өтті – талай өзен тартылып, бұлақтар сарқылды. Сонда да мақаладағы мына көрініс әлі өзгерген жоқ. Расында, бір мақтаған, мақталған жанды өлеңін оқымастан ақын санап кететініміз бар. Жазушы да солай. Елге сыйлы үлкен ағаңыздың абайсызда айтқан алғаусыз ақ сөзі талантының деңгейі белгісіз жазарманды бір-ақ сәтте қаламгер атандырып жіберуі мүмкін. Бұл мінез де оқырманды тобырға айналдырады. Ал ешкімнің аузына ілікпеген есімдерге біртүрлі самарқау қараймыз. «Жас қой, ешкім біле қоймайды, тани қоймайды (яғни көп мақталмайды)» деп газетке жарқ еткізіп беруге де қорқақтаймыз. Фамилиясының соңында бір-екі сөйлем атағы жоқ болса, жағдай тіпті қиын. Дәл осы тұста Абай айтады: «Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?»
Журналистік жұмысымызбен түрлі іс-шараға барамыз. Әсіресе, ақын-жазушылардың еске алу кештері, кітап тұсаукесерлері, мерейтойлық жиындары өзінше қызық өтеді. Нақтылап өтейін, мақтауды түсінетін көрерменге қызық, ал түсінбесеңіз, ұзын-сонар мақтау мен мадақтардан зерігуіңіз мүмкін. Жиналыстың форматы ғылыми конференция болғанымен, шығарманы талдаған пікір есту сирек. Бірақ мақтаудың небір түрі айтылады: «арқыраған ақын», «төгіліп тұр», «жазуында бірдеңе бар», «біздің заманның алыбы», «ұлы», «қайталанбас тұлға». Бұл сөздер тыңдап отырған өзге де «халтурщик» ақындардың шабытын асырып, толқыта түседі. Өлеңді құрастыратындардың бар «әурешілігі» осы сезім үшін. Бәлки, біз ол күйді түсінбейміз. Реалистік көзқараспен қарасаң, кешегі шалқыған кеңес одағы емес – әдебиетте түк абырой жоқ уақытта «ақын» атануға талпынатындарға таңғаласың. Түптеп келгенде, ақынмын деп мақтануға, мадақ естуге, кейде жағымпаздануға әдебиеттен артық лайық кәсіп жоқ сияқты. Мұны қазақтың қу іші сезеді. Атасының өмірін жазғандар атасымен мақтанады, руының шежіресін түзгендер руымен мақтанады, мақтанбағандардың да жасырын мақсаты бар.
Әрине, кім не жазады, қандай кітап шығарады – өзі біледі. «Әдебиет – ардың ісі» болғанымен, әдебиетте сот жоқ. Елімізде – демократия. Дегенмен мерейтойлық һәм рулық кітаптар – әдебиет емес. Баспалардан көркем шығармалардың орнына осындай жеке тұлғалық һәм рулық мақсаттағы кітаптардың жарық көруі қынжылтады. Айта кетейік, әлемдік статистика бойынша киноиндустрия мен кітап саудасын салыстырсақ, кітап шығару әлдеқайда көбірек пайда әкеледі. Бұл тұжырымды естіп-білгенімізбен еліміздегі баспа саласы мен кітап нарығының бүгінгі жағдайы белгілі. Мәселен, қазіргі таңда 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Сонда да қоғамда кітап өндірісінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы дейміз. Содан болар, кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі. Ал баспалардан шығатын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құрайды. Нарықтағы өзге кітаптардың 80 пайызы – ресейлік өнім. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді.
Әлгіндей мақтау мен мадаққа толы ғылыми конференцияларда аты аталған авторлар өзін ешкім оқымаса да өзге тілге аударылуға әсіре құштар болып келеді. Олар Қазақстанның өзін шырамытып әрең танитын алпауыт елдер біздің әдебиетке қызығатынына шын сенетін тым аңғал, яки оқыса да, оқымаса да бәрібір – аударылса болды. Тіпті әдеби ортада жүрген кей авторлар бұл жұмыспен жоспарлы түрде айналысады. Сөйтіп, ағылшын, испан, қытай, т.б. тілдерге аударылады. Жорысақ, бұл да жазушылық мақтанның бір түрі. Шет тіліндегі жап-жаңа мұқабаға қарап отырып, сүйсіну, айналасына мақтану, марқаю, тұсаукесерін өткізу, шапалақ есту, жылы сөзге шомылу, шапан кию, орамал тағу – көл-көсір құрмет.
Мақтаудың, әсіресе, көркем әдебиеттегі мақтаудың артар жүгі ауыр болса керек. Мұндағы кез келген шалыс айтылған мадақ сөз әдеби жарылыс жасап жіберуі әбден мүмкін. Сұлтан Оразалин Шыңғыс Айтматовпен сұхбаттасып отырып:
– Соңғы уақытта қазақ жазушыларын көп оқып жүрсіз ғой. Кімді айтасыз? – деп сұрақ қойыпты. Сонда Шыңғыс Айтматов:
– Обал болады, – деген екен.
Біреуді асыра мақтап, яки біреуді ойланбай жамандап қойсақ та обал болады. Мақтауды жеке авторлығына алып алған кей аға буын өкілдеріне қарасақ, мін тағуды ғана обал болады деп есептейтіндей. Яғни салмақсыз мақтауды «обал боладыға» жатқызбаса керек. Бұл дегеніңіз, мадақ айтушының нағыз білімсіздігі. Мақтауды қазіргідей әдебиетке әйтеуір бір қатысы барлар ғана емес, сөздің киесінен қорқатын адамдар айтса, құба-құп. Оңды-солды жұмсалған семсер секілді сезімсіз, суық сөздерден расында да қашуымыз керек. Оны айтушының қорқынышында тіптен шек болмауы тиіс секілді. Әйтпесе мақтағанды кім ұнатпайды, мақтау кімге жақпайды...