Елордада көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойын атап өту іс-шаралары жалғасып жатыр. Еске салсақ, қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеден басталған іс-шаралар легі дөңгелек үстел басындағы рухани жиынға ұласқан еді.
Күні кеше ғана мерейтой аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде «Жасын ғұмыр жазушы» атты әдеби кеш өтті.
Алқалы жиынға жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы, Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының қызметкерлері, № 55, 69, 72, 73 мектептердің оқушылары мен ұстаздары қатысты.
Әдеби кеш жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнен үзінді көрсетуден басталды. Үзіндіде Жүрсін Ерман, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, Әшірбек Сығай сынды ақын-жазушылар, қоғам және өнер қайраткерлері Оралхан Бөкей туралы ой-пікірлерімен бөліседі.
Әдеби кешке арнайы шақырылған қонақ, жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы: «Үлкен тұлғалар қайдан шығады? Бала кезінен қалыптасады. Ал баланы тәрбиелейтін кім? Бірінші – ата-ана, екінші – ұстаз. Сол себепті жиналып отырған ұстаздарға, осындай іс-шара ұйымдастырып отырған Ұлттық музей ұжымына алғыс білдіремін», деді. Ғалия Бөкейқызы қаламгер бауырының өзінің туған жеріне деген махаббаты, сабақ уақытында әдеби кітаптарды оқып отыратын әдеті, оның сүйікті авторлары, кішкентай кезіндегі жазушы боламын деген арманы, ерекше есте сақтау қабілеті мен ағасы екеуінің арасындағы қарым-қатынасы туралы айтып берді.
Келесі кезекте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топжарған» клубының мүшелері өздері жазған өлең, терме, монологтерін оқып, ортаға өнерлерін салды.
Астана қаласы №72 және №73 мектеп-лицейлері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жазушының шығармалары туралы ойларымен бөлісіп, өскелең ұрпақты әдеби шығармаларды жиі оқуға шақырды.
Іс-шара барысында музейдегі «Кескіндеме және графика» үйірме сабағына қатысушы оқушылар Оралхан Бөкей еңбектерінің сюжетіне негіз- делген суреттер салды.
Келген қонақтарға алғыс- хаттар табысталды.