Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысы басталды. Іс-шараны «Amanat» партиясының «Жастар рухы» қанаты ұйымдастырды.
Халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысына Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, жастарды құттықтады. Құттықтау сөзінде Ерлан Қошанов ШЫҰ-ға мүше және байқаушы мемлекеттердің алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы жастардың рөліне тоқталды.
«Қазіргі заманда барлық елдің тең құқықтық негіздегі өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ШЫҰ мен оның кеңістігінің одан әрі даму бағдарын айқындайды. Бұл жұмысқа ШЫҰ-ға кіретін барлық ел жастарының белсенді араласуы маңызды», деді ол.
Саяси лагерьге еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысты.
Биылғы шілде айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударған еді. Осы мақсатты жүзеге асырудың бір тетігі ретінде халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысын айтуға болады.
«Ең алдымен, Президент белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды», деді өз сөзінде «Жастар рухы» ұйымы төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірова.
Ал Шымкенттен келген делегат Бақытжан Тұрысбек мұндай деңгейдегі іс-шараға алғаш рет қатысып отыр екен. «Жастар рухы» ұйымының барлық мүшесі еліміздің және ШЫҰ-ның ең белсенді жастарының басын қосқан бұл іс-шараны асыға күтті. Түрлі салада жүрген жастар жиналатын ортада өзара тәжірибе алмасып, аймақтағы және өзге елдерден келген жастармен достығымызды нығайта түсеміз. Бұдан бөлек, лагерьдің күн тәртібі аясында өтетін семинарларды да атап өткен жөн. Мәселен, есірткімен күрес тақырыбы аясында тренинг жоғары деңгейде өтті», дейді делегат Бақытжан Тұрысбек.
Жалпы, іс-шара барысында Қытай Халық Республикасындағы ШЫҰ Жастар кеңесінің Ұлттық бөлімінің мүшесі Ян Цзиньвэй, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Марат Тағаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің мүшесі Гузал Абдуллаева, ШЫҰ Жастар кеңесінің Үнді Ұлттық бөлімінің мүшесі, Халықаралық студенттер одағының президенті Шоукат Хашим, ШЫҰ Жастар кеңесінің Ресей Ұлттық бөлімінің басшысы Алексей Карпенко, Тәжікстан Республикасы Жастар одағы аппаратының басшысы Фаридун Хусензода, Беларусь Республикалық Жастар одағы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Александр Лукьянов сөз сөйледі.