• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 22 Қыркүйек, 2023

Петиция институты реттеледі

251 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиында депутаттар қоғамдық бақылау мәселе­леріне қатысты заң жобаларын қарап, мақұлдады.

Отырыс барысында сенаторлар «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобаларын қарап, ма­құл­дады. Бұл құжат­тарда қо­ғам­­дық бақылау үлгілері, оның нәтижелері және қатысу­шы­лардың құқықтары мен мін­деттері айқындалған.

Заң жобалары жөнінде Әлеу­меттік-мәдени даму және ғы­лым комитетінің мүшесі Руслан Рүстемов баяндама жасады. Де­путаттың айтуынша, заңда қоғам­дық бақылау ұғымы, мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады.

«Қоғамдық бақылауды іске асыратын қоғамдық бақылау субъек­тілері және қоғамдық бақы­лау объектілері айқындалады және олардың құқықтары мен мін­­дет­тері нақтыланады. Мы­салы, қоғамдық бақылау субъек­ті­ле­рі қоғамдық бақылау топта­рын құруға, сарапшыларды тар­туға, сондай-ақ ақпарат сұ­ра­ту­­ға, қоғамдық бақылау объек­ті­лерінің әрекеттеріне немесе әре­кет­­сіздігіне шағымдануға құ­қылы. Қоғамдық бақылау объек­ті­лері қоғамдық бақылау ны­сан­дары­ның ұсынымдарын қарау­ға және оларды интернет-ре­сурс­­­тарда орналастыруға, мүд­де­лер қақтығысын болдырмауға, қауіп­­сіздік шараларын сақтауға, субъек­­тілерге қолжетімділікті қамта­­масыз етуге міндетті», деді Р.Рүстемов.

Сондай-ақ қоғамдық бақы­лаудың негізгі формалары ретін­де қоғамдық мониторинг, қо­ғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылған. Заң жобасында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады.

«Қоғамдық бақылау нәти­же­лерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», деді Р.Рүстемов.

Сондай-ақ  депутат қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттей­тін ілеспе заң жобасындағы жаңа­шылдықты таныстырды. Құжатта қоғамдық бақылауға қатысты салалық заңнамаларға өзгертулер енгізумен қатар, петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер қамтылған.

«Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі. Екіншіден, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс­те петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі. Үшін­­шіден, петицияны Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының азаматтары а­рнайы интернет портал арқы­лы бере алады. Төртіншіден, өкі­летті орган петиция жария бо­лғанша оның заңда бекі­тіл­ген шарт­тарға сәйкестігін анық­тай­ды. Бесіншіден, петицияны мін­­детті түрде қарау үшін оны қол­­дай­тын дауыстардың шекті мәндері анықталады», деді депутат.

Мәселен, халқы 50 мыңнан асатын әкімдік құзыретіне кіретін аудандық деңгейдегі мәселелерге қатысты петиция халықтан 2500 дауыс жинауға тиіс. Қалған жағ­дайда тұрғындардың 5 пайызы оны қолдауы керек. Ал мәс­лихат құзыретіне жататын түйткілдер бойынша тиісінше 5000 да­уыс не 10 пайыздық межеден асуы қажет. Облыстық деңгейде әкімдіктерге тиесілі міндеттер 1 пайыз, мәслихаттар бойынша 2 пайыз қолдау жинауға тиіс. Ал республикалық деңгейдегі мәселелерге қатысты петицияға кемінде 50 мың қол қоюы керек.

«Алтыншыдан, петицияны жан-жақты қарау мақсатында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган ш­е­шімінің жобасын жария тал­қы­лауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар пе­тициялардың қоғамдық мәрте­бесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Жетіншіден, петиция бойынша шешімді мем­лекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды», деді Р.Рүстемов.

Сенат төрағасы мақұлданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін атап өтті. Заң нормаларына сәй­кес ел өміріне қоғамдық қаты­­­су­дың қосымша тетігі ретін­де пе­тиция институты енгізіл­ді. Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев петициялардың заңды­лығы азаматтарға өздерінің қажет­ті­л­іктері мен бастамаларын уәкі­лет­ті органдарға жеткізуге мүм­кіндік беретінін тілге тиек етті.

«Бұл заңдар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қам­тамасыз етуді көздейді. Аза­маттардың мемлекеттік про­цестер­ге қатысты пікір білдірудің қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізіліп отыр. Мұндай нормалар маңызды ше­шім­дер қабылдар кезде азамат­тардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік береді. Мақұлданған заңдар алдағы уақытта қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында се­натор­лар депутаттық сауал­дарын да жолдады. Әсем Рах­метова Солтүстік Қазақ­стан облы­сындағы ауыз су сапасы мен инфрақұрылым мәсе­лесіне алаңдаушылық білдірді. Де­путаттың айтуынша, су құбыр­ларын жөндеу жұмыстары жағ­дайды жақсартуы керек еді, бірақ ондағы құрылыс жұмыстары бірнеше жылдан бері созылып келеді. Мысалы, Преснов топтық су құбырын қайта жаңғырту 2014 жылы басталды, ал енді келесі жылы жұмысты жалғастыру үшін бюджеттен ақша мүлде қарас­ты­рылмаған. Оған қосымша 1 млрд теңге қажет. Солтүстік Қазақ­стан облысының Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша да осындай мәселелер бар.

