Алматы сияқты үлкен қалада абаттандыру, көгалдандыру ісі үздіксіз жүргізіліп жатқанын жоққа шығармасақ та, кейде орасан ақшаға келген көшеттердің қурап қалғанын, яки тамырланып қалғаны қайта-қайта қазылып жатқанына куә болатын жағдайлар жеткілікті. Оның үстіне көгалдандыру ісімен айналысатын мекемелер неге біркелкі ағаш түрлерін таңдайды деген сұрақ та бар.
Сол сияқты биыл қала саябақтарындағы талай қарағай қурап қалғанымен қоймай, ағаштарға зиян келтіретін жәндіктердің түрлері көбейді. Жалпы, Алматыдағы көгалдандыру ісіне қатысты қордаланған мәселенің мәнісіне үңілмес бұрын, 20 қыркүйектен бастап күзгі ағаш отырғызу басталғанын айта кеткен жөн.
Маусымдық көгалдандыру жұмысына дайындық барысы жөніндегі кеңесте Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев биыл 320 мың ағаш отырғызу жоспарланса, оның 22 мыңы көктемде отырғызылғанын, қалғаны енді егіле бастайтынын мәлімдеді. Алайда осы еңбектің бәрі еш кетпес үшін біраз мәселені қатар шешуге тура келеді.
Биыл күзде Алматыда 298 мың көшет отырғызылатын болса, Медеу ауданында – 22 мың, Жетісу ауданында – 16 мың, Түрксіб ауданында – 28 мың, Наурызбай ауданында – 10 мың, Алмалы, Әуезов пен Бостандық аудандарында – 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш егіледі.
Арнаулы мамандардың ұсынысы бойынша биылдан бастап аталық теректер отырғызылады.
«Аналық терек жазда көз аштырмайтын мөлшерде ақ мамық шашып, адамдарда аллергия тудырады. Аталықтары мұндай реакция бермейді», дейді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева.
Айтқандай, 2017 жылы ғылыми қызметкерлер Алматы қаласын көгалдандыру ісіне қатысты арнаулы жинақ шығарып, оған жергілікті климат пен қалалық жағдайға барынша қолайлы ағаш өсімдіктерінің 200-ге жуық түрін топтастырғаны есімізде.
«Осы жинақта күзде шегіршін, үйеңкі, шаған, қайың, емен, жөке, терек сияқты ағаш түрлерін отырғызуға ұсыныстар берілген. Сәндік ағаштардан қабыржақ, қына ағаш сияқты жылдың төрт мезгілінде де жасыл түрлері отырғызылады», дейді ғалым.
Ғалымдардың кеңесімен отырғызылған көшеттер көпжылдық сынақтан өтті десек те болады. Аязға, құрғақшылық пен ауадағы зиянды қалдықтарға төзімділігін көрсетті.
Дегенмен ендігі жерде Алматы қаласының жасыл желегін күтіп-баптау мен қорғаудың жаңа ережесіне сәйкес, көшеттерді таңдау талаптары күшейтіліп отыр.
Жоғарыдағы мәселеге орай Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев: «Жасыл желектерді қорғаудың бұрынғы ережесіне сәйкес, 2021-2022 жылдары әрбір жасыл желекке 500 теңгеден бастап 6 мың теңгеге дейін қаражат бөлінетін. Бұл сомаға екі жыл ішінде жасыл желекті сатып алу, отырғызу және күту кіретін. Бірақ осы ақшаға сатып алынған көшеттердің 30%-ы қурап қалды. Ендігі жерде қала әкімі Е.Досаевтың пәрменімен бір жасыл желекке бөлінген бюджет 16 мың теңгеге дейін көбейді. Бұл бағаға жасыл желекті сатып алу, отырғызу және сапалы күтімді қамтамасыз ету, 3 жыл бойы суару кіреді», дейді.
Жаңа ережеде отырғызылатын көшеттердің биіктігі кемінде 2,5-3 метр әрі сапалы болуы керек, сонымен қатар егілген ағаштарды жақсылап суару сынды талаптар күшейді. Бұрын мұндай талаптар болған емес. Былтырдан бері күзгі-көктемгі маусымда саябақтарда, гүлбақтар мен жолдардың жиегіне 973 мың көшет отырғызылып, бұлардың 50%-ы 29 ұңғыма мен жер астындағы су бұру жүйесін жүргізгеннің нәтижесінде жаңа әдіспен суарыла бастады. Қазіргі кезде арықтар арқылы өзен ағынын бағыттайтын ескі су жинағыш қалпына келтіріліп жатыр.
