Бұл күндері әйелдер күресінен Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Өкінішке қарай, үздіктер тізіміне әзірге Қазақстанның бірде-бір балуаны ене алмай отыр.
Бұрымдылар арасындағы бәсекенің алғашқы күні 55 және 59 кг салмақтарда белдескен тәжірибелі Марина Седнева мен Диана Каюмова ел сенімін ақтамады. Марина тұсаукесер кездесуінде қытайлық Жангтен жеңілсе, Диана германиялық Елена Бругердің осал тұсын таба алмады. Көп кешікпей Марал Тәңірбергенова (50 кг), Айнұр Әшімова (57 кг), Ирина Казюлина (65 кг) және Іңкәр Жаңатаева (76 кг) көрермендер қатарына қосылды. Олар да алғашқы айналымдарда оңбай сүрінді.
Екінші жарыс күні тағы төрт жерлесіміз бозкілемге шықты. Алтын Шағаева (53 кг) алғашқы белдесуінде қытайлық Панг Цяньюге жол берді. Ирина Кузнецова (62 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) бастапқы бәсекесінде басымдық танытқанымен, іле-шала жеңілістің кермек дәмін татты. Ирина германиялық Лиза Нимешке, Елена моңғолиялық Делгермаа Энхсайханға есе жіберді. Солардың арасынан тек Жәмила Бақбергенова суырылып шықты. 72 кг салмақта сайысқа түскен қазақ қызы сербиялық Фанни Надты таза тастаса, ресейлік Ксения Буракованы 7:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Жәмиланың жолы Моңғолияның мықтысы Даваанасан Энх Амармен қиысты. Өкінішке қарай, бұл жолы жерлесіміз білгенінен жаңылды. Өте шиеленісті өткен тартыста Амардың асығы алшысынан түсті. Ал Бақбергенова кеше қола медаль үшін айқасты.
Келесі топта Амит Элор қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатты. 19 жастағы АҚШ-тың аруы былтыр Белградта өзінен әлдеқайда тәжірибелі спортшыларды сан соқтырып, әлем чемпионы атанған. Сол жарыстың финалында біздің Бақбергенованы айқын басымдықпен ұтқаны да есімізде. Бұл табысының кездейсоқ еместігін ол одан кейін талай дүбірлі додада дәлелдеді. Атап айтсақ, биылғы жылы Амит Панамерика чемпионатында бас жүлдені олжалап, жастар арасындағы әлем біріншілігінде (U-23) алтыннан алқа тақты. Басқа да дүбірлі додаларда дараланды. Осы жарыста америкалық балуан түркиялық Несрин Бас пен 2012 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Мива Морикаваны жолынан ығыстырып, жартылай финалда франциялық Кендра Дэчермен күш сынасты. Бұл бәсекеде Элордың мысы басым болды. Осылайша, 19 жастағы күш иесі финалға шықты.
Сондай-ақ кеше грек-рим күресі шеберлері өз жарысын бастады. Алғашқы күні төрт салмақ дәрежесі бойынша іріктеу және жартылай финалдық сайыстар өтті. 55 кг салмақтағы Марлан Мұқашев тұсаукесер кездесуінде армениялық Рудик Мкртчянмен белдессе, 77 кг-дағы Демеу Жадыраев хорватиялық Антонио Каменяшевичпен күресті. 82 кг салмақтағы Диас Қален жарысты екінші кезеңнен бастайды. Ол ресейлік Ауез Ганибов пен қырғызстандық Бексұлтан Назарбаев арасындағы бәсекенің жеңімпазымен күш сынасады. Ал 130 кг салмақта кең-байтақ республикамыздан ел намысын қорғайтын бірде-бір тұлғасы келіскен балуан табылмады.