• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Күрес 24 Қыркүйек, 2023

Жігіттерімізге жігер жетіспеді

242 рет
көрсетілді

Еркін күрес шеберлері Сербияда өткен әлем чемпионатын қорытын­дылағаннан кейін бозкілемге бұрым­дылар шықты. Өкінішке қарай, 10 жерлесіміздің сегізі алғашқы айналымдардан аса алмады. Олардың қалай жеңілгенін біз бұған дейін де егжей-тегжейлі баяндағанбыз. Соңғы үмітіміз – Жәмила Бақбергенова мен Елена Шалыгина еді. Талай дүбірл­і дүрмекте ысылған сол сақа спорт­шыларға үлкен үміт арттық.

Еншімізде – жалқы жүлде

Кезінде Елена Шалыгинаның ел спортына елеулі еңбек сіңіргені баршаға мәлім. Ол бір рет Олимпиадада және үш мәрте әлем чемпионатында жүлделі орындарды иеленді. Азия ойындарында алтыннан алқа тағып, екі дүркін құрлық чемпионы атанды. Бірақ Еленаның осы табыстарға ертеректе қол жеткізгенін естен шығармаған абзал. Ол Бейжің Олимпиадасының қола медалін мойнында жарқыратқанда жалындап тұрған 22 жаста еді. Содан бері бақандай 15 жыл өтті. Соңғы рет 2010 жылы Мәскеуде әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілді. Содан бері 13 жыл да зымырап өте шықты. Уақыт озған сайын өзінен әлдеқайда жас, жылдам әрі епті балуандармен алысып-жұлысу Шалыгинаға қиынға соғуда. Белградтағы бәсекеде соған анық көз жеткіздік. Шыны керек, үш айдан кейін 37 жасқа толғалы отырған ардагер спортшыны әлемдік додаға қатыстырудың қандай қажеттігі болғанын еш түсіне алмадық.

Аталған жарыстың екінші кезеңінде 68 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Елена Делгермаа Энхсайғаннан ойсырай ұтылды. Моңғолияның өкілі финалға шығып, жерлесіміз жұбаныш бәсекесінде бақ сынады. Бірақ бұл межеде жолы болмады. Франциялық Камбо Ларокқа жарытып қарсылық көрсете алмаған ол жарыстан шығып қалды. Ұлттық құрама бапкерлері енді Еленаны Ханчжоудағы Азия ойындарында күрестіреміз деп отыр. Бірақ шау тартып қалған Шалыгина сары құрлықтың басты додасында оза шабады дегенге сену қиын. Оның орнына талапты жастардың бірін апарған әлдеқайда тиімді еді.

72 кило салмақтағы Жәмила Бақбергенова бастапқы екі бәсекеде қарсыластарын еш қиналмай еңсергенде бір желпініп қалдық. Барша жұрт Алаштың аяулы қызын қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының финалында көруді армандады. Оның 2021 жылы Норвегия және 2022 жылы Сербияда жеңіс тұғырының ең биік сатысына бір қадам жетпей сүрініп, күміспен күптелгені есімізде. Бірақ Жәмилаға Белградта алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. Жартылай финалда Бақбергенованы моңғолиялық Даваанасан Энх Амар тоқтатты. Есесіне үшінші орын үшін тартыста жерлесіміз сауатты тактика құрды. Польшалық Наталья Стржалкамен белдесуде Жәмила тірнектеп жүріп төрт ұпай жинады да, қола медальге қол созды. Бұл – Қазақстанның әйелдер құрамасының қоржынындағы жалғыз жүлде.

Жалпы есепте Жапония құрамасы жеке-дара көш бастады. Олар 8 (6 алтын+1 күміс+ 1 қола) жүлде алды. Екінші және үшінші орындарды АҚШ (1+2+4) пен Қырғызстанның (1+1+0) қыздары иеленді. Төртінші және бесінші сатыға Қытай (1+0+2) мен Түркия (1+0+1) жайғасты. Міне, Сербияның астанасында осы елдердің ғана әнұраны шырқалды.

 

Жүлде де, жолдама да жоқ

Белградтағы әлем чемпионатын грек-рим күресі шеберлері қорытындылады. Жұма күні төрт салмақ дәрежесінің түрлі-түсті медальдері сарапқа салынды. Соның үшеуінде жерлестеріміз өнер көрсетті. Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі еліміздің ең белді балуаны Әлімхан Сыздықов жарақатына байланысты жарыс жолына шықпады. Ал Әлімханды алмастыратын бірде-бір апайтөс кең байтақ Қазақ елінен табылмады. Өкінішті-ақ! Бұл жағдай ел спортының тізгінін ұстаған азаматтарға үлкен ой салуға тиіс.