«Бұл жобалардың бірнеше рет жобалық-сметалық құжат­тарының мерзімі өтіп кеткен. Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті, «Қазсушар» РМК, «Нұра топтық су құбыры» РМК жобаларды уақтылы қайта қарау, түзету, оларды сарап­тамаға жіберу және одан әрі іске асыру жөнінде уақытылы шаралар қолданбаған. Жауапсыз мердігерлер, бірнеше жылдарға созылған сот процестері аса маңызды жобалардың жүзеге асырылуын созып жіберген», деді Әсем Рахметова.

Депутат осы проблемаларды шешу үшін Солтүстік Қазақстан облысының Преснов, Соколов, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру бойынша Үкімет басшысынан шұғыл шаралар қабылдау мәселесін қарауды ұсынды.

Мұрат Қадырбек Үкіметті Түркістан облысы мен Түркі­с­тан қаласындағы суармалы жер­лерді сумен қамтамасыз ету­ге байланысты жобаларды қар­жы­ландыруды қайта қолға алуға шақырды. Сенатор өңірдегі өзекті мәселенің тағы бір шешімі ретінде су қоймаларын салуды ұсынды.

«Жыл бойы егісін егіп, шы­ғынын шығарған шаруалар, шілде-тамыз айларында егістерін суаруға су жеткізе алмай қыруар шығынға батуда және бұл жыл сайын қайталанатын жайт. Ең маңыздысы осы проблемаларды шешу үшін жасалған жобалар да бар, қаржылар да бөлінген.  Өкінішке қарай, қаржыландыру тоқтап, жобалар өз мақсатына жетпеген», деді сенатор. Мәсе­лен, «Боралдай» су қоймасы жоба­сын қаржыландыру мен Оты­рар ауданындағы Шәуілдір бас­сейні­нің ішкі коллекторлық-дре­на­ждық желілерін қайта жа­ңарту жұмыстары тоқтап қал­ды. Депутат осыған байланыс­ты Премьер-министрден осы мәселелерді шешуге жәрдем­десуді сұрады.

Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Ақши және Көк­тұма ауылдарында туризмнің қарқынды дамуына байланыс­ты туындап отырған электр энергия­сы тапшылығына назар аударды. Осыған байланысты депутат жоғары вольтты электр беру желілері мен қосалқы стансалар салу қажеттігін атап өтті.

«2023 жылдың жазғы демалыс маусымында Алакөл көлі­нің жағалауында 20 мәрте электр энергиясы өшті. Со­ның салдарынан демалыс орын­дары­ның әр түрлі 150-ден ас­там тұрмыстық техникасы іс­тен шықты. Сонымен қоса, көл жағалауында орналасқан Көк­тұма ауылында электр энергия­сы кернеуінің төмендігіне бай­ланысты, бір туристік нысан өртеніп кетті. Жазғы дема­лыс маусымы басталғалы бері көл жағалауының электр энер­гиясының мәселесі жөнінде азаматтардан жергілікті атқару­шы органдарға 100-ден астам арыз-шағым тіркелді», деді А.Толамисов.

Бекболат Орынбеков Жам­был облысында жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жолындағы кедергілерге тоқталды. Депутат Меркі ауданындағы ауылдарды электрмен жабдықтау, сондай-ақ «Жауғаш Батыр» және «Қаратау» шекара заставаларындағы мәсе­лелерге ерекше назар ауда­р­ды. Ауыл тұрғындары Қыр­ғыз­станнан электр қуатын пай­да­лануға және бұл үшін жоғары тариф бойынша төлеуге мәжбүр болып отыр.

«Жауғаш батыр ауылының тұрғындары көршілес Қырғыз Республикасынан 1 кВт/сағ үшін орташа есеппен 90-100 теңге бағамен электр энергиясы­мен қамтамасыз етілген. Облыс халқы үшін кепілді жеткізуші «Жамбыл жарық сауда-2030» тарифі бағасы 1 кВт сағ үшін 16 теңге алады. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Жоба іске асқан жағдайда Қырғыз Республикасынан электр энергиясына тәуелділікті жоюмен қатар, стратегиялық маңыз­ға ие «Жауғаш батыр» және «Қаратау» шекара бекеттерін электрмен жабдықтау мәселесі оң шешімін табатын болады», деді Б.Орынбеков.

Сенатор Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында медицина қызметкерлерінің проблемалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, елордадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қыз­меткерлерінің 40 пайызында тұрғын үйі жоқ.

«Халықты қолжетімді тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге бағы­тталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар бойынша әскери қызмет­шілер және басқа әлеуметтік жағынан әлсіз топтар өкілдері баспана ала алады. Бірақ медицина қызметкерлеріне арнал­ған же­ңіл­детілген несиемен үй алуға мүмкіндік беретін бірде-бір қол­жетімді бағдарлама жоқ. Ме­дицина қызметкерлері деген санатқа кіретіндерге бөлек тұрғын үй бағдарламасын немесе жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын», деді сенатор.

Депутат медицина қызмет­керлері үшін демалыс күндерін ұлғайту мәселесіне де Үкіметтің назарын аударды. Емхана­ның медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы еңбек демалысы күндерінің жалпы саны еңбек жағдайына байланысты күнтізбе бойынша 36-дан 42 күнге дейін болады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, педагогтерге жыл сайын ұзақтығы 56 күн­тіз­белік күнге ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі. Осының негізінде медицина қызметкерлері үшін еңбек жағдайларына байланысты кемінде күнтізбелік 40 күн және одан да көп күндерді құрайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы күндерінің санын көбейту мәселесін қарауды сұрайды», деді Бибігүл Жексенбай.