• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Басылым 20 Қыркүйек, 2023

БҰҰ Бас Ассамблеясы адамзаттың ғасырлық болашағын айқындауға баса мән беруі керек

237 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы­дан 78 жыл бұрын құ­рыл­ғаннан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу үшін әлемдегі ең ықпалды көшбасшылардың басын қосып келеді. Жыл сайын бұл саммитке жиналатын аттөбеліндей азаматтардың мойнына орасан зор жауапкершілік артылады. Сондай-ақ жиында, бір қарағанда, елеусіз болып көрінетін, ал шын мәнінде миллиардтаған халықтың тағдырын өзгерте алатын шешімдер қабылданады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

 

Биылғы жауапкершілік жүгі әдет­тегіден әлдеқайда ауыр. Осыдан онда­­ған жыл бұрын мемлекеттер ха­лық­аралық қарым-қатынаста бір-бірі­не қарама-қайшы екі тарапқа ғана бөлінсе, енді мүлде ыдырап, бөл­шек­теніп барады. Біз бұған жол бер­меуіміз керек. Ақиқатын айтайық, қазір – Жер шарының алдағы тағдыры айқындалатын, адамзат тарихындағы ең маңызды кезең.

Дүниежүзінің көшбасшылары климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және басқа да көптеген мәселе бойынша алдағы айларда немесе жылдарда нақты шешім қабылдауы керек. Бұл шешімдер ондаған, тіпті жүздеген жылға ықпал етеді. Осы орайда халықаралық диалогтің әрбір қыры маңызды, мәнді бола түседі.

Бүгінде әлемдегі әріптестерім өз уақытын жаңадан пайда болған дағ­дарыстар мен түйткілдердің түйінін тарқатуға жұмсап жүр. Біз, бірінші басшы ретінде, мұндай сын-қатерлерді елемей отыра алмаймыз.

Мен жер жүзіндегі әріптестеріме үн қатқым келеді. Біз жалпы адамзаттың болашағы үшін жауапты екенімізді ешқашан естен шығармауымыз керек. Ол міндет – саяси мансабымыздан да, жер бетінде өлшеп берілген өмірімізден де артық.

Кейінгі жылдардағы оқиғалардан өзіміз бұрыннан нақты білетін, бірақ онша мән бере қоймаған қауіп-қатерлерге мүлде дайын емес екеніміз айқын көрінді. Өйткені ондай жағдай туындауы екіталай деп бейқам жүрдік.

Пандемия – соның нақты көрінісі. Қарапайым вирус штамы туғызған дүрбелеңге бірде-бір елдің толық да­йын болмағаны рас.

Тағы бір мысал – ауа райының өзгеруі. Бұл дағдарыс аяқ астынан, бірнеше күнде пайда бола қалған жоқ. Ол бірте-бірте ондаған жыл бойы көз алдымызда баяу өзгерді. Адамзат бұған немқұрайды қарап, қажетті шешім қабылдауды кейінге ысыра берді. Болар іс болып, бояуы сіңіп, енжарлығымыздың зардабы өзімізге тие бастағанда ғана ахуалды түзету үшін қам жасауға кірістік. Бірақ бұл шаруа қолымыздан келе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Осы қауіптердің ішіндегі ең сұмдығы – ядролық қарумен қырып-жою қатері. Бұл қатер соңғы айларда бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, ядролық державалар арасындағы текетірес күшейе түсті. Мұндай қақ­т­ығыстар әлемнің түкпір-түкпірінде бой көрсете бастады, тіпті жағдай сонау қырғи-қабақ соғыс кезіндегіден де шиеленісіп кетті.

Қазақстан ядролық қарудың зардабын қатты тартқан ел ретінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы жаһандық қозғалыс көшінің басында жүр. Алайда бірқатар жетіс­тікке жеткенімізге қарамастан, әлі де құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрмыз. Бұл жағдай жылдар бойы жал­ғасқан бейбіт өмір сыйлаған мүмкін­дікті пайдалана алмағанымызды көрсетеді.

Осы мәселенің айрықша маңызды екеніне қарамастан, әбден қордаланған бұл түйткілге өте сирек назар аударамыз. Қазір саяси қарым-қатынастың белсенділігі арта түскенімен, біз бәрібір қолымызды мезгілінен кеш сермеп, тығырыққа тірелген сәтте ғана оны шешуге талпынамыз.

Тіпті бүгінде климаттың өзгеруіне қатысты өте өзекті проблеманың өзі халықаралық форумдар мен кездесу­лердің күн тәртібіндегі шұғыл шешуді қажет ететін маңызды мәселелер тізі­мінен жиі түсіп қалады және өтпелі дағдарыс ретінде қарастырылады.

Әрине, кейінгі ұрпақтың тағдырына алаңдасақ, қазіргі жүгенсіздікке жол беруге болмайды. Біз өз елдеріміздің көшбасшысы ретінде халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, күнделікті туындайтын мәселелерді үнемі шешіп отырамыз. Бұл жауапкершілікті қаперден шығарып алсақ, саяси мансабымыздың ғұмыры қысқа болмақ.

Сонымен бірге біз алдағы пробле­малардың қайсысы маңызды екенін айқындап, халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін мәселелерге көбірек назар аударуымыз керек.

Қазақстан ядролық қарусыздану ісіне күш-жігерін жұмсай отырып, жоғарыда айтылған бірнеше бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру қажет деп санаймыз. Бұл құры­лым әлем қауымдастығының алдағы уақытта пайда болуы ықтимал пандемиямен тиімді күресуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге біз жаһандық су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ашық көтеріп келеміз. Уран, литий, сирек кездесетін металдар және басқа да маңызды пайдалы қазбаларды игерудің тиімді тәсілдерін іздестіру арқылы болашақтың экономикасын қалыптастыру үшін халықаралық серіктестермен тізе қосып, жұмыс істей береміз.

Алайда бұл күш-жігеріміз, шын мәнінде, халықаралық деңгейде қолдау тапса ғана маңызды әрі тиімді болмақ. Ол үшін бүкіл әлемдегі мем­лекеттердің көшбасшылары табанды, көреген болуы және батыл шешімдер қабылдай білуі қажет. Бұл – әсіресе жаһандану үдерісі мен бұқаралық ақпарат құралдары саяси қысымын арттырып, елдердің арасына жік салып жатқан мына заманда оңай шаруа емес. Мұндай үрдіс өз іргемізде де, алыс аймақтарда да болып жатыр.

Дегенмен адамзат тарихындағы тұрақты және өркениетті әлемге жол ашамыз десек, мәселені тереңнен ойлап, алысқа көз тігуден басқа амал жоқ. Біз негізгі күш-жігерімізді алдағы бірнеше айды ғана емес, тұтас ғасыр­лық болашағымызды айқындауға жұмылдыруымыз керек. Әйтпесе өз азаматтарымыздың және барша адам­заттың алдындағы парызымызды өтей алмаймыз.