• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 24 Қыркүйек, 2023

«Еңбек жолы» мәресіне жетті

242 рет
көрсетілді

Елордада еңбек күніне арналған форум өтіп, «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Аталған форумда тақырыптық сессия­лар ұйымдастырылды. Мәселен, «Менің жетістігім – менің нәтижем» сессиясында «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегер­лері Ұзақбай Қарабалин, Мұрат Қайыр­гелдин, Мұхтар Төлеутаев сынды тұлғалар студенттермен, еңбекшіл жастармен сұрақ-жауап форматында кездесу өткізіп, өздерінің кәсіби жетістіктерін баяндады. Ал «Еңбек нарығы. Болашақ мамандықтар» сессиясында жаһандық трендтер, қазіргі сын-қатерлер, экономика мен еңбек нарығындағы болып жатқан өзгерістер талқыланды.

Еңбек форумы «Еңбек жолы» республика­лық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерінің мәртебесін арт­тыру мақсатында жыл сайын өткізіліп ке­ле жатқан байқау жеңімпаздарын марапат­тау рәсіміне Премьер-министрдің орын­ба­сары Тамара Дүйсенова, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Свет­лана Жа­қыпова, Парламент депутаттары­мен қатар «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұ­­мыс бер­ушілердің республикалық бірлес­тік­­тері, ха­лықаралық ұйымдардың өкілдері, ең­бек ар­д­агерлері, байқау жеңімпаздары қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еңбек адамдарын құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды. «Біз бұл жиынға байқау жеңімпаздарын құттықтау үшін ғана емес, құрылысшы мен энергетикке, диқаншы мен малшыға, ұшқыш пен темір­жолшыға, аспаз бен бағбанға, мұға­лім мен дәрігерге, тыныштығымыз бен қауіп­сіздігімізді  қамтамасыз ететін азаматтарға, еліміздегі 9 миллион еңбек адамына алғыс айту және құрмет білдіру үшін жиналамыз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ел эко­номикасы биыл 8 айда 4,9%-ға және өн­діріс көлемі 3,1%-ға өсті. Атап айтсақ, 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ді. 110 мектеп, мүгедектерге арналған 6 оңал­ту орталығы, 220 спорт ғимараты,  6,4 мың ша­қырым автожол салынып және қай­та жаңар­тыл­ды», деді Тамара Дүйсенова. Соны­мен қа­тар ол еңбек нарығында бәсекеге қабі­летті жас­тар­ды даярлау үшін жағдай жасауға, еңбек ре­сурс­тарын сақтауға, қауіпсіз еңбек ортасын құруға бағытталған жұмыстар туралы да айтты.

Жиында Тамара Дүйсенова Ақмола облысы «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мекемесінің агрохимигі (68 жаста) Базарбай Қарағаевты, «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ отбасылық медицина кафедрасының профессоры (67 жаста) Гүлжан Мершенованы,  Астана қаласы «Электр энергиясы және қуат нарығының отандық операторы» АҚ аналитика және жобаларды басқару департаментінің директоры (58 жаста) Абай Шаңғытбаевты, Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесінің бөлме-тазалықшысы (60 жаста) Лидия Роотты «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.

Ал «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын екі кезеңде, яғни өңірлік және республикалық дең­гейлерде үш аталым бойынша өткізі­леді: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, жетістіктері ең көп әулет; «Жұмыс істей­тін жас­тардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі ке­мін­де 20 жыл, өте тиімді жұмыс істей­тін тәлім­гер; «Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады. Осы бойынша биыл жергілікті атқарушы органдар байқауға қатысу үшін 591 өтінім қабылдаған.

Сонымен «Еңбек жолы-2023» байқауы­ның жеңімпаздары: «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша 1-орын – астаналық Амангелді әулеті – «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Көпфункционалды даму орталығы», 2-орын – Шығыс Қазақстан облысынан Аушинов әулеті – «Казцинк» ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешені, 3-орын – Павлодар облысынан Сейітжан әулеті – «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ болды.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлім­гері» аталымы бойынша 1-орын – «Қара­ғанды медицина университеті» КеАҚ кли­н­и­касының бас хирургі, медицина ғылы­мы­ның докторы, профессор Нұрқаси Абатов (61 жас­та), 2-орын – Ақмола облысы «RG GOLD» ЖШС сілтісіздендіру учаскесінің шебері Құндызбек Нұқышев (59 жаста), 3-орын – Маңғыстау облысы «ҚазАзот» ЖШС Сынақ орталығының басшысы Людмила Муровцева (58 жаста)  жеңімпаз атанды.

«Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша 1-орын – Абай облысы «Восток Бройлер» ЖШС бас ветеринар дәрігері (26 жаста) Әйгерім Ағатанова, 2-орын – Қостанай облысы Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері штабының өрт сөндірушісі (21 жаста) Анатолий Исмагулов, 3-орын – Солтүстік Қазақстан облысы «Пет­ро­павл ауыр машина жасау зауыты» АҚ құ­рас­тыру-механикалық цехының шебері (26 жаста) Әлібек Уатаев марапатталды.

Әр аталым бойынша байқау жеңім­паздарына ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді. 1-орынға 1 млн теңгенің сертифика­ты мен ноутбук, 2-орын иегерлеріне – 700 мың теңге және iPhone, 3-орын жеңімпаздарына – 500 мың теңге және iPad табысталды. Еңбек ардагерлеріне медальдармен қоса 500 мың теңгенің сертификаттары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.