Өзге жігіттер жайында айтар болсақ, 80 кило салмақтағы Диас Қален тұсаукесер кездесуінде ресейлік Ауэс Ганибовқа жол берді. 50 кило салмақтағы Марлан Мұқашев ширек финалда жеңіліс тапты. Әзербайжанның мақтанышы, әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы Елдениз Әзизлиге оның әлі жетпеді. Бастапқы бәсекелерде хорватиялық Антонио Каменясевич пен түрікменстандық Пруд Оразовтың тас-талқанын шығарған 77 кило салмақтағы Демеу Жадыраев одан кейін былтырғы әлем чемпионатының финалисі мажарстандық Золтан Левайды жеңіп, қазақ жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Бірақ ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы әзербайжандық Санан Сулейманов оны сан соқтырды.

Жұбаныш белдесуінде Марлан Мұқашев жапониялық Тайга Онишиден айласын асырса, Демеу Жадыраев молдовалық Александр Гутуды жеңді. Сөйтіп, қос қандасымыз қола медаль үшін таласты. Марлан Әлем кубогінің иегері, Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем біріншілігінің (U-23) жеңімпазы ирандық Пойя Дадмарзбен шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде Парсы елінің пехлеваны қандасымызға еш мүмкіндік бермеді Ал Жадыраев 2021 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа бірншілігінің екі дүркін жеңімпазы армениялық Малхас Амоянмен айқасты. Біразға дейін таразы басы теңселіп тұрған бәсекенің екінші кезеңінде қандасымыз қапияда қарсыласының төрт ұпайлық әдісіне түсіп қалды. Нәтижесінде, Демеу де бесінші орынды қанағат тұтты.

Демеу Жадыраев пен өзбекстандық Арам Варданян 77 кило салмақ дәрежесінің бесінші Олимпиада жолдамасын өзара сарапқа салды. Екеуі де әлем чемпионатында бір мәрте және Азия біріншілігінде екі реттен жеңіс тұғырына көтерілген. Атақ-даңқы бірдей және деңгейлері де шамалас. Алғашқы болып төрттағанға Жадыраев түсті. Варданян бес ұпай еншіледі. Екінші кезеңде төреші өзбекстандықты партерге қойды. Қазақтың өрені төрт ұпаймен шектелді. Сөйтіп, қасиетті жұмада еліміздің грек-рим күресі шеберлері не жүлдеге, не жолдамаға иелік ете алмады.

Дәл сол күні қазақтың үш балуаны іріктеу сайыстарын өткізді. Олжас Сырлыбай (97 кило) алғашқы айналымда италиялық Николоз Кахелашвилиден жеңілсе, Олжас Сұлтан (60 кило) екінші кезеңде оңтүстіккореялық Сынхак Кимге жол берді. Ал Ибрагим Магомадов (72 кило) ширек финалда Ибрагим Ганеге есе жіберді. Көп кешікпей Гане түркиялық Селжюк Канды қапы қалдырып, финалға шықты. Соның арқасында отандасымыз қола медаль үшін таласу құқығын сақтап қалды. Бірақ жерлесіміз өз жанкүйерлерін қуантуға жарамады. Бастапқыда болгариялық Стоян Кубатовты 5:0 есебімен жеңіп жатқан Ибрагим сол басымдығын бәсекенің соңына дейін сақтап қала алмады.

Сенбі күні тағы үш салмақ дәрежесінде өткен бәсекелерді тапжылмай тамашаладық. Боз кілемге бірінші болып 67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев шықты. Ол Ресей чемпионы Аслан Висаитовтың аяғын көктен келтірді. Алайда келесі кезеңде Алмат франциялық Мамадасса Силладан жеңілді. 63 кило салмақта Мамырбек Мұхамедәли ресейлік Астемир Бижоевтың алдында дәрменсіздік танытты. 87 кило салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов италиялық Мирко Мингуцци мен оңтүстіккореялық Санхен Парктан айласын асырды. Ширек финалда Семейдің саңлағы ирандық Нәсер Әлизаденің сілікпесін шығарды. Жартылай финалда ол Түркияның тарланы Әли Шыңғыспен шеберлік байқасты. Бұл айқас Анадолы елі өкілінің пайдасына шешілді. Десек те Тұрсынов қола медаль және Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Қазақ жанкүйерлері енді оның жолына үлкен үмітпен қарап отыр.