Оған қоса қалыптасқан дәстүр арқылы көшеттер Алматы облысының тәлімбақтарынан сатып алынады. Бұрынғы тәлімбақтар қала қажеттілігінің 60%-ын ғана қамтамасыз ететінін ескеріп, биыл көшеттер климаттық жағдайы Алматы қаласына ұқсас Түркістан облысының тәлімбақтарынан алынбақ. Амандық болса, алдағы уақытта Алматы облысының тәлімбақтары жоспарлы түрде жұмыс істеп, көшет тапшылығын шешіп береді деуге негіз бар, әрі бұл тәлімбақтардың тапсырысы мен өндірістік қуатын арттыруға, ауылдардағы жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.
Маусымдық көгалдандыру жұмысына дайындық барысы жөніндегі кеңесте ағаштарды су таситын көліктермен суғаруды кезең-кезеңімен автоматты түрде суаруға алмастырса, бұл бюджет қаражатын екі есеге үнемдейтіні айтылды.
Экология және қоршаған орта басқармасы мердігер ұйымдармен қаланы көгалдандыру жөніндегі шарт жасаған кезде автоматты суару жүйесін орнату міндетті екенін алға тартып отыр. Оған қоса 2023 жылы қабылданған жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережесіне сәйкес, осы жауапкершілікті мойнына алған ұйымдарға 3 жылға дейін өздері отырғызған ағаштарға күтім жасау жүктелген.
Осы арада Алматы айналып өте алмайтын тағы бір ескі мәселе бар екенін еске сала кету керек, бұл – қартайған ағаштардан құтылу. Өйткені діңі шіріген ағаштар адамдардың үстіне құлап, көліктерді қиратып, тіпті қайғылы оқиғаларды да білеміз. Сондықтан биыл кәрі ағаштарды кесу жөніндегі жұмыстарға сәйкес, кесілген әрбір ағаштың орнына 10 көшеттен (170 мың көшет) отырғызу үшін 17 мыңға жуық ағашты кесу көзделген.
Айтқандай, қаланы жайқалту ісіне тұрғындар да араласа алады. Биыл «Жасыл аула» акциясы кезінде айналасын абаттандырамын деген алматылықтарға көшеттер тегін беріліп жатқаны қуантады. Күзде осы мақсатта тағы да 3 мың көшет дайындалған.
Ал енді сөз басындағы мәселеге оралайық. Технологияға сәйкес, көшеттерді отырғызуға арналған шұңқырлар алдын ала қазылып, 5-10 күн бұрын желдетілуі керек. Көшет отырғызатын мердігерлер тиісті талаптарды бұзғаны анықталған жағдайда айыппұлдар мен орнына ағаш егуді міндеттеу қарастырылған. Тәлімбақтардағы көшеттерді қалаға көшіру жасыл желектердің биологиялық ұйқыға кеткен, яғни сол қозғалысы тоқтаған соң қара күзде жүргізілуге тиіс.
Ғалымдардың, яғни Бас ботаникалық бақ пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұсынысы бойынша көше бойына негізінен емен, үйеңкі, шегіршін, шаған, терек, ал саябақтар мен алаңдарда сәнағаш, қайың, қараған, шырша мен алма, шие, алмұрт, өрік сияқты жеміс ағаштары отырғызылады. Ағаштың бұл түрлері қалың әрі саялы ағашқа айналып, лас ауа ағынын жақсы ұстайды.
Биыл қаланың жасыл қорын жүйелі суару үшін су жинағыш құрылысы мен реконструкциясы басталды. Қазір нысандардағы жұмыс 80%-ға аяқталды, «Халық Арена», «Қалқаман» гүлбағына, «Желтоқсан» саябағы, ШААЖ, Тимирязев пен Усиков көшелеріне су жүргізілді. Әрі қалада арықтар желісі кеңейтіліп, жасыл желектерді автоматты суару мен тамшылатып суару жүйесі енгізіліп жатыр.
Экология және қоршаған орта басқармасы биыл шілде айында жасыл желектерді биологиялық залалсыздандырудың үшінші кезеңін атқарды. Жапырақ кеміргіш, ағаштардың діңін соратын зиянкестер мен зең ауруларын қоздырғыштарына қарсы 2,3 млн-нан аса ағаш өңделеді деп жоспарланған. Зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшелігін ескеріп, өңдеу түнгі мезгілде, таң алдында жүргізіледі. Монофаг зиянкестеріне мейлінше әсер ету үшін биыл бірінші кезеңде (вегетациялық кезеңнің басында) емен ағаштары төрт рет, теректер екі рет өңделді. Бұрын өсімдіктерді биологиялық қорғау вегетациялық кезеңнің басында бір-ақ рет жүргізілетін, бірақ мұндай залалсыздандыру жиілігі монофаг зиянкестері үшін жеткіліксіз екенін көрсетті. Биыл барлығы 4 кезеңнен тұратын биологиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 20 қыркүйекте 4-кезең аяқталады.
Қалай десек те, Алматыға өзінің «Жасыл желекті қала» даңқын қайтарып беру үшін көгалдандыру ісіне жұмсалатын қаражатты тиімді жұмсауға тура келеді.
АЛМАТЫ