Астанада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы дәстүрлі «Urker-2023» байқауының жеңімпаздары анықталды. Astana Media Week апталығы аясында өткен жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, іс-шараны ашып берді.
«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда масс-медианың маңызын ерекше атап өтті. БАҚ саласы үнемі Президенттің назарында, ерекше бақылауында. Биыл ақпарат саласында бірқатар құжат қабылданған жыл болды. Ең бастысы, мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізін айқындайтын құжат – Доктрина қабылданды. Қоғам үшін оның ішінде өскелең ұрпақты ақпарат қауіпсіздігі тұрғысынан қорғауға бағытталған заңды бекіттік», деді А.Балаева.
Сала басшысы БАҚ саласында қабылданып жатқан жаңашылдықтар ел игілігіне қызмет ететінін жеткізді. Сондай-ақ Astana Media Week іс-шарасы аясында медиа саласы мәселелері жан-жақты талқыланғанын атап өтті.
«Astana Media Week-ке отандық және шетелдік үздік сарапшылар қатысты. Айтулы іс-шараның қорытындысы ретінде «Urker» сыйлығы өтіп жатыр. Әр жыл сайын «Urker»-дің өз жаңалығы болады. Биыл байқауға 3 жаңа аталым қосылды. Біз жаңа әрі креативті медианың дамуына әрқашан қолдау көрсетеміз», деді А.Балаева.
Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, биыл конкурсқа қатысуға рекордтық көлемде – 450 өтінім түскен. Осы уақытқа дейін жалпы 74 БАҚ өкілі байқау жеңімпазы атанған.
«Таңдау оңай болған жоқ. Дегенмен қазылар алқасы өз шешімімен үздіктердің үздігін анықтағанына сенімдіміз. Олардың әрқайсысына қажырлы еңбегі үшін бөлек алғыс айтамын», деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Айта кетерлігі, биыл байқау 12 аталым бойынша өтті, соның ішінде 3 жаңадан қосылған аталым бар. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына кіретін «Ана тілі» газеті жүлдегерлер қатарынан табылды. Аталған марапатты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин басылымның бас редакторы Ерлан Жүніске табыстады. Осылайша, биылғы «Үркердің» арнайы сыйлығы – қазақ баспасөзінің ең қадірлі басылымы «Қазақ» газеті атындағы жүлде «Ана тілі» газетіне бұйырды.
«Биыл қазақ баспасөзі бастау алған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толып отыр. Осы жылдан бастап тарихи газет жарыққа шыққан 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні деп бекітілді. Бар-жоғы 5 жыл оқырманға жол тартса да, «Қазақ» газеті мемлекетіміздің тарихында өшпес із қалдырып, ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында қайта жаңғырып жатыр. Оның айқын дәлелі – «Үркер» ұлттық сыйлығы аясында «Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойына орай арнайы жүлде тағайындалғаны. Бұл – кезінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының қолтаңбасы қалған басылымға құрметтің бір белгісі. Алқалы комиссия «Қазақ» газеті атындағы арнайы сыйлыққа маңдайында Ақаңның суреті мен ұрпаққа айтқан өсиеті жазылған «Ана тілі» газетін лайықты деп тауыпты. Сыйлық құтты болсын, әріптестер!», деді Е.Қарин.
Сонымен «Жылдың үздік сұхбаты» аталымы «Time.kz» сайтының журналисі Ләйла Тастановаға бұйырды. Рабиға Дүсенғұлова («Tengrinews.kz») «Жылдың үздік репортажы» аталымында жеңіске жетті. Амангүл Тілейқызы («El.kz») әлеуметтік тақырыптағы үздік материал үшін марапатталды.
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы арнайы аталым – «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» Анна Величкоға («Golos-naroda.kz») бұйырды. Меруерт Сарсенова («Kapital.kz») «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымында оза шапты.
Жылдың үздік жаңалықтар порталы ретінде «Nege.kz» сайты танылса, «Orda FM»-ның «Zhas STAR» бағдарламасы радиостансадағы үздік жоба атанды. Валерий Бугаев түсірген сурет жылдың үздігі болып танылды.
Үздік өңірлік БАҚ – «Сыр бойы» газеті (Қызылорда облысы), Үздік халықаралық БАҚ (баспа радио интернет-журналистика саласындағы) – «Қазақ елі» журналы (Түркия) атанды. Әйнел Әмірхан жүргізетін «OY-DETOX» жобасы – үздік подкаст, Абай Сейфоллаұлының «Abay Live» жобасы – үздік You Tube каналы аталымында жеңіске жетті.
Бұдан бөлек, іс-шара аясында үздік баспасөз қызметі мен ақпараттық сала қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандық журналистер арасында жүргізген сауалдаманың қорытындысы бойынша жылдың үздік баспасөз қызметі дипломы мен мүсіні Сыртқы істер министрлігіне тапсырылды. Бұл марапатты Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және қоғаммен байланыс саласындағы нәтижелі жұмысы, сондай-ақ стратегиялық коммуникацияны кәсіби тұрғыда жүзеге асырғаны үшін табыс етті.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі аталған аталымды осымен төртінші рет жеңіп отыр. Бұған дейін баспасөз қызметі 2017, 2018, 2022 және 2023 жылдары марапатталған еді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне еліміздің сыртқы саяси ведомствосының қызметіне тұрақты қолдау көрсеткені және шынайы қызығушылық танытқаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз», дейді СІМ баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ биыл Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан, Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин, Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Майгүл Айнабекова және Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Ауданбаева «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегерлері атанды.
Апталықтың соңғы күні үздік медиа менеджерлер мен PR-мамандар баспасөз хатшыларына арнап саладағы кадрлық әлеуетті арттыруға және дамытуға бағытталған бірқатар семинар өттi. Медиа сарапшы, «Voice Power» агенттігінің тренері Әлия Текенова шындық пен өтірікті ажыратуды үйретіп, «Факт-чекинг саясаткерлер мен мансапшылар үшін қорғаныс ретінде» тақырыбын түсіндірді.
Келесі тренингті «Мықты спикерлер ортасындағы тең диалогті» журналист және медиа менеджер, PR-кеңесші, «Voice Power» агенттігінің тренері Руслан Ыдырысов өткізді. Ал «iMAS Group» бас директоры Данияр Бибасар PR және баспасөз қызметтеріне арналған ақпарат мониторингі жүйесінің заманауи құралдары туралы айтып берді. «Жасанды интеллектің болашағы, жеке брендинг және қоғамдық қатынастардағы дағдарыс менеджменті» жөнінде коммуникациялар және жеке брендинг бойынша коуч, стратегиялық PR бойынша кеңесші Ақерке Берлібай тренинг жасады.